Кезінде жастарымыз дінімізді өз беттерінше үйренуге кірісіп кетті. Олар өскен ортадағы шариғи үкімдер сол ортаға тән болатын. Кейін елімізге келген шетелдік кейбір жастармен араласып, жаңа кітаптарды оқып әсерленді. Әрине сол шетелдік жастар дінімізді толық білетін ғалым емес, керісінше, өздері білім алуға келген әр түрлі саладағы студенттер еді. Олар елімізде достасқан жолдастарға Ханафи фиқһынан емес, өздері өскен ортада үйренген ілімдерін айтып беретін. Олардың өздерімен алып келген кітаптары біздің жастарымызға орасан жаңалық болатын. Әдетте ол кітаптар белгілі уақыт, белгілі орта мен белгілі мақсатты көздеп жазылған. Сол себепті ондай кітаптар басқа ортаға, басқа елдерге сай келе бермейді. Біздің жастар осы нәзік жайтты дұрыс түсіне алмайды, немесе түсінуге әрекет етпеді.
Оның үстіне аталмыш жағдайды түсінгендердің өзгелерге түсіндіру мүмкіндігі де жоқ еді. Исламды оқып үйренуге мүлдем тыйым салынған кез еді. Барлық нәрсе жасырын орындалатын. Осындай кезеңде кім не, қайдан, кімнен оқитынын білмей бастары қататын. Сол кезден бастап жаңа-жаңа пікірлер, әңгіме-сөздер шыға бастады. Өздігінен аталмыш жаңа әңгіме-сөздерге жауаптар да шыға бастады. Осылай ескі ғұламалардың пікірлері мен жастар арасында кейбір түсінбеушілік пен келіспеушіліктер пайда болды. «Қайтыс болған мұсылмандар үшін Құран хатым қылып сауабын бағыштаса болады ма, жоқ па? Біреу келсе, отырғандар орнынан тұрып күтіп алғандары дұрыс па әлде отыра бергендері дұрыс па?» – деген сияқты басталған қарама-қайшылықтың арты ақырындап талас-тартыстардың күшеюіне апарып соқты. Арада жанжалдар өтіп, бір-бірін түрлі жолдармен айыптаулар белең алды. Сен мутаасибсің (фанатиксің), сен пәленшесің! – деген айыптаулар пайда болды. Ұстаздары бас болған талас-тартыстарға шәкірттері де қосыла кірісті. Пәленше ақ кітап оқып молда болған, түгенше сары кітап оқып молда болған, деген әңгімелер тарқалды. Халқымыз арасында өте аз ғана білімі бар кісілер де үшке бөлінді. Бірінші топ ескі жолды ұстанған діндарлар еді. Екінші топ жас молдекелер деген атпен аталатын топ болса, үшінші топ ресми рұқсаты бар (Діни Басқармадан рұқсаты бар) молдалар деп аталатын. Әрбір үш топтың да өздеріне тән ерекшеліктері бар еді.
Қарама-қайшылықтардың етек ала бастауы
Кейін қайта құру жылдары басталды. Ождан еркіндігі, діни бостандық сияқты мәселелер көтерілді. Ақырындап мешіт салуға, діни ілімге, діни әдебиеттер қолдануға мүмкіндіктер туды.
Шет елдерден мұсылмандар келе бастады. Сондай-ақ, халқымыздың арасынан басқа мұсылман елдеріне барып келгендер болды. Ең маңыздысы халқымыз дінді жалпылама үйрене бастады. Бірақ ол тәртіпсіз, жоспарсыз, дайындықсыз жүзеге асты. Дегенмен, басқа мүмкіндік болмады. Нәтижеде өте бұрыс бір жағдай пайда болды. Ілім іздеушілер бар, бірақ ұстаздар жетіспейді, оқушылар бар, бірақ кітаптар жетіспейді. Мешіт бар, имам жетіспейді. Бұл жағдай өз кезегінде ұстаздыққа сауаты жетпесе де әлдекімнің ұстаздық қылуына, дәріс беру қағидаларымен жазылмаған кітаптармен дәріс беруіне, имамдыққа білімі таяз адамдардың өтіп кетуіне алып келді. Көп ұзамай-ақ мұның ешқандай жақсылыққа апармайтыны белгілі болды. Өздеріне лайықты бағасы төмен кітаптардан ілім жиған, білімі таяз «ұстаздар» өз білгендерімен қарсыластарымен мәселе таластыруды бастады. Өздерінің ғылыми ілімі болмағандықтан, шәкірттерін араға салуды дұрыс санады. Сонымен, болмашы мәселелерде бір әлемге татитын жанжалдар пайда болды.
Әрине, имамдардың арасында ілімі аздары да, талас-тартысқа кірісіп кетті.
