Сұрақ: ҚМДБ қабылдаған «Жеті рухани қазық» тұғырнамасында еңбек ету туралы не айтылған?

Жауап: Бәрімізге де белгілі, 2019 жылғы қазан айында ІІІ республикалық имамдар форумында «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани Тұғырнамасы тәлімдік құжаты қабылданды. ҚМДБ Ғұламалар кеңесі мен ҚМДБ Орталық аппараты мәжілісінде бірнеше рет талқылаудан өтіп, қабылдауға ұсынылған осы тарихи құжатта еңбек етудің маңызы туралы арнайы тарау бар.

Тұғырнамада еңбекқорлық – мұсылманның тұла-бойында табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипаттың бірі ретінде қамтылады. Еңбекқор болу принципін ұстану – адам баласының кісілік келбетін, көркем мінезін қалыптастыруға негіз болатын жеті рухани қазықтың бірі. Осы тұғырнамада еңбекқорлық мынадай жеті сипатта көрініс табады деп көрсетілген:

Еңбексүйгіш, жауапты, бастамашыл, іскер, ұқыпты, майталман, талапты болу.

Ислам – дүние мен ақырет тізгінін тең ұстаған дін. Яғни иман мен еңбек ету, игі іс істеу – бір-бірінен ажырамас ұғым. Қасиетті  Құран Кәрімде: «Намазды  оқып болғаннан соң жер бетіне тарап, Алланың нығметінен өздеріңе ырыздық-несібе іздеңдер. Алланы көп еске алыңдар, табысқа жетерсіңдер», – деп, құлшылықпен қатар еңбек етуге, адал табыс табуға шақырған («Жұма» сүресі, 10-аят).

Ислам діні масылдыққа салынуды құптамайды. Адам ата (Алланың оған сәлемі болсын) Алла Тағалаға ғибадат етумен қатар егін егіп, темір ұстасы болып, күнкөріс үшін құрал-сайман жасап еңбектенгені баршамызға аян. Қайыр тілеп өмір сүру – нағыз ұят іс. Алла Тағала ақыл, сана, денсаулық, жігер бергесін адам бала-шағасын өз адал табысымен асырауға қамдануы керек. Шәкәрім бабамыз: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа анық бола алады. Олар: адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек», – дейді. Хәкім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – деп, еңбек етуге, адал табыс табуға өсиет еткен.

Адал еңбекпен несібесін айыру – пайғамбарлардың жолы. Еңбек етудің артықшылығын Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) да көптеген хадистерінде айрықша атап өткен. Тіпті, табан ақы, маңдай термен табыс табуды Алла жолындағы ерлік іске балаған.

Бірде Пайғамбардың (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) қасынан бір кісі өтеді. Оның бойындағы қайрат-жігерін байқаған Алла Елшісінің (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) сахабалары: «Уа, Расулалла! Мына адам Алланың жолында ма?» − деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Егер де ол жас балаларына нәпақа табу үшін жолға шықса, Алла жолында. Егер жасы ұлғайған қарт ата-анасының қамы үшін шықса, Алла жолында. Егер өз басын (тіленшіліктен, кедейшіліктен) сақтау үшін шықса, ол Алла жолында…», − деп жауап береді.

Алланың Елшісі Мұхаммед (с.а.с.) табыс табу үшін адал маңдай термен еңбектенуді жақтап, үмбетін адал табыс табуға ынталандырады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзнің хадистерінің бірінде: «Кейбір күнәларға намаз да, ораза да, қажылық та кәффәрат (өтем) бола алмайды. Ондай күнәлар тек адал маңдай термен табыс табу үшін еңбектенгенде ғана кешірілуі мүмкін», – деп бұйырған.

Ешбір пенде адал маңдай терімен тапқан табыстан артық рызық-несібеге кенелуі мүмкін емес. Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.): «Дәуіт пайғамбар (а.с.) да өзі еңбектеніп, тапқан табыспен күнелтетін» деп, адамның өз еңбегімен табыс тауып, отбасының күнкөрісін қамтамасыз ететіндерге ілтипат жасайды.

Бірде Алланың Елшісі (с.а.с.) Сағыд ибн Муазбен қол алысып амандасып тұрып, қолдарының күстеніп кеткенін байқайды. Себебін сұрағанда, сахаба отбасын адал еңбегімен асырау үшін еңбектеніп жүргенін айтады. Бұл жауапқа Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.): «Міне, Алла тағала осындай қолды жақсы көреді» деп, досының күстенген қолына ілтипат көрсетеді.

Дін ғұламасы Қожа Ахмет Ясауи өзінің «Диуани хикмет» – «Ақыл кітабы» еңбегінде кісінің ақысын жемеуді, адал еңбек етуді қатты ескертіп тапсырып кеткен. Кімде-кім аянбай жұмыс жасап тер төксе, ол жанның бағы әйтеуір бірде болмаса, бірде жанады.

Жүрегінде иманы бар адам істеген ісінің қиындығына немесе жеңілдігіне, беделділігіне емес, ең алдымен тапқан табысының адалдығына баса мән береді. Қандай адам болмасын, Алла тағала рұқсат еткен шеңберде адал жолмен күнкөрісін қамтамасыз етуі өте маңызды.

Жоғарыда аты аталған «Жеті рухани қазық» тұғырнамасы бізді маңдай тер төгіп, адал рызықпен өмір сүруге шақырады.

Балғабек МЫРЗАЕВ

Пікір жазу