Сұрақ: Ислам құлдық мәселесіне қалай қарайды?

Жауап: Бүгінде белгілі бір мемлекетте қалыптасқан «құлдық» жүйе жоқ. Бірақ, өкінішке орай адамдарды ұрлап, күш қолданып, зорлық-зомбылық жасап, оны «құлдыққа» сатып жіберу немесе сұрауы жоқ бір қаңғыбас мүсәпірді ұстап алып, қойын бақтыру, диқандыққа салып қою фактілері бар. Ең сорақысы олар өздерінің осындай арсыз қылықтарын дінмен байланыстырып, аяттармен ақтап алғысы келеді.

Біріншіден, ҚР Конституциясының 12-ші бабында адам құқықтары мен бостандығы қорғалған: «Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі».

Екіншіден, «құлдық жүйе» келмеске кетті. Құлдық жүйе исламнан бұрын болған еді. Ислам келгеннен кейін ақырындап құлдық жүйемен қарсы күресті. Сөйтіп, «адам өмірінің құндылығы», «адам құқығы», «кісі ақысы», «құлды азат ету» сияқты тұжырымдарды қалыптастырып, халықтар арасында тарқатты, халықты осылай жасауға жігерлендірді. Сол үшін біз аяттарда «құлды азат ету» үкімдерін жиі кездестіреміз:

«Бір мүміннің бір мүмінді өлтіруіне болмайды. Бірақ қатеден болса басқа. Және біреу, бір мүмінді қателесіп өлтірсе, сонда бір мүмін құл азат етуі әрі өлгеннің иесіне құн тапсыруы керек. Бірақ олар кешірім етсе ол басқа. Егер өлтірілген сендермен дұшпан елдегі бір мүмін болса, (құн төлемей) бір мүмін құл азат етуі керек. Ал егер (өлтірілген мүмін) сендермен олардың арасында келісім болған бір елден болса, өлгеннің иесіне құн тапсырып, әрі бір мүмін құл азат етуі керек. Егер, құл азат етуге шарасыз болса, екі ай үзбей ораза ұстауы керек, тәубені қабылдау Алладан. Алла – бәрін білуші, хикмет иесі (Ниса: 92). 

Исламды перде ретінде жамылып, «құлдықты» ақтап алғысы келетіндердің әрекеттері қате. Мысалы, «ДАИШ» (бұл ұйым Қазақстанда тыйым салынған).

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Адал ризық табудың пайдасы неде?

Сонымен ислам өзінің атына сай халық арасында «бейбітшілік», «амандық», «саламаттық», «адам құқығы» және сол сияқты құндылықтарды насихаттады. Құл ұстауды құптамай, керісінше, оларды азат етуге жағдай жасады, құлды азат ету арқылы оған жаңа өмір сыйлауды құп көрді.

Жалғас Садуахасұлы

Пікір жазу