Шетелдерден келген мұсылмандар болса жараның үстіне тұз сепкендей болды. Әрине барлығы емес. Ынсаппен айтатын болсақ, шеттен келген кісілердің арасында жақсы ғалымдар да бар еді, олар біздің жағдайымызды толық түсінетін, өте пайдалы кеңестер айтып үйрететін. Бірақ мұндай ғалымдар аз болатын, уақытша жұмыс бабымен ғана келіп өз жұртына қайтып кететін еді. Әсіресе, өз жұртында жұмыс таба алмаған, қолайлы мүмкіншілікті пайдаланып, өз жұртына қайтпай қалған шетелдік мырзалар түрлі жамағат пен ұйымдардың өкілі болып алатын еді. Олардың көпшілігі өз жұртында елеусіз болғанымен бізге келіп «ғұламаға» айналып алған еді. Бір домалап ұстаздардың ұстазына айналып алған бұл азаматтар келген жұрттары, киген киімдерімен және ең маңыздысы, діни көзқарастарымен өз айналасында жиналған жастарды таңдандырып, тамсандыруға әрекет ететін. Олар өздерін қонақ етіп отырған ел мұсылмандарының мазһабын, әдет-ғұрыптарын, тарихын және басқа да салт-дәстүрлерін қаперіне алмады. Олар тіпті дінге жаны ашып қызмет қылар болса да ең алдымен өздері қызмет қылып, ақысын алып жүрген топтың немесе қоғамдастықтың діни көзқарастарын алдыңғы қатарға қоятын. Осылайша шеттен келген сол «құрметтілеріміз» өздерімен бірге талас-тартыстар мен жанжалды алып келді.
Бірінші кезекте жергілікті кісілер олардың біздегіден бөлекше оқып жатқан намазын көрер еді. Олардың «Фатиха» сүресінен кейін дауыстап «әмин» деуі, рукуғқа барғанда және қайтқанда қол көтерулері, имамның арқасында тұрып бірдеңелерді оқитыны жөнінде сауал беретін еді. Сол кезде сол дүбәра ұстаздар біз пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеттеріне амал қыламыз, сіз сұраған нәрселер пәлен-түген хадистерде келген, өкінішке қарай сіздің елде пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетіне амал қылынбайды екен, деп бастайтын еді. Кейін сүннет не екенін, оған амал қылу маңызды екенін, Әбу Ханифаның айтқанымен жүрудің «дұрыс емес» екенін түсіндіруге тырысатын. Жанындағылар үшін бұл сөздердің барлығы жаңалық, өте қызықты көрінетін. Сөйтіп олар ақырындап өз білімдерін тықпалай бастады. Әрине бұған кей намазхандар наразылығын білдіріп жатты. Олар ата-бабалары заманынан келе жатқан намаз оқу тәртібін оңайлықпен тәрк ете салар емес еді. Сонымен қатар, өкінішке қарай, олар неге «әминді» дауыстап айтпау керектігін, рукуғта неге қол көтермейтіндігін, имамның артынан қырағат қылмайтынын және басқа да соған ұқсас нәрселердің тап пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетінен екенін түсіндіріп бере алмайтын. Олар мұндай тосын сауалдарға үйренбеген-тін. Нәтижеде фиқһи мазһабқа амал ету басқа, Құран және сүннетке амал қылу басқа болып көріне бастады. Өзара наразылықтар тартысуға, тартысулар ұрыс-жанжалға айнала бастады. Ақыр соңында тараптар арасында дұшпандық күшейгені сонша, тіпті қазір бұл туралы әңгіме қозғаудың өзіне жүрек дауаламайды.
Әуелгіде айтып өткеніміздей, бұларды жазуымыздағы мақсат айыптыны табу емес, болып өткен оқиғаларды біртіндеп қазбалау да емес. Бірден-бір мақсатымыз мұсылмандар арасындағы қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерге себеп болып жатқан дүниелерді қолдан келгенше түсінікті етіп баяндап беру ғана. Алайда бұл жайт, өз-өзімізге мынадай сауал беруімізге тосқауыл болмайды.
Нәтижесіне бір ой жүгіртіп көрелік, орынсыз осы талас-тартыстардан кім жеңіске жетті? Мұсылмандар арасынан шыққан талас-тартыстардан кім пайда тапты? Ислам дұшпандары ғана. Мұсылмандар ше, тек қана зиян шекті.
Бізде мұсылмандар арасынан шыққан қарама-қайшылықтар жаңалық па еді? Жоқ! Мұндай қарама-қайшылықтар бұрын да болған. Сонда ислам үмметінің ғұламалары бірауыздан келісіп, осы сияқты талас-тартыстардың алдын алу үшін үлкен фиқһи мазһабтардың біріне еру қажет деген шешімге келген еді. Түрлі талас-тартыстардан зардап шеккен мұсылмандар үмметі болса, бұл шешімді дұрыс көру арқылы қабыл алып, барлығы бір ауыздан келіскен (ижмағ) үммет орнаған еді. Солай бола тұра, өткен бір қатені қайталаудың жөні бар ма?
