1. Дарул ислам – мемлекет аумағы мұсылмандарға тиесілі әрі басқару және қоғамдық қатынастарды реттеу нормалары ислам дініне негізделген саяси жүйе. Мысалы, Мұхаммед пайғамбар 622 жылы Мәдина қаласында «Уасиқатул Мәдина» құжатын қабылдап, Хижаз аймағында Ислам мемлекетін құрғанын паш етті. Кейінгі әділетті төрт халиф – Әбубәкір, Омар, Осман, Әлі, сондай-ақ, Омеядтар, Аббасидтер, Фатимидтер, Вуйидтер т.б. саяси жүйелері «дарул ислам» санатына жатады.
2. Дарул харб – мемлекет аумағы мұсылмандарға тән емес, сондай-ақ, ислам дінінің таралуына рұқсат бермейтін саяси жүйе. Мысалы, Мұхаммед пайғамбардың дәуірінде Византиядағы христиан билеушілері мен Ирандағы Сасанидтер билігі өз аумағында ислам дінінің таралуына қарсы тұрды. Осы себепті де Ислам мемлекеті мен Византия арасында Мута және Табук соғыстары болды. Хз. Омардың билігі тұсында Ирандағы Сасанидтер билігіне қарсы Ислам халифаты ғазауат жасады.
3. Дарус-сулх – мемлекет аумағы мұсылмандарға тиесілі емес болғанмен, саяси билікке ие өзге дін өкілдерінің мұсылмандардың өз сенім-нанымдары бойынша өмір сүруіне рұқсат беруі. Мысалы, Эфиопия христиан мемлекеті болғанымен, 615-617 жылдары Меккеден ауа көшіп келген мұсылмандарға пана болып, олардың өз діни нанымы бойынша өмір сүруіне рұқсат берді.
4. Дарул ақд – мұсылмандарға тиесілі мемлекет аумағында өзге дін өкілдерінің жизья салығын төлеу шартымен бейбіт өмір сүруі. Мысалы, Мұхаммед пайғамбар дәуірінде Хайбардағы яһудилер, Нажран, Әрба және Әзрухтағы христиандар Ислам мемлекетіне жизья салығын төлеп, бейбіт өмір сүруге мүмкіндік алды. Мұндай жағдайда мұсылман билігі өзге дін өкілдері жизья салығын төлегені үшін олардың қауіпсіздігіне жауап береді.
Бұл ұғымдар алғаш рет имам Ағзам Әбу Ханифаның шәкірті Имам Мұхаммедтің «әл-Аср» кітабында қолданылған. Ал ХІ ғасыр ғалымы Сарахсидің «әл-Мабсуд» кітабында осы ұғымдар таратылып жазылған, онда «дәр әл-ислам», «дәр әл-харб», «дәр әс-салам» атты үш мемлекет түрі көрсетіліп, соңғысының «дәр ас-сулх» және «дәр әл-аһд» деп екіге бөлінетіні жазылған, барлығына негізді анықтама берілген.
Жалпы, «әд-даулатул-дустурия» (зайырлы мемлекет) саяси жүйесі мұсылмандарға өз сенім-нанымы бойынша өмір сүруге рұқсат бергендіккен, дарус-сулх (исламмен бейбіт ұстанымдағы мемлекет) саяси жүйесімен теңестіріледі. Яғни, зайырлы мемлекетті исламмен соғыс жағдайындағы мемлекет («дарул-харб») деп атауға еш негіз жоқ.