Сұрақ: Исламда адам өлтірудің үкімі қандай?

Адам өлтіруді Алла харам қылды. Құранда мұны растайтын аяттар жетерлік:

«…бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл Аллаға оңай» (Ниса: 29-30).

Осы сияқты адам өлтіру күнәсінің ауырлығын көрсететін келесі аят:

«Кім бір мүминді қастықпен өлтірсе, оның жазасы, ішінде мүлде қалатын тозақ болады. Сондай-ақ оған Алланың ашуы, қарғысы болып және оған зор қинау әзірлеп қойған» (Ниса: 93).

«Соның салдарынан Біз Исрайыл әулеттеріне: «бұрын өзі адам өлтірмеген, жер бетінде бұзақылық жасамаған нақақ адамды өлтіруші кісі – барлық адам баласын өлтіргенмен тең. Ал, егер біреу бір адамды тірілтсе (өлімнен құтқарса), ол – барлық адамды тірілткенмен бірдей болады», – деп үкім шығардық» (Мәида: 32).

Тіпті, Ибн Аббастың (р.а) мынадай риуаяты бар:

«Пайғамбардың (с.ғ.с.) дәуірінде Мәдина шаһарында бір адамды белгісіз біреулер өлтіріп кетеді. Адамдар мұны кім істегенін білмейді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) мінбеге шығып:

Уа, халайық! Мен сендердің араларыңда бола тұрып, адам өлтіріліпті. Оның кім екені белгісіз. Егер аспан мен жер тұрғындары бір адамды өлтіру үшін бас қосатын болса, Алла күмәнсіз оларды азапқа салар еді», – деді.

Риуаятта айтылғандай, Ислам діні жалпы адам өліміне тыйым салады. Оның дініне, нәсіліне, тегіне қарамайды. Адам ұлық жаратылыс болғандықтан, оның өмірі, құқығы Алланың бақылауында.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

дінтанушы