Ислам шариғатындағы «истисхаб» дәлелі

    213

    Анықтамасы: Тілдік мағынасы (الاسْتِصْحَابُ)[1] – жолсерікті өзімен бірге ала жүру, айырылмас дос болу, үнемі соңында жүру, үздіксіз ілесу, бірге жүру, серік болу.[2]

    Терминдік мағынасы – қандай да бір мәселенің әуел баста бекіген нормасы, өзін өзгертуші нақты дәлел табылмайынша, сол күйінде жалғаса беруі.[3]

    Осыған орай мынадай екі байлам жасалады:

    1. Әуел баста бар екендігі белгілі бір жағдайдың жалғасып-жалғаспағандығына қатысты күмән туындаса истисхаб жолы арқылы бұрынғы бар болғандығын назарға ала отырып, ол жағдайдың жалғасып жатқандығына қатысты шешім шығарылады;
    2. Әуел баста бар болмағандығы белгілі бір жағдайдың кейіннен туындап-туындамағандығына қатысты күмән туындаса, истисхаб жолы арқылы бұрын жоқ болуына байланысты, қазір де оның жоқ екендігіне қатысты шешім шығарылады.

    Осы екі жағдайға мысал келтірейік:

    —   Егер бір адам ешқандай айыбы жоқ деп бір затты сатып алып, кейін бір айыбы бар деп оны қайтарып бергісі келсе, сатып алып жатқан кезде сол затта қандайда да бір айыптың болып-болмағандығына қатысты сатушымен дауласатын болса, сатушыдан сөзін растайтын дәлел келтіруін талап ете алмайды. Өйткені негізгі ереже бойынша заттың айып-кемшіліктен ада болуы. Қандай да бір дәлел келтірмейінше ол жағдайдың жойылмағандығы қабыл етіледі. Сондықтан, өз уәжін дәлелдеу сатушыға емес алушыға жүктеледі.

    —    Бір адам аңшылыққа үйретілген деген бір аңды (ит немесе бүркіт секілді) сатып алып, содан кейін оның аңшылыққа үйретілмегендігін біліп, ол аңды иесіне қайтарғысы келсе, уәжін дәлелдеуге міндетті емес. Өйткені, ол аңның аң аулауға үйретілгендігін дәлелдеу сатушының міндеті. Өйткені, қандайда бір аңның негізгі ерекшелігі аң аулауды білмеуі. Ал білу ерекшелігі оған үйрету арқылы ғана жүзеге асады. Сондықтан арада дау туындағанда оның білетіндігін дәлелдеу сол аңды аңшылыққа үйретілген деп сатқан адамның мойнына жүктеледі[4].       

    Осыған орай бір келісім немесе сауда-саттық, бір аңның яки жәндіктің, өсімдік немесе қандайда бір жейтін, ішетін яки тұтынатын нәрсенің т.б. жалпы бір істің үкімін білгіміз келсе, сол іс-әрекетке қатысты қандайда бір діни мәтін келіп жетпесе «әл-Аслу фил-әшйаи әл-Ибаха» (кез-келген нәрсенің негізі – оның  мүбах болуы) деген қағидаға сүйене отырып оның мүбах[5] екендігіне үкім беріледі.

    Бұл қағидаға дәлел ретінде Құрандағы «Ол – жердегі (яғни, жердің асты-үстіндегі) бүкіл нәрсені сендер үшін жаратты»[6], «Көктер мен жердегі барлық нәрсені Өзінен (сый ретінде) сендерге бағындырып қойды»[7] деген аяттар көрсетіледі. Бұл жерде адам баласы үшін жаратылғандығын басты назарға бере отырып, айтуы оның мүбах екендігін көрсетеді[8].

     

    Истисхабтың дәлел ретінде саналуы

    Истисхаб қандайда бір мәселеге қатысты дәлел табылмаған жағдайда қолданылады. Барлық мәзһабтар истисхаб дәлеліне сүйене отырып үкімдер шығарған. Бірақ, қолдану ерекшелігіне байланысты ғалымдар оны әр түрлі атаумен қолданған. Тіпті қиясты дәлелге санамаған захирилер мен имамия мәзһабтарының өзі истисхабқа жүгіне отырып, көптеген мәселеге қатысты үкім шығарған. Теориялық тұрғыдан истихсанды дәлел ретінде алмаған шафиғилер де истисхабты өзге мәзһабтарға қарағанда көбірек қолданған. өйткені өзге мәзһабтардың әдет-ғұрып пен истихсанға негіздей отырып үкім шығарған мәселелерде имам Шафиғи истисхаб дәлелін қолданған. Ханафи мен мәлики ғалымдары көбіне қияс, истихсан секілді ижтихад тәсілдеріне көбірек жүгінгендіктен истисхабты өзгелерге қарағанда аз қолданған.