Осы мәселе бір уақыттары мұсылмандар арасында түрлі талас-тартыстарға себеп болып, тіпті қарулы шайқасқа дейін барған. Ақыр соңында ақида кітаптарымызға бұл мәселені жазып қоюға мәжбүр болдық. Осы жерде өздеріңіздің рұқсаттарыңызбен «Әһлі сүннә уал жамаға» ақида мазһабының ең белгілі кітаптарының бірі «Ақида Тахауия шархы» кітабынан үзінділер келтіреміз.
Қарама-қайшылық пен бөлінудің түрлері
Біліп алыңыз, қарама-қайшылықтың екі түрі болады: 1. Бір нәрсенің түріндегі (ұқсас) қарама-қайшылық. 2. Бір нәрсеге қарсы қарама-қайшылық.
Бір нәрсенің түріндегі (ұқсас) қарама-қайшылық дегеніміз, қарама-қайшы келген әңгіме немесе іс, екеуі де хақ болады және шариғатта бар.
Бұған мысалдар: Екі сахаба Құран оқығанда екеуі екі түрлі оқып, қарама-қайшылыққа келгенде пайғамбарымызға (с.ғ.с) барады, сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с) «екеуіңдікі де дұрыс» – деп жауап берген. (Бұһари риуаят еткен).
Азан және иқоматтың сипаты, саһу сәждесін қылатын кез, ташаххуд, айт және жаназа намаздарының тәкпірлері шариғатта бар, бірақ түрлері әртүрлі.
Осыған ұқсас қарама-қайшылықтарда жанжалдасу шариғатта харам болып табылады. Көбіне осыған ұқсас талас-тартыстарда үммет арасында түсінбестік туып жанжалға айналғанын көріп жүрміз. Мысал үшін, иқоматта калималарды жұп немесе тақ айту, «әминді» дауыстап не дауыстамай айту да тап осындай болып табылады. Ал бұл, сияқты мәселелерде талас-тартыс тудыру харам боп табылады.
Осы түрдегі қарама-қайшылықтарға дәлелдерінің түрлері, кейбір атауларын айту және осыған ұқсас нәрселер кіреді. Надандықпен немесе зұлымдықпен айтылар бір сөз немесе іс мақталады да, екіншісі жамандалады. Соңында екі тарап арасында қастық күшейіп, ұрыс-жанжалға әкеп соғады.
Бір нәрсеге қарсы қарама-қайшылықта екі сөздің біреуі немесе екі істің біреуі хақ, бірі дұрыс емес болады. Бұл ең қиын іс болып саналады.
Бұл түрге Алла Тағаланың бірлігі (таухид) жайындағы қарама-қайшылықтар жатады. Сондай-ақ, қабір азабы хақ па, әлде жалған ба? Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) миғражы (көкке көтерілуі) денесімен көтерілді ме әлде рухымен көтерілді ме? – деген сияқты қарама-қайшылықтар жатады.
Бірінші түрдегі қарама-қайшылыққа жататын ұқсас қарама-қайшылықтарда екі жақ та хақ бола тұра, екінші жақтың қарсыласы зұлымдық етсе, бірінші зұлымдық еткен тарапты сөгеді. Егер арада бір біріне деген зұлымдық болмаса Құран Кәрім екі жақты да кейде құптайды немесе кейде құптамайды.
Мысалы: Пайғамбарымыздың кезінде бір ұрыста мұсылмандар дұшпандарға тиесілі құрма ағаштарын кесіп тастау жайлы таласып тартысады. Сосын біреулері құрма ағаштарын кесіп тастаса, біреулері кеспеді. Осылайша кім дұрыс істеді, кім дұрыс істемеді? – деген сұрақтар пайда болды.
Сондықтан Алла Тағала: «Сендер құрма ағашын кесіп немесе кеспей өз хәлінде қалдырған болсаңдар жалғыз Алланың қалауымен ғана қылдыңдар» – деді. Сондай-ақ, пайғамбарымыз (с.ғ.с) Бәни Құрайза ұрысы күні екінті намазын уақытында оқығандарды да және Бәни Құрайзаға барып кешіктіріп оқығандарды да дұрыс іс істеді деп мақұлдаған. ( Бұһари)
Түсінігі: Хандақ ұрысында Бәни Құрайза атты яһуди тайпасы пайғамбарымызбен келісім шарт түзгеніне қарамай, мүшрік топтарға қосылып мұсылмандарға қарсы соғысады. Ұрыс бітіп, кәпірлер мен мүшріктер жеңіліс тауып арттарына қайтып кеткен кезде, Жәбрәйіл (ғ.с) пайғамбарымызға (с.ғ.с) Бәни Құрайзаның соңына түсіп, оларды жазалауы туралы Алла Тағаланың әмірін жеткізді.
