Дін исламға қарсы кейбір азаматтар әлі күнге дейін «қайтсек исламды қаралаймыз», «қалай Құранды жоққа шығарамыз» немесе «қайтсек Мұхаммедті (с.ғ.с.) масқаралаймыз» деген сияқты мәселелермен бастарын қатырып жүр. 

Исламға қарсы бұл күрес сонау Құранның жерге түсуімен басталып, әлі жалғасып келеді. Бар болғаны, олардың заманға сай әдістері мен тәсілдері ғана өзгеріп отырады. Мысалы, ғаламтор дамыған мына заманда кейбір желі пайдаланушылар өздері сияқты пікірлес азаматтардың басын қосып, топтар құрып, исламға мүлдем қатысы жоқ түрлі негативті  ақпараттарды салып, тарқатумен әлек. Олар ол нәрсенің исламға қаншалықты қатысы бар-жоқтығын ажыратпайды немесе исламның бұған қатысты ұстанымын айқындамайды. Бастысы сюжет кейіпкерлерінің сыртқы көрінісінде мұсылманшылыққа ұқсас нышандар (сақал, қысқа дамбал, тақия, шапан т.б.) немесе тілдері араб, парсы, һинди болса жетіп жатыр. Ол сюжет белгілі бір халықтың немесе этностың исламға қатысы жоқ жай дәстүрі немесе бір ұлттың исламнан бұрын ұстанған наным-сенімдерінің бір көрінісі шығар.

Сол сияқты мұсылман елдеріндегі қайдағы бір ұры-қарылардың, көшедегі алаяқ пен бұзықтардың немесе адасқандардың әрекеттеріне қатысты бейнебаяндарды ерінбей арнайы желіге салып, ислам осындай деп айтқылары келеді. Ондай адасқандар, алаяқ пен бұзақылар кез келген қоғамда бар тіпті, біздің елде де жоқ емес, бірақ, біз оларды шынайы дін өкілі деп танымаймыз. Сол секілді әлгі кейіпкерлердің де дінге қатысы жоқ, ал қауға сақалы немесе киімі жәй ғана ұлттық киімі болуы ықтимал.

Әрине, дін дұшпандары үшін бастысы, сюжеттің немесе ақпараттың негативті болуы оның дінге қаншалықты қатысты немесе қатысты емес екені маңызды емес. Себебі олардың мақсаты – исламофобия туғызу. Бұл мәселеге екінші қырынан қарайтын болсақ, дін дұшпандары дінді қаралаймыз деген оймен, керісінше дінді жарнамалап жатыр. Себебі бір нәрсені неғұрлым көптеу айтсаңыз, ол нәрсе соғұрлым көптеу танылады.

Жалпы алғанда қазақ халқы – мұсылман. Сондықтан да елімізде дін исламды қорғайтындар да, жақтайтындар да жетіп асады. Жаратушы Алла: «Расында Құранды Біз түсірдік. Әрі шын мәнінде, оны Біз қорғаушымыз», – деп Құранды Өз қамқорлығына алғаны жайында хабар берген (Хижр: 9). Мұның қаншалықты рас екеніне сіз бен біз куәміз. Діннің қанша дұшпаны келіп-кетпеді дерсің. Егер дін исламды қаралаумен, қарсы күресумен жеңуге болатын болса, онда оны Кеңес үкіметі заманында түбегейлі жеңер еді.

Кейбір дін дұшпандары исламды, Құранды қаралау мақсатында халық арасында төмендегідей сұрақтарды таратады:

«Пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің қош қөрмейтін және жаны қаламаған нәрселерін Құранда харам қылдырды». «Ол өзіне ұнамайтын пікірлерді Құран арқылы тыйым салған». «Мұхаммед (с.ғ.с.) адамның жаратылыс табиғаты (нәпсісі) жақсы көретін нәрселерін шариғат арқылы бұзықтық деп атады». «Мұхаммед (с.ғ.с.) нұсқауды орындамай бәз-баяғы қалпында қалғандарға Құранды қатаң ескертумен, қатты сөгіспен оқиды. Оларды ақыреттегі от азабымен қорқытады» және т.б.

Мұндай пікірлердің мүлдем қате екенін айта отырып, сөзімізге дәлел ретінде Құрандағы кейбір аяттарды келтіруді жөн көрдік. Құрандағы мәселелер мен үкімдер барлық адамдарға ортақ. Мұнда пайғамбарға арнайы, қарапайым мұсылманға басқа үкім деген нәрсе жоқ. Мысалы, Бір күні Алланың елшісі (с.ғ.с.) Зейнеп анамыздың үйінен бал шербетін ішеді. Мұны білген Айша мен Хафса аналарымыз қызғанады. Кейін екеуі келісіп, бұл жайында пайғамбарға (с.ғ.с.) айтады. Олардың көңілдеріне қараған пайғамбар (с.ғ.с.) өзіне балды харам етіп ант суын ішеді. Осы себепті Алла Тағала Құранда:

«Ей, пайғамбар! Жұбайларыңның ризалығын қалап, Алланың өзіңе халал еткен нәрсесін неге харам етесің? Алла тым жарылқаушы, ерекше мейірімді» (Тахрим: 1).

«Алланың жариялайтын нәрсесін көңіліңде жасыруда едің, адамдардан қорқасың. Негізінде, қорқуға Алла лайық» (Ахзап: 37).