    Истисхабтың дәлелдігіне қатысты ғалымдардың көзқарастары әр түрлі. Солардың ең негізгі екеуі мыналар:

     1. Ханафи мен мәлики ғалымдары истисхаб дәлелін бір мәселенің керісінше жағдайы мәлім болмайынша ескі күйінде қалатындығын дәлелдеу мақсатында айғақ ретінде қабылдайды[9].

    Осыған орай, истисхаб арқылы адам жаңа құқық иеленбейді, керісінше ескі құқығынан айырылудың алды алынады. Бұл «мәфқуд» (жоғалып кеткен адам) мәселесінде жақсы көрініс тапқан. «Мәфқуд» деп не өлі, не тірі екені беймәлім күйде жоғалып кеткен адамға айтылады. Егер бір адам хабарсыз жоғалып кетсе, сот арнайы зерттеулер өткізіп, ол адам қайтыс болды деген үкім шығармайынша, оның әйелі заңды жубайы болып есептеледі.[10] Қысқасы, жоғалған адамға тән жүретін құқықтары, өлгені дәлелденбейінше, тірілерге жасалған үкім жүреді. Мал-мүлкі мұрагерлерге үлестіріліп берілмейді, әйелі басқаға тұрмысқа шыға алмайды. Өйткені жоғалған кезде оның тірі екені нақты белгілі болған. Өлгендігі дәлелденбейінше «тірі» деп қабылданады. Бірақ, артта қалдырған мирасшыларының, әсіресе жұбайының тап болатын қиыншылықтарын жеңілдету үшін жоғалған кісіні сот арқылы өлген деп үкім шығаруға болады. Ханафилардың тұжырымы бойынша сондай үкім шығару үшін жоғалған адамның замандастарының қайтыс болуы немесе 90 жасына жетуі шарт қойылады. Мәликилердің тұжырымы бойынша адам жоғалған уақытынан төрт жыл өтуі керек. Соғыс кезінде жоғалғандар үшін күтілетін мерзім – соғыс бітіп, жауынгерлер мен тұтқындардың оралғандарынан бастап бір жыл өтуі керек.

    Алайда, жоғалған кісі табылған жағдайда ол жаңа құқық иеленбейді. Бұл уақыт аралығында мұра немесе өсиет ету жолымен оған қандайда бір мүлікті иелену құқы өтпейді. Осыған орай, оның жоғалып кеткен кезеңінде мұрагер болатын бір туысы қайтыс болса, оның үлесі ықтияттылық үшін бөлек алынып қойылады. Егер, аман-есен оралса оны алады. Егер, сот ол жайлы қайтыс болды деп үкім шығарса, онда ол үшін қалған үлес өзге туыстар арасында жаңадан бөліске салынады. Өз дүние-мүлкіндегі құқы сот тарапынан өлгеніне қатысты шешім шыққанға дейін жалғасады да қайтыс болғандығына қатысты шешім шығарылған кезде ғана мұрагерлеріне үлестіріліп беріледі. Яғни, ол һәм мұрагер һәм мұра қалдырушы бола алмайды.   

    Ханафи және мәлики мазхабы бойынша истисхаб ол үкімді жоюда емес, керісінше бекітуде дәлел ретінде қолданылады. Сондықтан ханафилерде истисхабтың бұл мағынасы жоқ нәрсеге емес бар екендігі белгілі нәрсенің болмысын сақтау үшін дәлел саналады.[11]

    2. Мәлики, шафиғи, захири мен шиғалардың көпшілік ғалымдары истисхабты бір нәрсені әрі жою үшін әрі дәлелдеу үшін де айғақ деп қабылдайды. Олардың көзқарасы бойынша жоғалып кеткен адам басқаларындағы өз ақысын алады.  Истисхабқа сүйене отырып оның аман екендігіне қатысты үкім беріліп, басқаларға мұрагер бола алады әрі өзіне біреу өсетпен мүлік қалдырса оны иелену құқын алады, дүние-мүлік иеленуге қатысты ескі құқықтары жалғаса береді. Олардың көзқарасында қайтыс болғандығы айқындалғанға дейін тірі ретінде қарастырылып, тірі адамға тиесілі бүкіл құқықтарға  иелене алады. Өйткені негізгі қағидаға орай оның тірі болуы, өлгендігі дәлелденбейінше осы негізге қарай истисхаб жасалады[12].