Пайғамбар (с.ғ.с) дереу жолға шықты да сахабаларына: «Ешқайсысың екінті намазын Бәни Құрайзадан басқа жерде оқымаңдар» – деді. Бірақ ол кезде екінті намазы таяп қалған болатын. Олар жолда кетіп бара жатқанда намаз уақыты кіреді де, кей сахабалар: «Пайғамбарымыз намазды Бани Құрайзадан басқа жерде оқымаңдар» деген деп, намаздарын Бани Құрайзаға барғанда оқыды. Ал кейбір сахабалар: «Пайғамбар бұл сөзімен бізді тез жүруге үндеді, ендеше намазды уақытысында оқып алып, тез жүріп кете берсек зияны жоқ» деп намаздарын жолда оқып алды.
Сонда арада қарама-қайшылықтар шығып, кім дұрыс амал істеді? – деген сұрақтар туындады. Бұл сұрақ пайғамбарымызға жеткенінде: екі жақтың да ісін дұрыс деп бағалады.
Бірақ екінші түрдегі қарама-қайшылықта бір жақ мақталады, екінші жақ датталады.
Өйткені Құран Кәрімде: «Бірақ таласып тартысты. Олардың кейі иман келтірді, кейі қарсы келді» десе, басқа бір аятта: «Осы екі таласушы жақ Раббылары жайлы таласып тартысты. Ендеше қарсы болғандарға оттан киім тоқылды» – деген.
Мұсылмандардың көп талас-тартыстары бірінші түрге жатады
«Үммет ішіндегі нәпсісіне берілу, қан төгу, дұшпандық ету және бір бірін жек көруге дейін алып баратын мұндай талас-тартыстардың көбі бірінші түрдегі талас-тартыстардан болып табылады. Таласып-тартысып жататындардың бірі екіншісінің тура сөз айтып жатқандығын түсінбейді де ынсапқа келмейді. Бәлкім мұны екінші түрдегі қарама-қайшылық деп түсінеді.
Бұл мәселе зұлымдық пен шектен шығушылықтың салдарынан туындайды…»
Біздің пікірімізше, осыдан 600 жыл бұрын жазылған «Ақидаи Тахауианы» шарықтап түсіндіріп жатудың қажеті жоқ, өйткені оның өзі-ақ түсінуге жетерлік. Алайда, кейбір мәселелерге тоқтала кетудің де оқасы жоқ деп білеміз.
Біз келтіріп отырған мысалдардағы сөз бен амалдардың түрлері сияқты талас- тартыстардың да жаманшылығы жоқ. Тек екі жақ та бір-бірлеріне зұлымдық жасамаса екен деген ой ғана. Себебі аталмыш кітап, әһли суннә уал жамаға ақидасындағы мұсылмандардың жалпылай сенімдерімен жазылған кітап.
Танымал төрт мазһабтың барлығы да тап осы ақидадағы мазһабтан болып саналады. Олай болса мазһабтардың ішіндегі фиқһ мәселелеріндегі кейбір қарама қайшылықтар бір-біріне қарсы жаман істерден емес, керісінше таласып-тартыспай-ақ келісіп алатын, ұрыс-жанжалсыз-ақ шешілетін істерден екеніне мән бергеніміз дұрыс. Әрбір мазһаб шариғи дәлелдер көтерген жерлерде кейбір нәрселерді орындауда абзалырақ жолды таңдауға тырысқан. Бұл жол қазіргі күнде көп пікірлілік, оң жарыс деген аттармен аталуда.
Не үшін өзгелер біздің осындай жақсы жақтарымызды қолдап жатқанда, біз өзіміздің жақсы жолдарымызды қадірлеудің орнына қарсы келіп, таласып-тартысамыз?
Демек, мұсылман үмметі ижмағ (барлық ғалымдардың бір ауыздан келісіп пішкен шешімдері) түрінде қарастырған төрт фиқһ мазһабының кейбір фиқһи мәселелерін түрліше шешуі жаман нәрсе емес. Бір мазһабтың ішінде ешқашан талас-тартыстар туындамайды. Олай болса біздегі талас-тартыстар қайдан пайда болып жатыр?
Біздегі талас-тартыстар кейбіреулеріміздің Ханафидің фиқһи мазһабын мойындамауымыздан туындап отыр. Жоғарыда айтылып өткендей, шет елдерден келіп бізге дін үйретушілердің де уағыздары осы. Олар өз-өздеріне өте керемет атау қойып алған. Ол құрметтілер, біз Құран және сүннетке амал қыламыз, дейді. Бұл әдемі шешендік сөздің астарында біздің істегеніміздей істемегендер Құран және сүннетке амал қылмайтындардан деген жасырын мағына да бар. Ендеше осы насихатқа қысқаша тоқталып, түсініп көрейік.
