Үйленбекші болған сахаба Муғира ибн Шубәға (р.а.) пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Үйленетін қызыңды көр. Өйткені үйленбей тұрып оны көру бір-біріңе деген сүйіспеншіліктің баянды болуына септігін тигізеді» (Нәсаи, Сүнән). Осыған орай фиқһ ғалымдары екі жастың үйлену ниетімен бір-бірімен кездесуіне болады деген. Бірақ үйленетін екі жастың бір-бірімен жолығысуы үшін қастарында қыз жағынан немесе жігіт жағынан бір туыс әйел жүруі керек. Себебі, дініміз бойынша некесі қиылмаған қыз бен жігіттің оңаша қалуы харам саналады. Екі жастың қателіктерге ұрынбауы үшін жастардың оңаша кездесуіне дінімізде тиым салынған. пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде: «Ер адам қасында махрамы (яғни, өзімен үйлене алмайтын ет жақын туыстары) болмаған бөтен әйелмен оңаша қалмасын», – деген (Бухари, Сахих). Тіпті бір хадисінде ер кісі мен әйел адам жалғыз қалғанда қастарында шайтан болатынын ескертіп былай дейді: «Ер адам бөтен әйелмен оңаша қалмасын, өйткені олардың үшіншісі шайтан болады».
Ислам діні бойынша қыз бен жігіттің кездесуі бір-бірімен тілдесу, бір-бірінің ойларын білу мақсатында болуы қажет. Шүйіркелесу барысында екі жас бір-бірінің сұрақтарына еш нәрсені жасырмай, бүкпесіз жауап беруі керек. Әрі өздерінің талап-тілектерін де білдіргені дұрыс. Сонда ғана олар болашақ жары жайлы дұрыс мәліметтер ала алады.