    Шафиғи мен ханбали ғалымдарының көзқарасы бойынша бұрын бар болып кейіннен оның жалғасып-жалғаспағандығына қатысты күмән туындаған дәреттің, некенің немесе мүлікке иеліктің жалғасуына исхаихаб жолымен үкім шығарылады. Олар «Егер истисхаб дәлелге саналмаса, аталған жәйттардың осылайша жалғасатындығына қатысты үкім шығарыла алмас еді»,– дейді[13].

     

    Истисхабтың түрлері

    1. Тыйым салатын қандайда бір дәлел табылмайынша бір нәрсені пайдалану немесе қандайда бір істі жасаудың мүбах екендігіне қатысты шешім қабылдау ибахасы.Бұны фиқһ методологиясында «истисхабу әл-Ибахати әл-аслияти лил әшйа» деп атайды.

    Егер бір жануарлардың, өсімдіктердің, заттардың, сусындардың, амал-әрекеттің, келісімнің немесе бүйрықтын үкімін білгіміз келсе, бірақ ол туралы мәтінде (Құран мен хадисте) еш нәрсе айтылмаса, біз оны мубах деп білеміз. Себебі, әрбір нәрсенің негізі, оны харам қылатын дәлел келмесе рұқсат болып табылады. Ал егер бір нәрсенің харамдығына дәлелі болмаса, онда ибаха етілген нәрсенің үкімі дәлел бола алатынына, Аллаһ Тағаланың рұқсат берген мына:

    «Ол – жердегі (яғни, жердің асты-үстіндегі) бүкіл нәрсені сендер үшін жаратты. Содан соң (қалауы мен құдіретін) көкке бағыттап, оны жеті қабат аспан етіп жүйеге келтірді. Ол – барлық нәрсені толықтай білуші» [14] сөзіндегі келген үкімге истисхаб жасаумен рұқсат етіледі.

    Бұл аятта адам баласына болмыстағы барлық нәрсенің бағындырылғандығы баяндалған. Кез келген нәрсе адам баласы үшін ерекшеленіп бағындырылса, онда жаратылыста харам болмаған барлық нәрсе адамзат үшін руқсат етіліп жаратылды деген мағынаны білдіреді. Аллаһ тағала адам баласы үшін Өз мейірімінен жер бетінде көптеген ризықтар жаратты. Бұл аятта, жер бетіндегі ризықтардың харамдығы дәлелденбейінше, халал және таза екендігі айтылуда, себебі Алла тағала мейірімін меңзеп тұр. Және бұл аятқа сүйеніп, бүкіл харам және зиянды нәрселерге тыйым салынғандығын айтуға да негіз бар. Өйткені Аллаһ адамзатқа пайдасы бар нәрселерді жаратқандығын айтуда.

     «(Уа, Мұхаммед! Оларға): «Аллаһтың құлдары үшін жаратқан адам көркі киім-кешекті және таза әрі пайдалы адал ризықтарды кім харам ете алады?» – деп айт.»[15]

    «Бүгін сендерге таза әрі дәмді нәрселер адал етілді»[16]. Бұл жердегі «таза» деген сөз ибахалықты емес, жақсы деп танылған нәрселерді меңзеуде.

    Жоғарыдағы аяттарға сүйене отырып, егер бір нәрсенің харам екендігі білдірілмесе, оның халал (адал) болатынын аңғарамыз.

    Олай болса, мужтахид бір мәселе туындағанда оның үкімдерін діни дәлелдерден немесе қияс әдісіне яки маслахат (қоғамның пайдасын көздеу) ұстанымына қарай зерттейді. Ол дәлелдердің бірінен оған қатысты үкім таппаса, жоғарыда аталған «кез-келген нәрсенің негізі – оның  мүбах болуы» деген ұстанымға сай оның мүбах екендігіне үкім береді.

    Истисхабтың бұл түрін жетекшілікке алуға қатысты ғалымдар бір пікірде, бірақ кейбір ғалымдар бұның истисхаб деп аталына келеспейді[17].    