Біріншіден: Егер біз Құран және сүннетке амал етіп, Ханафи мазһабында сүннет деп айтылған амалды, мысал үшін «әминді» іштен айтуды тәрк етіп, «әминді» дауыстап айту керек десек, Шафиғи мазһабына ілескен болып саналмаймыз ба? Себебі тап осылай дауыстап айту Шафиғи мазһабында сүннет делінген. Осы жағдайда ханафилар арасында шафиғилар бойынша амал етіп, жоқ жерден жанжал шығарған болмаймыз ба?
Екіншіден: Біз жоғарыда айтып өткен сөзді қойып, ешбір мазһабпен ісіміз жоқ, айтқан сөзімізді хадистен алдық, деуіміз мүмкін. Кейін бұл хадисті қай жерден алдың деп сұрақ қойса, пәленше деген мухаддис риуаят қылған дейміз. Сонда екінші тарап онда сіз сол мухаддиске ілескен екенсіз деп жауап қайтарады. Осылайша талас-тартыс жалғаса береді.
Үшіншіден: Егер біз «әминді» дауыстап айту сүннет деп, Ханафи мазһабы бойынша іштей айту сүннет емес десек бірнеше сахих хадиске қарсы шығып қалған болмаймыз ба?
Өйткені, Ханафи мазһабында бірнеше сахих хадистерде «әминді» іштей айтуға дәлел етіп келтірген. Егер екеуін де яғни «әминді» іштей де, сырттай да айтуға болады дегенді мойындар болсақ, онда ханафилердің ішінде осы мәселені қозғап келіспеушіліктер туғызудағы мақсатымыз не?
Төртіншіден: Ханафи мазһабы «әминді» іштей айту абзал екендігіне Құраннан дәлел келтіреді. Неге біз Құран мен сүннетке амал қылуға шақыра отырып, Ханафи мазһабының Құраннан келтірген дәлеліне қарсы шығамыз?
Осыған ұқсас сұрақтар бірінен кейін бірі шыға береді. Бұлардың барлығын терең және кең ойланып көруіміз қажет. Бір нәрсені айтар алдында оған бір негіз бар ма, өзіміз сол нәрсені айтуға лайықпыз ба? – деп өз-өзімізге сұрақ қойғанымыз жөн. Сондай-ақ, осыған ұқсас басқа да мәселелерді жақсылап ойланып көрсек игі еді.
Біз әрдайым өзгелерді айыптаудан бұрын олардың сөзін тыңдап және олар өздерінің қандай дәлелдерін келтіретінін біліп, соны жақсылап үйренуіміз керек. Біз өзімізше Құран және сүннетке амал қылып жатырмыз деп ойлап, керіліп жүргенде, екінші тарап бізден жақсы және тура амал етіп жүрген болмасын.
Енді мәселеге басқа қырынан ой жүгіртіп көрейік. Өзімізге-өзіміз сауал қояйық. Бізде мұсылмандар өзара талас-тартысқа түсіп жүрген мәселелер негізінде таласып-тартысуға тұратын мәселелер ме еді?
Егер қырық-пышақ болып таласып-тартысуымызға себеп болған мәселелердің барлығын, мысалы «әминді» іштен не жария айтуды, рукуғқа барғанда екі қолды көтеруді, имамның артында қырағат қылудың үкімін зерделер болсақ, бұл сүннет амалы болады. Парыз да, уәжіп те емес. Фиқһ үкімі бойынша сүннет амалын орындаған адам сауап алады, қылмаған адам күнәһар болмайды. Бізді масқара қылуға себеп болған айтулы амалдарда ешкім сүннетті тәрк еткен жоқ. Керісінше бір амалды орындау үшін екі жолдың бірін ғана жасады.
Ханафи мазһабын ұстанушылардың ғұламалары Құран аятынан бір дәлел, хадистен бірнеше дәлелдер келтіре отырып «әминді» ішінен айтуды сүннет деген үкімдеріне байланысты жеті атадан бері «әминді» іштен айтып келетін еді.
Арамызда кейбіреулер фиқһи мазһабты шетке ысырып қойып, өзімізше ыждағаттанып, тікелей Құран мен сүннеттен үкім шығаруға тырысып, кей хадистерге сүйенген түрде «әминді» дауыстап айту абзал, дауыстап айтпай намаз оқу қате деп жүр. Осылайша намаздарда жамағат арасында «әминді» керегінен артық дауыстап айтып кісілердің мазасын алдық. Кейбіреулеріміз мешіттерге шәкірттерімізді жіберіп талас-тартысты күшейтуге әрекет жасадық. Осыдан барып арада ұрыс-керіс, талас-тартыстар пайда болды. Мұсылмандар бір біріне зиян шектіріп, ұрысып-төбелесіп, ортада кекшілдік өрбіді. Ендеше біз бұдан бір сүннет немесе бір мустахаб амалды істемегені үшін дүниенің астан-кестеңін шығарып, мұсылмандар арасын бөліп, зиян беруден өзге нені көрдік?
