Сұраққа жауап берместен бұрын әуелі исламда «бақытсыздық» (жамандық шақырады деп ырымдау) деген сенімнің жоқ екенін айта кетейік. Бұл негізінен адамдардың өзінің жалаң сезімі мен сенімдерінен туындап жатады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) мына хадистерінде: «Бақытсыздық (жаман болады деп ырымдау) деген нәрсенің негізі жоқ» (Бухари, Тибб 19, 43-45), «Бақытсыздық деген (бос, негізсіз) түсінік бізден емес серік қосудан шыққан. Алла тағала бұл түсінікті тәуекелмен жояды» (Әбу Дәуіт, Тибб 24; Тирмизи, Сиәр 47), «Абай болыңдар, бақытсыздық болады деген сенім ешбір мұсылманды жасауға ниеттенген нәрсесінен айнытпасын»,– деу арқылы бұны ашық айтып кеткен (Әбу Дәуіт, Тибб 24). Сонымен қатар, Пайғамбарымыз ешқандай сұрақсыз жәннатқа кіретін адамдар туралы сөз еткен кезде сондай адамдардың қатарына «бақытсыздыққа сенбеген» адамды да қосқан. (Бухари, Тибб 1; Муслим, Иман 374). Ешнәрсеге сүйенбей «жамандық шақырады, бақытсыздық болады» деудің Ислам дініне жат екенін ашық айтқан адамзаттың абзалының (с.а.с.) әйелді осындай бақытсыздық шақыратын жаратылыс ретінде көрсетуі мүмкін емес. Олай болса, сіз айтқан хадистің қаншалықты шындыққа жанасатындығын мұсылман ғалымдарының сөздеріне сүйене отырып көрсетуге тырысайық.
Енді сіз қойған сұраққа келсек, бұл – Әбу Хурайрадан риуаят етілген «Бақытсыздық мына үш нәрседе: үй, әйел және атта» деген хадиске қатысты туындаған мәселе. Бірде Бәну Әмир тайпасынан екі кісі Айша анамызға келіп (р.а.) Әбу Хурайраның (р.а.) Пайғамбарымыздан: «Бақытсыздық мына үш нәрседе: үй, әйел және атта», – деген хадис риуаят естігенін айтқан кезде Айша анамыз (р.а.) ашуланып: «Құранды Әбул Қасымға (Мұхаммедке) түсірген Алланың атымен ант етейін! Алланың елшісі мұндай сөзді ешқашан айтқан емес. Алайда ол: «Жәхилия кезеңіндегілер: «Бақытсыздық мына үш нәрседе: үй, әйел және атта», – деп сенеді дей отырып, оның дұрыс емес екендігін айтқан (Фәтхул-Бари, 6-т. 401-б). Осыған қатысты тағы бір риуаятта Айша анамызға әлгі хадис риуаят етілген кезде ол: «Әбу Хурайра хадисті толық жаттамаған. Алланың елшісі: «Алла тағала иудейлердің сазайын тарттырсын. Олар: «Мына үш нәрседе бақытсыздық бар: үй, әйел және ат»,– деп сенеді»,– деп жатқан кезде ішке кірген еді. Ол хадистің бас жағын естімей соңғы жағын ғана естіген ғой»,– деп мәселенің негізін түсіндіріп берген екен (Зәркәши, әл-Ижаба, 114-б.). Осы жерден бұл сенімнің исламға дейінгі қараңғылық кезеңіндегі адамдардың сенімі екенін нақты көреміз. Сондықтан да мәселенің негізін білмей жатып, осындай хадис бар екен деп асығыс шешім шығаруға болмайды. Хадис ілімі күрделі ілімдердің бірі болғандықтан ғалымдар хадисті фиқһ ілімімен қатар оқу керек екенін айтқан.