    2. Қандайда бір дәлел табылмайынша жауапқа тартылмау истисхабы.

    Ислам құқығы бойынша бір адамның жауапты екендігін дәлелдейтін нәрсе табылмайынша оның жауапты емес екендігі негізге алынады. Кінәсі дәлелденбеген адамға немесе шариғат негіздерімен міндеттелмеген нәрсеге истисхаб жасауды айтады. Сондай-ақ, айыпталушының кінәсін сотта заң бойынша дәлелденгенше оны кінәсіз деп санау принципі. Яғни, адамның кінәсі дәлелденбейінше, оған кінә тағылмайды.

    Бұл ережеге адам арының кінәсіз және міндеттерден бос екеніне байланысты шариғаттың міндеттері мен оның ішіндегі реттелген құқықтары жатады. Асылында, шариғаттың міндеттері мен құқықтарын негізі бойынша  адамның ары таза әрі міндетсіз болып табылады. Егер шариғатта бес уақыт намаз бекітілген болса, онда алтыншы уақыттың парыздығы негізге теріс келеді әрі дәлелді талап етеді. Сол секілді шариғатта Рамазан айында ораза ұстау парыз екендігі белгілі, ал Шаууәл айындағы ораза уәжіп деу, негізге қайшы келіп, дәлелді талап етеді. Осыған қатысты тағы бірнеше мысал келтіре кетейік:

    —  Егер бір адам екінші бір адам маған қарыз деп шағымданып, бірақ оның қарыздар екенін дәлелдей алмаса әлгі адамның қарыз емес екендігіне қатысты үкім шығарылады. Өйткені негізгі ереже бойынша қарыздар екеніне дәлел келтірілмейінше оның қарыздар емес екендігі тұжырымға алынады.

    — Егер саудада серіктес екі адам пайданың түсуіне қатысты дауласатын болса, сауданы тікелей жүргізуші серіктес «ешқандай пайда түспеді» десе, екінші серіктес оның пайда түсіргенін дәлелдей алмаса, істі тікелей жүргізуші тараптың сөзі негізге алынады. Өйткені негізгі ереже пайданың түспеуі, өйткені пайданың түсуі басқа себептерге тәуелді. Сондықтан дәлел табылмайынша негізге сай истисхаб жасалынады.    

    — Бір әйел мен еркек өздерінің үйленгендіктерін дәлелдей алмаса, олар үйленбеген деген тұжырым жасалады. Өйткені негізі нәрсе оның жоқ болуында.

    Бұл истисхаб түріне да ғұламалар бір ауыздан келіскен.

    3. Себебі жойылғанға дейін діни һәм ақли тұрғыдан бар екендігі үкімінің өзгеріссіз саналу истисхабы.  Мысалы, себебі яки құжаты бар кезде дүние-мүлікке ие болу құқығының жалғасуы. Ол сауда келесімінің қолында болуымен  дәлелденеді. Сол секілді неке қиылғаннан кейін екі ерлі-зайыптылардың бір-біріне адал болулары, қарызданған адамның қарызын өтегенге дейін жауапкершіліктің мойнында қалуы осы истихабқа негізделеді. Түсініктірек болу үшін бірнеше мысал келтіре кетейік

    — Алу-сату, мұрагерлік сепкілді себептерге байланысты бір адамның мүлікке иелену ету құқын айғақтайтын құжат болса, қанша уақыт өтсе де мейлі қандайда бір себепке байланысты ол мүліктен айрылғандығын айғақтайтын дәлел табылғанға дейін оның меншіктік құқы жалғаса береді.

    — Неке келісімі негізінде құрылған отбасы қанша уақыт өтсе де ерлі-зайыптылықтың бұзылғандығын көрсететін қандайда бір дәлел жоқ болса, ол заңды некенің жалғасып жатқандығы қабылданады.

    — Бір адамның мойнында қарызы болса, қарызын өтеуі қажет. Оның қарызын өтегендігіне қатысты қандайда бір айғағы жоқ болса, оның әлі де қарыздар екендігі үкімі жалғаса береді.

    Олай болса діни һәм ақыл тұрғысынан бір жағдайдың бар болып, кейіннен өзгергендігіне қатысты дәлел жоқ болса, ол жағдайдың жалғасып жатқандығына қатысты тұжырым жасалады. Истисхабтың осы түрін де ғалымдар бірауыздан қабылдаған[18].  