Шариғатымыздың үкімі бойынша мұндай таласып-тартысу харам болып табылады. Бұл үкіммен жоғарыда Тахауияның ақидасының түсіндірме-шархында таныстық. Харам нәрсені халал санау үмметтен шығарушы кәпірлік болса, ондай істің харам екенін мойындап тұрып істеу үлкен күнә болады. Бұл жайында ешкім таласып-тартыспаған. Себебі, мұсылмандар арасында ұрыс жанжалды шығаруды адал деп білу күпір екендігі және бұл харам істі қылу үлкен күнә екендігі жайлы Құран және хадистерде қайта-қайта айтылған. Құран және хадиске амал етуді жақсы көрген адам, мұндай нәрселерді білгеннен соң, өмір бойы талас-тартыстарға жоламайды деп білеміз.
Талас тартыстар туралы аяттар
Енді талас-тартыстар жайлы Құранда келген аяттармен танысалық: Бірінші аятта Алла Тағала: «Түп түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ, өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені, бір біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды. Оның игілігімен туысқа айналдыңдар. Оттан бір шұңқырдың ернеуінде едіңдер, сендерді одан құтқарды. Осылайша Алла сендерге аяттарын тура жолға түсулерің үшін баян етеді». («Әли Ғимран» сүресі, 103) Бұл аяттағы «Алланың жібі» дегендегі мағына Құран Кәрім, ислам діні. Оты лаулаған бір шұңқырға құлағалы тұрған адам арқанды мықты ұстап қалса құтылатынындай, тозақтың түбіне құлаудан құтылу үшін де Құран сөздерін, исламды мықты ұстау қажет. Таласып-тартысып, жік-жікке бөлінудің қажеті жоқ. Бұл аят мұсылман әлемін біріктіру ұраны. Әр қандай бірігу бөлінуді жоқ қылумен пайда болады. Мұнан кейін бұлай істеудің қаншалықты дәрежеде адамдарға пайдалы екендігін ұғып білсе болады. Тәпсіршілеріміз жоғарыдағы аяттың түсу себебін төмендегінше түсіндіреді: «Шас ибн Қайс атты адам Аус және Хазраж рулары жиналып отырған жерден өтіп бара жатып, жәһилиет кезінде бір бірімен дұшпан болған екі топтың достық рәуіште бірігіп отырғанын көреді де оның қатты ашуы келіп: «Егер бұлар біріксе бізге күн бермес» деп ойлап, бір яһуди баланы шақырып алып : «Арабтардың ішіне барып отырып, оларға «Буас» атты күнді еске салып және сол туралы өлеңдерді оқып бер», деп жібереді. Ол бала барып екі рудың арасына от жағып, Буас күнін естеріне салады. («Буас» күнінде Аус және Хазраж рулары қатты ұрысып қалып, ол ұрыста Аус руы Хазраж руын жеңген болатын.) Сонда отырғандар таласып тартысып қалады да: қару, қару деп дауыстап жібереді. Бұл жәйт пайғамбарымыздың (с.ғ.с) құлағына жеткенде, пайғамбарымыз (с.ғ.с) мұһажірлер мен ансарларды ертіп алып Аус пен Хазраж руының алдына барып: «Мен араларыңда бола тұра, Алла сендерді исламмен құрметті етіп, надандықты жойғаннан кейін де, араларыңа достықты салғаннан кейін де бөлініп алып надандарша ұрыспақшысыңдар ма?» – дейді. Адамдар дұшпанның сөзіне еріп ұрысып қалғандарын түсінеді де қолдарындағы қару-жарақтарды тастап, бір-бірінен кешірім сұрап, құшақтасып қол алысады. Жоғарыдағы аят осылайша түскен еді. Бұл аяттағы сөздер негізінен барша мұсылмандарға түскенімен сол кезде Аус және Хазраж руына тиісті түскен еді. Ендеше аяттың жалғасын талқылайық: «Сондай ақ, өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені, бір біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды». Ислам Алланың адам баласына берген ұлы нығметі. Сол иләһи нығметпен дұшпандар дос-бауырға айналды. Бір біріне деген дұшпандықты тек ислам ғана кетіре алады. Тек қана Алланың арқаны болған ислам дінін мықты ұстаған адам ғана бір-біріне діни бауыр бола алады. Өйткені, Алла Тағала: «Оның игілігімен туысқа айналдыңдар», – деген. Алла Тағаланың ислам нығметі болмағанында адамдар бір-бірімен шынайы діни бауыр бола алмас еді. «Оттан бір шұңқырдың ернеуінде едіңдер, сендерді одан құтқарды. Осылайша Алла сендерге аяттарын тура жолға түсулерің үшін баян етеді», – деген. Яғни адамдар ислам дініне кірмес бұрын талас-тартыста, ұрыс-керісте, надандық үкімі астында едіңдер, сондай-ақ, қисық-қыңыр жолда едіңдер. Ол жол – Оттан бір шұңқырдың ернеуі еді. Алла өзінің ұлы нығметі болған бақыт жолы исламға