Ислам сенімі бойынша бұл дін – баршаадамзатқа түсірілген дін. Адамзаттың түр-түсі, тілі және ұлты сан-алуан болса да, барлығы бір атадан тарағандығын ескерте отырып, бір-бірімен танысуға, түсінісуге және өзаракөмекке дайын болуға шақырады. Тартысуға, бұзақылық жасауға, жанжалдасуға тыйым салады. Осыған орай Құранда: «Ей, адамдар! Шынында Біз сендерді бір ата мен бір анадан (Адам мен Хауадан) жараттық. Сендер бір-бірлеріңмен танысып, білісулерің үшін ұлттар мен ұлыстарға бөлдік. Алланың алдындағы ең ардақтыларың – тақуаларың» [«Хужрат» сүресі, 13-аят] деп, әлемдегі барша адам бір-біріне бауыр екендігі меңзелген.
Ислами ақыл-ой өте биік болғандықтан, белгілі бір мәдениеттегі ерекшеліктерді исламға жат деп тосырқамайды, қабылдаудан қашпайды, керісінше, оны таразылап, зерттеп, ислам мәдениетінің өркендеуіне ықпал ететін тұстарын ала біледі. Мұхаммед пайғамбар: «Даналық момынның (мұсылманның) жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да, (иеленіп) алсын» деген. Сонымен қатар: «Білім Қытайда болса да іздеп барыңдар» деген хадис бар, оның мәні – «мұсылманшылықты ұстанбайтын жұрттан немесе өте шалғайдан болса да білім алыңдар» дегенді білдіреді.
Мұсылмандар өз өркениетін қалыптастыру барысында сол заманғы барлық мәдениеттің, яғни жаһандану үдерістерінің озық жетістіктерін пайдалана білген. Осыған орай белгілі ислам философы Ибн Рушд: «Шариғат бұрынғылардың кітаптарына үңіле зер салуды жүктейді, олай болса болашақтағы әрбір жаңа нәрсеге үңіле ден қою да соған жатады» деген. Сонымен қатар өзге ұлттар мен діндер өкілдерінің еңбектеріне қатысты: «Олардың өз кітаптарында айқындап айтып бергендері ақиқатпен ұштасса, қуана қабыл алып, рахмет айтамыз, ал ақиқатқа сай келмесе, ескерту жасап, басқаларды сақтандырып, қателіктеріне кешіріммен қараймыз» деген.
Ислам ғалымдары өзге мәдениеттерге осындай сындарлы көзқарас білдіреді. Әр буын өз заманымызда сырттан келетін өзге мәдениет көріністеріне ақыл-парасат тұрғысынан қарап, ізгілік ұстанымдарына үйлесетін тиімді тұстарын ғана алуықажет. Исламдағы жаһандануды құптайтын көзқарастар адамгершілік пен көркем мінез-құлық ұстанымдарын тарату, адамның қадір-қасиетін, еркіндігін, теңдігін қорғау, жанұяға қамқорлық көрсету, адамдар арасында әділдік таразысын орнату, адамның нәсілін, дінін, ақылын, ар-ұждан, дүние-мүлкін қорғау және зұлымдыққа, басынушылыққа тосқауыл қою қағидаттарына негізделген.
Дінаралық келісім, діндер сұхбатына Ислам шариғаты қалай қарайды?
Ұлы социолог ғалым Ибн Халдун айтқандай, адам баласының болмысы қалалық өмірге бейім, қоғамшыл болып табылады. Оның бұл қасиеті тарихтың алғашқы дәуірінен бастап оны топтасу, жиналу сияқты әрекеттерге жетеледі. Мұндай нәтижеден кейін адам қоғамының мүшелері өзара ықпал мен қарым-қатынасқа тап болды, бұл үшін қоғамдық келісімдер мен өзара түсіністіктер қалыптасуы керек болды.
Сондықтан мақсат-мүдделердің орындалуы үшін адамзат қоғамы ғасырлар бойы өзара диалог жүргізіп келді. Ал жиырмасыншы ғасырда диалог мәселесі жеке көтеріліп, ең өзекті мәселе ретінде қарала бастады. Өркениетаралық және дінаралық диалог жүргізіп, әлем халықтарының арасында келісім орнатамыз деген мақсатпен ұйымдастырылған шаралар бірнеше ондап саналады.
Дегенмен мұсылмандардың соңғы ғасырларда басқа халықтардан материалдық, технологиялық тұрғыдан біршама артта қалғаны өмірдің рухани аспектісіне соңғы кезекте көңіл бөлетін халықтарды исламға үстемдік көзімен қарауға жетелей бастады. Бұл мәселенің өршуіне әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының да қосып жатқан үлесі жоқ емес.Осындай кезеңде терроризм, экстремизм, радикализм, фундаментализм, диалогқа қабілетсіздік секілді айыптаулар исламға жала ретінде жабыла бастады. Сондықтан оларға жауап ретіндеислам дінінің басқа дін өкілдерімен келісімде өмір сүруге және төзімділікке шақырып келгенін Құран мен сүннетке сүйене отырып дәлелдейтін ғылыми еңбектерге мұқтаждық пайда болды. Бұл іске қазір көптеген мұсылман ғалымдары атсалысуда.
Құранды негіз еткен Мұхаммед пайғамбар дәуірінен бастап, өзге дін өкілдері мұсылман өлкелерінде бейбіт қатар өмір сүрді. Басқа дін өкілдерімен келісімшартқа отырып, олардың құқығына қол сұқпай, діндері мен өздерін құрметтеу сол кезеңнен қалыптасты. Медина қаласындағы яхуди тайпалардың өкілдері Бану Құрайза, Бану Қайнуқа және Бану Ан-надир сияқты тайпалармен өзара келісімшартты исламның алғашқы дәуірінде-ақ жасасқан болатын.
Бірде Нажран өлкесінен Медина қаласына христиандардың бір тобы келіп, бірнеше күн тұрақтайды,Мұхаммед пайғамбарға келіп, пікір алмасады. Христиан дінінің өкілі болса да оларға Мұхаммед пайғамбар мұсылман мешітінде құлшылық жасауға рұқсат береді. Осы оқиғаға байланысты Құранның «Әли Имран» сүресінде сексеннен аса аят келген.
Мұхаммед пайғамбардың христиан және басқа дінді ұстанатын елдердің патшаларына және көсемдеріне хаттар жолдауы да олармен арадағы диалогтың бір түрі еді. Эфиопия патшасы Нажжашиге, Рим патшасы Гераклге, Мысырдағы копттаркөсемі Муқауқиске және Ямама елінің басшысы Һауаза әл-Ханафиге оларды исламға шақырып, сахабалар арқылы хаттар жолдады. Осы айтылғандар ислам дінінің шынайы болмысында өзара сұхбат пен дінаралық келісімге негіз боларлық қағидаттардың көп екенін аңғартады.