«Алла сені ғапу етсін. Саған шын айтқандар анықталып, өтірікшілерді білмейінше оларға неге рұқсат бердің?» (Тәубе: 43) деп хабар береді.

Бұл аяттар бізге нені көрсетеді? Біріншіден, Алланың елшісі (с.ғ.с.) өзіне балды харам дегенімен, Алла оны адал қылды. Егер расында «Алланың елшісі (с.ғ.с.) өзінің ұнатпаған нәрселерін Құран арқылы харам етті» деген пікір рас болса, онда не үшін Құран оны халал қылды? Демек Құран –пайғамбардың сөзі емес, Алланың сөзі. Екіншіден, пайғамбардың (с.ғ.с.) әрекетін, сөздері мен амалдарын Алла Тағала нұсқап, түзетіп отырды.

«Пайғамбар (с.ғ.с.) өзі жақсы көрген нәрселерін Құран арқылы бұйырады» деген пікірдің қате екенін көрсететін келесі мысал: пайғамбар (с.ғ.с.) өзіне көп уақыт медеу болған ағасы Әбу Талиб үшін қатты жарылқау тілегісі келді. Себебі ол исламның алғашқы кездерінде пайғамбардың сөзін сөйлеп, Құрайыштықтардың қарсы әрекеттеріне тосқауыл қойып отырды. Алайда Әбу Талиб өлер шағында тілін иманға келтірмей мүшрік болып өледі. Осыған қатты қайғырған пайғамбар (с.ғ.с.) Әбду Талибке өлер шағында кәлима келтіруін (Алладан басқа құдай жоқ және Мұхаммед Оның елшісі – деп айтуын) өтінеді, Алладан жарылқау тілейді. Осы оқиғаға орай Алла Тағала «Тәубе» сүресінің 113-аятын түсіреді. Мұнда Алла Тағала пайғамбарға (с.ғ.с.) мүшриктер жақындарың болса да өздеріне тиесілі жазаларын тартады деген мағынада хабар береді. Егер пайғамбар (с.ғ.с.) дін дұшпандары айтқандай, «Пайғамбар (с.ғ.с.) өзі жақсы көрген нәрселерін Құран арқылы бұйырған» болса, онда жақсы көрген мүшрік Әбу Талиб ағасының азап тартатыны жайында айтпас еді.  

Сондай-ақ, келесі мысал, Алланың елшісі (с.ғ.с.) Бәдір шайқасында қолға түскен жетпіс тұтқынның келешек тағдыры жайында сахабалармен кеңескен болатын. Сонда Омар (Алла оған разы болсын) оларды өлтіруді, Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) керісінше, оларды ақыға босатып қоя беруді ұсынады. Пайғамбар (с.ғ.с.) Әбу Бәкірдің ұсынысын мақұл көреді де, олардан ақы алып, босатады. Кейін пайғамбардың (с.ғ.с.) бұл әрекетін сынаған «Әнфәл» сүресінің 67,68-аяттары түседі. Мұнда Алла Тағала бірінші кезекте дүние пайдасын емес, ақыретті ойлап шешім қабылдау қажеттігін айтады. Бұл мәселеде пайғамбар (с.ғ.с.) Құран кемел бола тұрып, қателескен жоқ. Яки, болмаса ұмытшақтық пен шектен шығушылыққа салынбаған. Керісінше пайғамбар (с.ғ.с.) осы тұтқындарға қатысты өз бетінше ижтиһад қылып, Алланың аятын күтпей «менің шешім қабылдауым қажет» деп ойлап, үкім шығарып сынға ұшырады.

Ойымызды қорытындылайтын болсақ, Құран – адамның (Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сөзі емес, Алланың сөзі. «Мұхаммед (с.ғ.с.) Құранда қаламайтын нәрселерін арам қылды», «Ол жақсы көретін нәрселерін орындауды әмір етті» деген сияқты т.б. қисынсыз пайымдарға жол жоқ. Бұл – жәй ғана дін дұшпандырының қарапайым мұсылмандардың көңіліне күмән ұялату әрекеті ғана. Олардың дінге қарсы күресі оңды нәтиже бермейді, әсіресе, тоқсан бестен астам пайызы өзін белгілі бір дінге жатқызатын поликонфессионалды және полиэтносты қоғамда діннің рөлі күннен кұнге артып келеді. Оның ішінде исламның орны мен маңызы айырықша екені анық.

Бүгінде елімізде мемлекеттік құзіретті органда тіркеуден өткен қандай да бір дінге қарсы үгіт-насихат жүргізу ҚР Конституциясына (Діни сенім бостандығы хұқығына) қарсы. Бұл үшін адам заң алдында арнайы «ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзуға әрекет жасағандығы үшін» және «экстремистік көзқарасты таратқандығы үшін» арнайы қылмыстық кодекспен жауапқа тартылады.

«Тіл өзімдікі» деп ойға келген нәрсені желіге жаза беруге болмайды. Ал енді желіде ислам дінін оның ішінде мұсылмандарды қаралауды мақсат тұтқан желі пайдаланушылары бар. Қазақстанның 70%-дан астам тұрғыны өзін мұсылман қатарына жатқызады. Осынша халықтың сенімі мен ұстанымын аяқ асты етіп, балағат сөздер жазу барып тұрған әдейі қастықпен жасалып отырған экстермистік әрекет дер едік. Мұндай материал салатын азаматтардың желідегі парақшалары мамандарға беріліп, арнайы сараптама жасалуы қажет. 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

дінтанушы

Пікір жазу