салып қойды да алаулы отқа құлаудан құтқарды. Расында, ислам діні таласып-тартысқандарды бірлестіру, ұрысып жатқандарды жарастыру мен дұшпандарды достастыруға қызмет ететін иләһи дәстүр. Алладан келген бұл дін адам баласына тек жақсылық келтіретіндігі анық. Исламға өзін лайықтымын деп дағуат жасап жатқандар таласып-тартысса (ихтиләфтар тудырса), ұрысып, бір-бірлеріне дұшпандық қылса олардың өздері айыпты болады. Екінші аятта: «Аллаға әрі Елшісіне бой ұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар, онда сәтсіздікке жолығасыңдар да күш- қуаттарың кетеді және сабырлы болыңдар. Шын мәнінде Алла сабырлылармен бірге». «Әнфәл» сүресі, 46 аят. Мұсылмандар Аллаға және оның елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с) қаншалықты бой ұсынса, көптеген жетістіктерге қол жеткізе береді. Мұсылмандардың өзара таласып-тартысудан қашық болулары, Алла Тағала мен оның елшісіне мойынсұнулары да көптеген жетістіктерге жету жолдарының бір амалы болып табылады. Аллаға әрі оның елшісіне бой ұсынбай, өзара таласып-тартысудың соңы не іспен бітетіндігін Алла Тағала жоғарыдағы аятта былайша баян етеді: «…өзара жанжалдаспаңдар, онда сәтсіздікке жолығасыңдар да күш- қуаттарың кетеді…» Алланың сөзі – хақ. Ислам тарихында мұсылмандар қашан жеңілген болса, тек қана таласып-тартысу және өзара келіспеушілік салдарынан сол хәлге тап болған. Бұл мәселе төңірегінде имам Ғазалидің Жазайрдегі Ситиф қаласында болған жиналыста айтқан сөзін келтірмекшімін: «Алла Тағала маған ислам тарихын үйрену мүмкіншілігін берді. Бүгінгі күнде мен ислам тарихын жетік үйрендім дей аламын. Алланың атымен ант етейін мұсылмандар Ухуд күнінен бастап, бүгінгі күнге дейін сыртқы дұшпаннан жеңілген жоқ. Мұсылмандар қашан жеңіліске ұшыраған болса, тек қана таласып-тартысу және өзара ішкі келіспеушілік салдарынан ғана жеңіліске ұшыраған» Аят жалғасында Алла Тағала былай дейді: «… және сабырлы болыңдар. Шын мәнінде Алла сабырлылармен бірге». Демек арада талас-тартыс туындамау үшін сабыр керек. Сабырсыздық мұсылмандар арасында түрлі талас-тартыстар мен ұрыс-керістердің шығуына себеп болады. Алла сабыр етушілермен бірге, сабыр етушілерді түрлі жамандықтардан сақтайды. Сабыр етпей шыдамсыздық танытқандар талас-тартыстар- дың жамандығына жолығады. Үшінші аятта: «…Әрі ортақ қосушылардан болмаңдар. Сондай олар діндерін бөлшектеп, топтарға бөлініп, әрбірі өз алдындағыларына мәз болғандар» «Рум» сүресі, 31-32 аяттар. Демек, дінде бөлініп, таласып-тартысу мүшріктердің ісі болып саналады екен. Топ-топ болып бөлініп алып, талас-тартыс шығарып, өзара айтысу да мүшріктердің ісінен болып табылмақ. Әрбір топ өз алдындағы мәселелерден шаттыққа бөленіп, басқаларды өзінен төменсіту де ортақ қосушылардың амалын істеушілерден болып табылады екен. Төртінші аятта: «Күдіксіз діндерінде бөлініп, топтарға айрылғандармен ешбір байланысың жоқ. Сөзсіз олардың ісі Аллаға тән. Кейін оларға істеген істерін түсіндіреді». «Әнғам» сүресі, 159 аят. Бұл аятта Алла Тағала бөлінуге және өз алдына топтасуға алып баратын істерді Пайғамбарымыздың(с.ғ.с) жолынан бөлек екендігін айтып тұр. Және бұл аятта Алла Тағала мұндай нәрселерді Мұхаммедтің (с.ғ.с) үмметіне лайық емес іс екендігін ескертуде. Бесінші аятта, Пәлекетке жолыққан әһли кітап иелерінің әрекетін бізге өнеге етіп: «…Сондай Кітап берілгендер, өздеріне мәлімет келгеннен кейін араларындағы күншілдіктен ғана талас-тартысқа түсті». («Әли Ғимран» сүресі, 19) Бұл аяттың білдіруінше талас- тартыстардың себебі өзара көре алмастық пен күншілдіктен екен. Сонда бізге таласып-тартысу өзге діндерден мұра болып қалғаны ма? Алтыншы аятта: «Өздеріне ашық дәлелдер келгеннен кейін сондай бөлініп, қайшылыққа түскендер тәрізді болмаңдар. Міне, соларға зор азап бар» «Әли-Ғимран» сүресі, 105 аят. Иә, көзімізді ашып, өз-өзімізді түзетуіміз қажет. Ислам дініміз арқылы өзімізге ашық дәлелдер келгеннен соң да бөлініп, бір-бірімізбен тартысып, ұрыс-жанжалға бас қоя берсек қатты азапқа душар болып қаларымыз анық.