    Фиқһ ғалымдары истисхабқа сүйене отырып кейбір ережелер бекіткен солардың ішінедегі ең маңыздыларына қысқаша тоқтала кетейік:

    1. Негізінде бір жағдайдың өзгергендігіне қатысты дәлел табылғанға дейін, бұрынғы жағдайды сол күйі қалады. Бұл ережеге қатысты мысал жоғалған адамның қайтыс болғанына қатысты дәлел табылғанға дейін ол тірі деп саналады.

    2. Негізінде барша нәрсе мүбах. Бір нәрсенің үкіміне қатысты нақты дәлел табылмайынша ол нігізінде мүбах деп саналады. 

    Егер бір жануарлардың, өсімдіктердің, заттардың, сусындардың, амал-әрекеттің, келісімнің немесе бұйрықтын үкіміне қатысты діни мәтіндерде (аят-хадис) мәлімет кездеспесе оның мүбах екендігіне қатысты үкім беріледі. Бұған қатысты мысалдар мен дәлелдер жоғарыда келтірілген болатын.  

    3. Айқын нәрсе күмәнмен жойылмайды

    Егер бір нәрсенің бар екеніне көзіміз жетіп сенімді болып, кейін оның бар екендігіне күмәндансақ, оған бар деген үкім беріледі. Өйткені бар екендігіне қатысты алғашында сенімділік болған. Оның жойылғандығы күмәнді болғандықтан негізге алынбайды. Сондықтан бар екендігіне қатысты нақты көз жеткізілген сенімді нәрсе күмәнді нәрсе үшін тасталмайды. Сондықтан ғалымдар бұл жайлы: «Айқын нәрсе (яқин) күмәнмен жойылмайды» деген. Бұған қатысты фиқһ кітаптарында мынадай мысалдар келтірілген:

    — Дәрет алғандығын нақты білген адамның ойына дәретінің бұзылып-бұзылмағандығы жайлы күмән туындаса, алдында дәреттің бар екендігі нақты мәлім болғандықтан дәреті бар деген тұжырым жасалады.

    — Ораза айында таңға жақын бір нәрсе ішіп-жеген адам таңның атуынан бұрын немесе кейін жегенін нақты білмей күмәнданса, ол күнгі оразасын қаза етудің қажеті жоқ. Өйткені ол тамақ жеуді бастаған кезде таңның әлі атпағандығы нақты белгілі еді. Бірақ жеп болған кезде таңның атып-атпағандығы күмәнді. Ондай жағдайда керісінше жағдай нақты дәлелденге дейін нақты білінген жағдай негізге алынады. Алайда мәселе күмәнді күйде қалмай таңның атуынан кейін ішіп-жегендігі нақтыланса, сол күнгі оразасын қайта ұстау қажет, кәффәрат қажет емес.  

     

    Истисхаб дәлелдердің соңғысы

    Истисхабтың анықтамасы мен түрлеріне жіті назар аударған кезде оның жаңа бір үкім бекітпейтіндігі нақты көрінеді. Қайта керісінше бұрын бар болған бір үкімнің жалғасын тапқандығын қабыл етуге истисхаб делінеді. Сондықтан, ғалымдар «Истисхаб жаоқ нәрсені бар деп қабылдауда емес, бар нәрсені сол күйі қалдыруда дәлел болып табылады» деген.

    Яғни бір мәселеде Кітап, Сүннет, Ижмағ және Қияс дәлелдерінен арнайы үкім табылмаған жағдайда мүжтәһид ғалымдары «истисхаб» дәлелі арқылы шешім шығара алады.[19] Басқаша айтқанда, анық дәлел табылмаған жерде истисхаб уәж ретінде қолданылып, пәтуа беру үшін соңғы сүйенетін негіз болып табылады. [20] Осыған орай Хорезми «әл-Кафи» атты кітабында: «Истисхаб – пәтуа шығарар кезде ең соңғы кезекте жүгінілетін негіз. Өйткені, пәтуа беретін адам өзінен бір мәселенің үкімі жайлы сұралғанда алдымен оның үкімін Құраннан, сосын сүннеттен, сосын ижмадан, сосын қиястан іздейді. Олардан бір үкім таппаса онда оң немесе теріс үкімді «жағдайға қатысты истисхабтан» шығарады. Егер, күмән алдында бар болған үкімнің жойылып-жойылмағандығына қатысты туындаса, негізгі ұстанымға орай оның жойылмағандығында. Егер, күмән бір жағдай немесе үкімнің болып-болмағанына қатысты туындаса, оның болғандығы негізге алынады»[21] деген  екен.

