Дін дегеніміз – сенім және сол сенімнен туындаған іс-әрекет. Яғни дін – өмірдің мәні мен мағынасы бар екеніне, оған мән мен мағына дарытып жаратқан Ұлы Жаратушының бар екеніне деген Сенім және сол ұлы сенімді, сол дүниетанымды басшылыққа алған Өмір салты

Қазақ өзін «Әлімсақтан мұсылманмын» деп танитын халық. Алайда, қазір біраз замандасымыз: «Тәңіршілмін, менің ұлттық дінім – тәңірлік», – деп, өзінше тереңге тартып, тегін тану һәм ұлтын сақтаудың қамымен мыңжылдық тарихы мен танымын сызып тастағысы келіп жүр.

Кейбір кісілер: «Құранда Тәурат пен Інжілден алынған көптеген мәліметтер бар екен, соған қарағанда Ислам – көшірме дін болса керек» деп күмәнданып жүрсе, жұрттың бір парасы: «Ислам – ең соңғы әрі ең дұрыс дін, басқа діннің бәрі – өтірік…» дегендіктен басқалар: «Ислам діні адамзатты бөлшектейді», – деп пайымсыз пәтуә беріп жүр…

Ең әуелі түсінуге тиіс дүниеміз: Ислам – тарихи тұрғыда соңғы дін болғанымен, мазмұны мен мәні бойынша ең алғашқы әрі соңғы дін; анығырақ айтсақ: тұтас тіршілікті, бүкіл тарихты қамтыған Жалғыз хақ дін! Бұл тұжырымның тұғыры Құран Кәрімде тиянақталған. Бірақ алдымен қисынды ойға кезек берелік.

Сау ақылдың сарабына салсақ: Жаратушы – жалғыз, адам баласы да – бір-біріне (бір ата, бір анадан тараған) бауыр. Ендеше, жер бетіне тараған пенделеріне әртүрлі дін жіберіп, оларды алауыз қылып айқастырып қою; кейбірін таңдап жарылқап, басқаларын мәңгілік азапқа салу – Тәңірінің әділдігіне сай емес тірлік! Құдай – Бір болса, онда Дін де – біреу болуы керек!

«Құдай – Бір болса, онда неге діндер көп?» десеңіз, оның жауабы қасиетті Құранда нақты айтылған. Әңгімені көпке созбай «Мәида» сүресінің 3-аятына зер салып көрейік: «…Бүгін сендерге діндеріңді толық еттім және нығметімді соңына жеткіздім. Әрі сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым» делінсе, ал осы сүренің 48-аятында: «(Уа, Мұхаммед) Біз саған Құранды ақиқатпен, өзінен алдыңғы кітаптарды растаушы және оларға куәлік етуші ретінде түсірдік… Сендерден әрбір үммет үшін шариғат және жол белгіледік. Егер Алла қаласа еді, барлығыңды бір-ақ үммет қылар еді. Бірақ Ол сендерді Өзінің берген нәрселерінде (жол-жобаларында) сынамақшы. Ендеше қайырлы істерде, жақсылыққа жарысыңдар! Барлығың Аллаға қайтасыңдар. Ол сендердің қайшылыққа түскен нәрселеріңнің хабарын береді» делінген.

Бұл аяттардан (және осы секілді аяттардан) түйетініміз: Адам баласының түрлі Жолда (дінде) болуы – Жаратушының қалауы әрі сынағы;  Ислам – алдыңғы иләһи діндерге орта жолдан (пенделер тарабынан) қосылған, бұрмаланған үкімдердің күшін жойып, туралықты қалпына келтірген және өзгермейтін үкімдері Қиямет күніне дейін жүретін соңғы әрі толық дін.

«(Уа, Мұхаммед, оларға): «Ей, адам баласы! Ақиқатында мен – сендердің барлығыңа жіберілген Алланың елшісімін. Аспандар мен жердің иелігі  – Оған тән. Одан басқа ешбір құдай жоқ. Ол тірілтеді және өлтіреді. Тура жол табу үшін Аллаға және Оның елшісіне – Алланың сөздеріне сенуші, оқу-жазу білмейтін Пайғамбарға иман келтіріңдер және оған еріңдер», – деп айт» («Ағраф» сүресі, 158-аят);

«(Уа, Мұхаммед!) Біз сені күллі адамзатқа (иман мен ізгі істердің қарымтасы – кешірім, мейірім, мол сияпат екенін) сүйіншілеуші әрі (адасу, азғындық, қиянат секілді жаман істердің ақыры – ауыр азап екенін) ескертіп-сақтандырушы етіп жібердік. Алайда адамдардың көбі мұны (һәм сенің қадір-қасиетіңді) білмейді» («Саба» сүресі, 28-аят);

«(Уа, Мұхаммед!) Біз сені әлемдерге мейірім-рахым ретінде ғана жібердік» («Әнбия» сүресінің 107-аяты).

