Тарихи деректерде әлем халықтарының ислам діні келгенге дейін халықты басқару жалпылама мұрагерлік жолымен, әулеттік билік жүйесімен іске асып келгенін көреміз.

Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) басшылық екі дүниеде де жауапкершілі мол іс екендігін үмметіне ісімен көрсете отырып, көптеген мағыналы өсиеттерін қалдырып кетті. Мұның нәтижесі ретінде Алла елшісі (с.ғ.с.) дүние салғаннан кейінгі демократиялық жолмен сайланған халифаларды айтуға болады.

Алайда, дінде басшылыққа лайықты адамның келуі адам құқықтары сақталуының басты шарт екендігін біреу аңғарғанымен, енді біреу түсінбеді. Олар бұрынғы әдеттерін аңсап, «Халықты Алла елшісінің (с.ғ.с.) орнына жақыны, көкесінің баласы Әли (р.а.) неге басқармайды?» деген топ (яғни, шииттік көзқарасты жақтайтындар) шықты, олар басшы тағайындаудағы әулеттік басқару жолын ұстануды аңсады.

Бұл мәселе ушыға түсіп, мұсылман қоғамын сүнниттік және шиитттік етіп екіге бөлді. Міне, осыдан кейін Әһлу сунна уәл жамаға ғалымдары сенім мәселесіне қатысты болмаған басшылық тағайынлау мәселесін сенім мәселесінің қатарына кіргізді. Ақида еңбектерінде, «Күллі Әһлу сунна уәл жамаға ғалымдары: Анығында, Пайғамбар (Мұхаммед с.ғ.с.) және басқа да елшілер мен пайғамбарлардан (ғ.с.) кейін адамдардың ең абзалы Әбу Бәкір, одан кейін Омар, одан кейін Осман, одан Әли (р.ғ.)» [1] делініп, алғашқы «Бақытты ғасыр» (Ғәсрус-сәғәдә) кезеңіндегідей басшылыққа лайықты адамның келуі керектігін, көнеден келе жатқан әулеттік басқару жүйесінің дінде ешқандай орны жоқ екендігін ескертті.

Исламда басшы болуға лайықты адамның келуі сенім негізі ретінде күні-бүгінге дейін діни оқу орындарымызда оқытылып келеді. Дегенмен, бұл істің өз мәніне сай атқарылып келе жатқаны шамалы.

«Әулеттік басқару» жүйесі әділетті төрт халифалар кезеңі өткеннен кейін көп ұзамай қайта қалпына түсті. Олардан кейінгі кезеңдерде, әсіресе, мұсылман әлемінде «әулеттік басқару» жүйесі ғасырлар бойы жалғасын тапты, бүгінде оның сарқыншақтары бар.

Бұл туралы ғалым Сабри Хизметли: «Әкеден балаға мұра болып көшкен бұндай саяси-әкімшілік басқару жүйесі Уммейе мемлекетінен Осман империясына дейін барлық мұсылман мемлекеттерде жүздеген жылдар бойы жүзеге асырылып келді. Патшалық немесе сұлтандық басқару жүйесіне үйреніп қалған мұсылмандар демократиялық жүйеге бет бұра алмады. Әлем елдерінің көпшілігі әсіресе соңғы жүз жылдықта демократиялық басқаруға ие болған кезде, араб елдерінің барлығы бас болып, мұсылман елдердің көпшілігінде «әулеттік басқару» монархиялық немесе деспоттық басқару өкімет басында еді. Мұсылман елдердің артта қалушылық, кедейшілік, бөлінушілік сияқты басқа да проблемалар осындай басқару түрінен басталады» [2], – дейді.