    Қорыта айтар болсақ, истисхаб дәлелі фиқһ ғалымдары үшін үкімі белгісіз мәселелерді шешуде бір кеңдік пен жеңілдік жасап, мәселелерді тез әрі оң шешуге қолғабыс етеді. Сонымен қатар бұл дәлел ислам дінінің кең дін екендігін, үкімдерінің адамдарға қиындық келтірмеу үшін бекітілген адам табиғатына сай дін екендігін көрсетеді.

    Міне осылайша ханафи әрі өзге де фиқһ ғалымдарының үкім шығарар кезде басшылыққа алып, жүгінген дәлелдерін қысқаша болса да баяндап шықтық. Бұның бәрі бізге мұсылман құқық жүйесінің кең, кез келген уақыт пен кеңістіктегі қажеттіліктерді өтей алуға оңтайлы екенін көрсетеді. Оның принциптері кейіннен туындаған кез-келген мәселелерді оң шешуге тиімді де әрдайым динамизмін сақтай алатын күрделі де сан-салалы жүйе. Кейбіреулердің білместікпен айтқанындай бір ғасырға ғана тән, қатып-семіп қалған жүйе емес. Сонымен қатар Құран мен сүннетті негізге алған мұсылман ғалымдарының туындаған жаңа мәселелерді шешуге қатысты үлкен күш-жігер жұмсап, мейлінше исламның рухына қайшы әрекет етпеуге бар мүмкіндіктерін сарп еткендіктерін, діни мәселелерді шешудің кез келген адамның жасай беретін емес, соған лайық болған мужтахид ғұламалардың ғана жасай алатын күрделі әрі ғылыми ізденіс пен біліктілікті талап ететін ісі екеніне көз жеткіземіз.

    Алау ӘДІЛБАЕВ,

    теология ғылымының докторы



    [1] Терминдік мағынасын шектеп алмас үшін, оның қазақша атауын араб тіліндегі түпнұсқасын өзгертпей, «истисхаб» деп белгілеуді абзал көрдік.

    [2] Усул әл-Фиқһ фи суәл уә жәуәб, Саид Хусейн ас-Садр, 237 б.

    [3] Исламский энциклопедический словарь, А.Али-заде, Ансар 2007 ж., 795 б.

    [4] З. Шағбан, усулул-фиқһ, 188-189-б.

    [5] Мүбах – жасалып-жасалмауына қатысты діни тұрғыдан ешқандай кедергі жоқ, жауапкердің өз еркіне қалдырылған іс-әрекеттер.

    [6] «Бақара» сүресі, 29

    [7] «Жәсия» сүресі, 13

    [8] У. әз-Зухәйли, әл-Уәжиз, 113-б.

    [9] Ф. Атар, 229-б.

    [10] Исламский шариат, Абдур Рахман И. Дои, 112 б.

    [11] Уәһбату әз-Зухаили, әл-усул әл-фиқһ, 108-б.; Абдул Азим Шарафуддин, 31 б.; Тасһил усул,  Шаши, 200-б.; Муғжам мусталахат усул фиқһ, 24-б.

    [12] У. әз-Зухәйли, 115-116-б.

    [13] Ф. Атар, усулул фикһ, 230-б.

    [14] Бақара сүресі 29 аят.

    [15] «Ағраф» сүресі 32 аят.

    [16] «Маида» сүресі 5 аят.

    [17] З. Шағбан, 189-б.

    [18] З. Шағбан, 190-191-б.

    [19] Ислам ғылымхалы, Хайреттин Өзтүрк, Хикмет баспа үйі, Алматы 2010 ж., 295-296 б.

    [20] ИЛЬМ УСУЛЬ АЛЬ-ФИҚҺ Наука об основах исламской юриспруденции, книга подготовлена по материалам книги «FIKIH USÛLÜ» Doç. Dr. Fahrettin Atar, İstanbul 1988. 1-е издание. Перевод с турецкого Т.Хабибуллин – М.: ООО «Издательская группа «САД», 2005.

    [21] Шәукәни, Иршадул-фухул, 28-беттен алған З. Шағбан, 191-б.

    Пікір жазу