Бұл аяттардан (және осы секілді аяттардан) шығатын қорытынды: Ислам – ортақ дін (Заңдылық); алдыңғы пайғамбарлар жеткізген діндер белгілі бір қауымға, ұлтқа келсе, Ислам барша адамзатқа түсірілген әрі Ұлы Жаратушының шексіз мейірімінің көрсеткіші!

Қасиетті Құранның «Ғафыр» сүресінің 78-аятында: «(Уа, Мұхаммед!) Расында сенен бұрын да елшілер жібергенбіз. Олардың кейбірін саған баяндадық, ал кейбірін баян етпедік» делінсе, ал «Нахыл» сүресінің 36-аятында: «Шынында Біз әрбір үмбетке «Аллаға ғана табынып, бұзықтықтан аулақ болыңдар» дейтін пайғамбар жібердік» делінген.

Демек, барлық Пайғамбарлар таухид сеніміне шақырған және адамзат тарихында Құран Кәрімде айтылғаннан басқа да пайғамбарлар болған. (Негізі, Алла Тағала Адам атаны жаратып, жер бетіне түсіргеннен бері адамзат баласына мыңдаған елшілерін жіберген. Сенімді хабарларда «Елшілердің ұзын саны 124 мың» делінеді. Анығын Алла біледі!).

«Ниса» сүресінің 165-аятында былай делінеді: «Сүйіншілеуші һәм ескертуші елшілерді (жібердік). Елшілерден кейін адамдардың Аллаға қарсы бір айғақтары болмауы үшін».

Бұл танымды ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) мына хадисі толықтыра түседі: «Мені мен менен бұрынғы пайғамбарлардың арасындағы айырмашылықтың мысалы: бір адамның бір әдемі үй салып, оны әшекейлеп, тек бір кірпіштің орнын қалдырып кеткені сияқты. Адамдар сол үйді айналып көріп, таң-тамаша болып: «Әттеген-ай, мына бір жердің кірпішін қойса, жақсы болар еді», – деседі. Сол кірпіш менмін. Мен – пайғамбарлардың соңымын»…

«Ақиқатында, Алланың қасындағы дін – Ислам. Кітап берілгендер өздеріне білім келгеннен кейін өзара іштарлық және әділетсіздіктері себебінен ғана қайшылыққа түсті…» («Әли Имран» сүресінің 19-аяты); «Кімде-кім Исламнан басқа дінді қаласа, онысы қабыл болмайды» («Әли Имран» сүресінің 85-аяты).

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Ұят – беттің пердесі

Бұл аяттардан шығатын қорытынды: Барлық пайғамбарлардың әкелген діні – Ислам. Бір Құдай тарапынан жіберілген бүкіл діндердің өзегі – бір, атауы – бір! («Ислам» сөзі – «мұсылман» сөзімен түбірлес сөз, «силм» деген түбірден туындаған; «бейбітшілік, тыныштық, амандық, татулық, келісім, сенімділік, мойынсұну, сәлеметке жету, ықылас және шынайылық» деген мағыналарды білдіреді…)

Бұл сөзімізге тағы бір дәлел: «Әли Имран» сүресінің 67-аятында көптеген пайғамбарлардың атасы болған Ибраһим пайғамбардың (Ол кісіге Алланың сәлемі болсын!) нағыз мұсылман болғандығы баяндалады: «Ибраһим иудей де, христиан да емес еді. Алайда ол – ханиф, шынайы мұсылман еді. Әрі ол серік қосушылардан болмады».

Бұл аяттағы «мұсылман» сөзі – түп мағынасында алынып отыр әрі «Бір Құдайға ғана бойұсынушы» деген мағынаны білдіреді (Осы тұрғыда Бір Құдайға сеніп, бойұсынған барша жанды, ұлтына қарамастан, «мұсылман деуге болады). Яғни, бүкіл пайғамбарлар әкелген Сенім негізі – бір болған, тек шариғаттары (әрекет-амалдары) әртүрлі болған. Бұл жайлы Абай хакім былай толғайды:

Алланың Өзі де – рас, сөзі де – рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті

Алланы танытуға сөз айырмас.

Аманту оқымаған кісі бар ма?

Уәктубиһи дегенмен ісі бар ма?

Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,

Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға.

Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,

Оларға кез-кезімен нәби келді.