Зерттеулерге сүйенсек, басым мұсылман елдерінен демократияны сөз етудің өзі қиын. «Орталығы Нью-Йоркта орналасқан және азаматтық тәуелсіздіктердің барысын бақылап отыратын Freedom House тарапынан жәрияланған зерттеу нәтижелері туралы жазған Нью-Йорк Таймс газеті 47 мұсылман елдің ішінен тек қана 11-нің демократиялық екендігін айтады. Бірақ, бұлардың қаншалықты демократ екендігі талас тудыруда» [3] делінеді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  6 жыл бұрын жоғалған жігіт медресе дипломымен оралды

Кешегі әділетті төрт халифаның кезеңінде жолға қойылған демократиялық сайлау жүйесі және оның хақ жол екендігі Әһлу сунна уәл жамаға ақида еңбектері арқылы міндеттеліп, демократиялық басқару жүйесі сол уақытта іске асқанымен, бүгінде мұсылман өмірінен табылмауы – ислам дінінің өз әлеуеттігін көрсетуге кедергі жасап отыр.

Біз, бір нәрсені кесіп айта аламыз, ол да – бұл мәселеде ислам дінінің кінәлі еместігі немесе кінәлі дін ұстанушылардың дінді саясиландыруы, адам ақылына шектеу қойылуын басты себептің бірі ретінде атауға болады.

Сондай-ақ, ғасырлар бойы мұсылман әлемі құқықтық және экономикалық мәселелер төңірегінде діни мәтіндер мен ақылын ұштастыра отырып, мыңдаған жаңа идеяларды ортаға салуға, құқықтық және экономикалық мәселелердің жүйесін діннің талабына сай қалыптастыруға мүмкіндіктері бола тұра жасай алмады. Соның салдарынан, бүгінде мұсылман әлемі ісін неден бастау керектігін, жүздеген проблемалардан шығудың жолын таба алмай отыр десек қателескен болмаймыз.

Бұл жерде мынаны да айта кеткен жөн болар, исламдағы демократиялық сайлау жүйесі, адам құқықтарының қорғалуы және ақылға көрсетілген құрмет секілді мұсылмандық құндылықтарды бағалап, өз кәдесіне жарата білген Еуропа халқы соңғы ғасырларда дүниелік істерінде жетістікке жетіп отыр. Аталмыш құндылықтар бір ізділікке келген Еуропа елдерінің халқы елін сүйеді, елінің дамуы жолында және бақытты өмірден қол үзіп қалмауы үшін аянбай еңбек етеді. Олар бойындағы қабілетін, күш-қайратын егемендігін баянды ету жолында сарып етеді. Өзге елден бақыт іздемейді.

Ал, өзге елден бақыт іздейтіндер, өз елінің ертеңіне үмітпен қарай алмайтындар және өз елінің дүние-мүлкін тонауға бейім тұратындар демократиялық жүйе жоқ елден шығады.

Ал, дамыған елдер адам құқықтарының қорғалуын күшейте отырып, өз мүмкіндерін арттыру жолында тек өз халқының күшіне ғана сүйенбейді, өзге елдердің білім адамдарының да ағылып келіп жұмыс істеуіне мүмкін жасап, сұранысқа да ие болып отыр.

Тарихқа үңілер болсақ, көптеген ғылымдардың негізін қалаған мұсылман ғалымдары болған. Бігінде сол ғалымдардың ұрпақтары өзгелердің кәдесіне жарап жатқандығы ашы да болса шындық.

Қорыта айтар болсақ, ислам діні әркімнің өз қабілетіне қарай жауапкершілік міндетін алуды жетістігінің алғашқы қадамы санайды. Ал адамзат қоғамынағы «әулеттік басқару» жүйесі адамдардың ойын ашық айта алмауға, бөлінушілікке апарып соғатын фактор ретінде қарастырады. Сол себепті, әрбір іске өз маманының келуі діннің басты мұраты болып табылады.

Самет Оқанұлы,

исламтанушы   

[1] Әл-Бәздауй, Ұсулуд-дин, 199 б.

[2] Сабри Хизметли, Орта Азия түрік республикаларындағы зиянды ағымдар және миссионерлік, 52 б.

[3] Сабри Хизметли, Орта Азия түрік республикаларындағы зиянды ағымдар және миссионерлік, 53 б.