Олар жинақтаған аяттар мен хадистерді ағылшын тіліне аударып, бұл материалдарды «…Егер білмесеңдер кітап иелерінен сұраңдар». («Нахыл» сүресі, 43-аят; «Әнбия» сүресі, 7-аят) деген Құран аятын басшылыққа ала отырып, кітап иелерінен шыққан саңлақ ғалымдарға жібереді.
Аталмыш аят-хадистердегі ағылшын тіліне аударылған эмбриологияға қатысты информацияларды әлемдегі эмбриология саласының саңлақ ғалымдарының бірі, Канаданың Тронто университетінің (University of Toronto) анатомия факултетінің деканы, эмбриология ғылымының профессоры Кис Моурға ( Prof. Dr. Keith Moore) жібереді.
Мұсылман ғалымдар Моурдан жинақталған материалдарға қатысты пікір білдіруін сұрады.
Егжей-тегжейлі зерттеу жұмысынан кейін Кис Моур өзіне жіберілген аят-хадистердегі эмбриологияға қатысты мәліметтердің көбісі осы саладағы ең соңғы зерттеу жетістіктерімен бүкілдей ұқсас екенін, ешқандай кереғарлық (қайшылық) болмағанын айтады. Сонымен бірге, қалған аз санды мәліметтерге ғылыми сараптама жасауға өзінің мүмкіндігі болмағанын жеткізеді. Себебі онда қамтылған мәліметтер қазіргі ғылымның қамтыған аясынан тысқары болып отыр. Сондықтан ол ақ-қарасын анықтай алмақ емес.
«ӘЛӘҚ». ҰЙЫҒАН ҚАН ЖӘНЕ СҮЛІК
Құран аяттарына үңіліп көрелік:
«Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! (1) Ол, адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. (2)» («Аләқ» сүресі)
«Расында адамды нағыз балшықтан жараттық.(13) Сонан кейін оны жатырда тұратын тамшы қылдық.(14) Сосын тамшыны ұйыған қан жасадық. Ұйыған қанды кесек ет жасап, кесек етті сүйек жасадық та сүйектерге ет қаптадық. Сонан кейін оны басқа бір жаратылыс қып, жан салдық. Жаратушылардың шебері ұлы Алла». (Мүминнүн» сүресі, 12-14 аяттар)
«Ұйыған қан» мәнісіндегі «әләқ» сөзі араб тілінде «сүлік» мағынасын да береді. Яғни, сүліктің қанды сорғанындай бітпеген, қосылмаған заттарды сору, сіміру дегенді меңзесе керек. Бұл қалай болғаны жатырда «ұйыған қан» мен «сүліктің» не қатысы болуы мүмкін?
Кис Моур аса қуатты микроскоп арқылы сынақ (тәжрибе) жасап, эмбрионның алғашқы мезгілде, ұйыған қан күйіндегі формасы мен сүліктің суретін салыстыра бастайды. Профессорды таң қалдырған нәтиже байқалады. Екеуінің формасы бірдей екен! Кис Моур бұған дейін эмбиронның ең алғашқы сатыдағы бейнесі қан сорғыш емдік сүлікке ұқсайтын-ұқсамайтынын білмейтін еді.
Осыған ұқсас әдіс-тәсілдер арқылы, ол Құран аяттары мен Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадистерінен бұрын білмеген, естімеген, көрмеген мәліметтерге қаныға түседі.
Кис Моур Құран аяттары мен хадистердегі мәліметтерге негізделе отырып қазіргі эмбриология ғылымында түйіні шешілмей келе жатқан 80 мәселенің жауабын табады. «Құран аяттары мен хадистер эмбриология саласындағы ең жаңа ашылған жаңалықтармен бүкілдей сай келеді, – дей келіп, Кис: – Егер отыз жылдың алдында мына мәселелерді сұрағандарыңызда, сол кездегі ғылымның деңгейі бойынша, қарапайым мәселелерге де жауап бере алмаған болар едім», – дейді.
1981 жылы Сауд арабиясында өткен VII кезекті медицина конференциясында Моур профессор: «Құрандағы адамзаттың өсіп-жетілуі жайлы айтылғандарды саралауым мені даңққа бөледі. Бұл хабарлардың Мұхаммедке Құдіретті Патша Алла тарапынан түсірілгені талассыз ақиқат.
Бұл адамзатқа ой салады. Өйткені бұл білімдер арасындағы басым көп мәліметтер, адамдар жақын жылдарда ғана байқаған жаңалығы. Бұл информациялар маған Мұхаммедтің (с.ғ.с) нағыз Алла Елшісі екенін дәлелдеп бері»,- деп бүкіл әлемге жариялайды.
Кис Моур ертеде басылған «Адамзаттың өсіп-жетілуі» (Ағылшыншасы: The Developing Human)атты еңбектің авторы еді. Ол Құраннан осыған қатысты информацияларға қол жеткізгеннен кейін, 1982 жылы осы кітаптың үшінші басылымын жазып шығады. Өзгертіп, басқан «Адамзаттың өсіп-жетілуі» атты жаңа кітабы медицина саласындағы ең өтімді кітапқа айналып, әлемдегі маңызды тілдерге аударылды. Сонымен қатар, медициналық жоғары оқу орындарының эмбриология саласындағы оқу құралына айналады.
Джо Ли Симпсон (Dr. Joe Leigh Simpson) – АҚШ-тың Хьюстондағы Бэйлора медицина колледжінің Акушерлік және гинекология кафедрасының меңгерушісі. Ол осы информациялар туралы: «Мұхаммедтің (с.ғ.с) баяндаған бұл хадистерін сол кездегі (б.з. VІ ғасырындағы) ғылымға негіздеп айтуы мүмкін емес. Тұқым қуалау ғылымы мен Ислам діні арасында ешбір қайшылық жоқ… «Құран аяттарындағы хабарлар санаулы ғасырлардан кейін ғылыми шындыққа айналады. Бұл Құранның әлемдердің Раббысы Алла тарапынан түсірілгеніне қуатты дәлел» деп мәлімдеме жариялайды.
ҰРЫҚ ҚАБЫРҒА МЕН ОМЫРТҚА АРАСЫНАН КЕЛЕДІ
«Ал енді адамзат неден жаратылғанына бір қарасын; (5) Бір атылып шыққан судан жаратылған. (6) Ол, бел сүйек пен кеуде сүйектің арасынан шығады. (7)» («Тариқ» сүресі, 86:5-7)
Эмбрион кезіндегі ер бала мен қыз баланың көбею мүшелері, әсіресе, аталық ен мен аналық без бүйрек жақтан бастап өсіп-жетіледі. Омыртқаның он бірінші және он екінші қабырғаның арасына жайғасады. Сонан кейін олар дененің ішінде төмен қарай қозғалады. Қыз баланың жыныс безі (аналық без) жамбасқа барып тоқтаса, ұл баланың жыныс безі (аталық без) одан да төмен түсіп, туылардың алдында шат қуысы арқылы ұмаға барып орналасады. Сонда да есейгенде де төмен қарай жылжыған бұл жыныстық ағзалар нервті қабылдайды және құрсақ артериясынан (күре тамыр) өткен қанмен қамтамасыз етіледі. Бұл арқа сүйек пен қарбырғаның арасында. Сонымен ұқсас мезгілде лимфа бездері мен венадағы қан сұйықтығының кері ағысы да осы жерден өтеді.
(Жалғасы бар)
Оразбек САПАРХАН