Қағида шариғаты өзгерсе де,

Тағриф Алла еш жерде өзгермеді.

Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгермес,

Әһлі кітап бұл сөзді бекер демес.

Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен

Бос сөзбенен қастаспай, түзу келмес…

Келесі бір ойға түйер мәселе: Ақыретте әркімнен (әр қауымнан, әр ұлттан) өз дәрежесіне (танымына, Жолына) сай сұрау болады. Бұл жайлы қасиетті  Құранның «Исра» сүресінің 15-аятында: «Пайғамбар жібермейінше ешкімді жазаламаймыз» деп анық айтылған. Яғни, Алла Тағала қандайда бір елге Өзін танытатын елшілерін жіберіп, үкімдерін түсірмеген болса, сұрау мен жаза да басқа өлшемде жүзеге асады. Бермегінінен есеп алу, білдірмегенін талап ету – Тәңірінің әділдігіне сай келмейді.

Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай Түйіні:

  1. Құдай – Бір, адамзат – бауыр, жіберілген барлық діндер – Бір Діннің, бір Заңның бөлшектері; сол себепті құндылықтар мен тұжырымдар, ойлар мен аңыздар – адамзатқа ортақ болып келеді. Алдыңғы киелі Кітаптарда айтылған дүниелердің басқа Кітаптарда кездесуі де – осы себепті…
  2. Ислам – Құран Кәрімде есімдері аталған және аталмаған барлық пайғамбарларға жіберілген иләһи діндердің ортақ атауы; тарихи тізбекте әртүрлі атаумен, түрлі шариғатпен келгенімен, мәні мен мазмұны тұрғысынан – Бір!
  3. Мұсылман болу – араб болу емес! Өйткені Алла Тағала бізді Қазақ қылып жаратқан! «Уа, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер және бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді танып, білулерің үшін сендерді ҰЛТТАР, РУЛАР ҚЫЛДЫҚ. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз, Алла – бәрін Білуші, бәрінен Хабар алушы!» («Хужурат» сүресі, 13-аят.) Яғни ұлт үшін қызмет ету, ұлттық бет-бейнемізді (тіл, дін, салт-дәстүр, т.б.) сақтау – міндетіміз… Сосын қазақтай батыр һәм дана халықтың қорқып немесе ойланбастан дін қабылдай салуы еш мүмкін емес! Елдің санасы мен жан-дүниесіне әсер етпеген кез-келген құрылым түбі құриды. Өмір – сенімге сүйенеді, мәдениет те – діннің негізінде қалыптасады. Яғни халықтың «құдай заңы» деп қабылдаған сенімі бүкіл тұрмыс-жүйесіне әсер етіп, салт-санасын реттейді.
  4. «Уа, адамдар! Бәріңді бір жаннан (Адам атадан) жаратқан һәм одан жұбын жаратқан, ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдерді өрбітіп, жер бетіне таратқан Раббыларыңа қарсы келуден сақтаныңдар!» («Ниса» сүресі, 1-аят.) Осы аят пен жоғарыда келтірілген Ұлт туралы аяттың мағынасына үңілген жан, Бірлікке, Мейірім мен Әділетке шақырған үндеуді естиді…
  5. Ислам – тұтас әрі толық дін; тіршілік заңдылықтарын түсіндіретін тәңірлік Ілім әрі Ізгілікке негізделген тұтас өмір Жолы. Сондықтан ол адам табиғатымен үндес, болмысына табан тірейді: «(Уа, Мұхаммед) Ханиф ретінде жүзіңді Ислам дініне жөнелт. Алла жаратқан адам баласының табиғи болмысы – сондай. Алланың жаратылысы еш өзгермейді. Осы тұп-тура дін. Бірақ, адамдардың көбі түсінбейді» («Рум» сүресі, 30-аят).

Мұсылман болу – нәпсіңе емес, Рақымды Иеңе бойұсыну; өзгелерден ерекшеленіп, бақталас болу емес, Даралығыңды таба отырып, Бірлігіңді сезіну; тәңірлік танымыңды толықтастыру; қазақтығыңды сақтау; Адам болу! Өйткені: Ислам –  пенде-адамнан Тұлға-Адам қалыптастыратын, тобырдан – текті ұлт жасайтын қасиетті Ілім; махаббатпен жаратқан Ұлы Раббымыздың разылығын табуды үйрететін негізгі Заң; бүкіл Ізгілік ұстындарын бойына жиған, Бақытқа жеткізер Өмір Жолы! Ал дін ұстану, мұсылман болу – жауапкершілік арқалау, жасампаздыққа ұмтылу…

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ

Пікір жазу