Таласып-тартысу туралы хадистер
Енді таласып-тартысудың жамандығы жайлы пайғамбарымыздан келген кейбір хадистерді біліп алайық: Бірінші хадис: Имам Мүслим риуаят еткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Таласып-тартыспаңдар, жүректерің қайшыласуға бейім болып қалмасын» – деген. Біз пайғамбарымыз (с.ғ.с) қайтарған нәрселерден қайтуымыз шарт. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бізді таласып-тартысудан қайтарып тұрған болса, ал біз оған қарамай өзара таласып-тартыса беретін болсақ не болады?! Бұл хадисте таласып-тартысудың кесір боп тиетіндігі білдіріліп тұр. Бұл – жүректердің қайшыласуға әдеттеніп қалуына әкеп соғады. Иә, бір-екі рет таласып-тартысқаннан кейін, оның әсерінен жүрек қайшыласуға бейім болып алса, Алла бетін аулақ қылсын, ондай жүрек иелері күмәнсіз бастарын келіспеушілік пен ұрыс-жанжалдардан шығара алмай қалады. Екінші хадис: Абдуллаһ ибн Амр (р.а) риуаят еткен хадисте: «Бір күні пайғамбардың (с.ғ.с) алдына күн қайнап тұрған кезде барған болатынмын, бір аят жайлы таласып-тартысып жатқан екі кісінің дауысын естіп қалдым. Сол кезде пайғамбарымыз (с.ғ.с) шықты, жүзінен ашулы екендігі байқалып тұрды Ол: – «Әлбетте сендерден бұрынғы өткендер Кітап жайлы таласып-тартысқандары үшін пәлекетке ұшыраған» – деді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өз сахабаларының екі кісі бір аят жайлы таласып-тартысқанда ашуланғаны жәйдан-жәй емес екен. Өйткені, ол екеуі өздері сезбеген халде тарихтағы ең үлкен қателердің бірін істеп жатқан еді. Ол болса, Алланың кітабы жайлы таласып-тартысу еді. Бұрынғы өткен үмметтер Алланың кітабы жайлы таласып-тартысқаны үшін пәлекетке жолыққан екен. Егер біз де сол істі жасайтын болсақ, сол қауымдардың қате істерін қайталаған болмаймыз ба? Үшінші хадис: Имам Бұһари риуаят еткен хадисте Абдуллаһ ибн Аббас (р.а) мыналарды айтты: «Мен пайғамбарымыздан (с.ғ.с) есіткен аяттарды бір кісінің мен естігеннен өзгеше қырағат етіп оқып жатқандығын есітіп қалдым да оның қолынан жетелеп пайғамбарымыздың (с.ғ.с) алдына алып бардым. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Екеуіңдікі де дұрыс» – деді. Шұғба, таласып-тартыспаңдар. Расында, сендерден бұрынғылар таласып-тартысты да пәлекетке жолықты, деп айтты». Демек, дінімізде бір нәрсені екі түрлі орындауға мүмкін болатын жайлар да бар екен.
Міне, құрметті де ізетті мұсылман бауырлар, мұсылманның таласып-тартысуы харам екендігі жайлы және ешкім ешуақытта таласып-тартыспауы керектігі жөнінде дәлел болатын кейбір аяттар мен хадис шарифтерден хабардар болдық. Ендеше өз-өзімізге ынсап қылып бір сұрақ қойып көрейікші: Құран мен сүннетпен жүреміз дегеніміз қайда және амалымыз қайсы? Сол насихаттап жүрген нәрселеріміз, оны орындау да, орындамау да сүннет болған істе талас-тартысты қозғап, бірнеше аят-хадистерге қарсы шығып, харам істі қылғанымыз Құран мен сүннетке амал ету деп аталады ма? Сондықтан да ғұламалар бір сөзді айтудан немесе бір істі орындаудан бұрын оны жақсылап зерттеп, егер ол зиян алып келмейтін болса, сосын барып кірісуге болады деген. Орындаса сауап, орындамаса күнә саналмайтын сүннет амалы жайында таласып-тартысудың арты харам іске алып келеді. Не үшін біз Құран және сүннетке амал ету істерінде кішкене ғана нәрседе таласып-тартысамыз да, ал Құран және сүннетте ең басты мәселелердің бірі боп табылатын мұсылмандардың бірлігі жайлы бұйрықтар мен тыйымдарға амал етпейміз.
Шейх Мұхаммед
Садық Мұхаммед Юсуф