«Ислам дінінің қазақ даласында таралуы бейбіт түрде жүзеге асты» дейтін жалған тарих жасаудан сақ болуымыз қажет. Исламның абыройын жалған тарих арқылы көтере алмаймыз. Керісінше қазақ даласында белгілі бір тарихи кезеңдерде өмір сүрген діндер арасынан оқ бойы озып шығып,жеке-дара таңдалып, ұлт дініне, ата дінге айналуы исламның шын мәніндегі озықтығын айқындайды.
Қазақ даласында исламға дейінгі дәуірде түркілердің төл діні – тәңірлік сенім салтанат құрып тұрды. Тәңірлік сенімнің діліміздегі, дәстүріміздегі, мәдениетіміздегі іздері әлі сайрап жатыр. Сонымен қатар еліміздің жекелеген өңірлерінде исламға дейін христиан діні мен зороастризмнің (отқа табынушылық) де белгілі бір тарихи мерзім ішінде өмір сүргені белгілі. Олар исламдық деректердің өзінде «тарса» (христиан) және «мұғ» (отқа табынушы) қауымдар ретінде атап көрсетіледі.
Исламның алғашқы кезеңінде бейбіт жолмен дінге бет бұрмаған елдерге исламды таратудың бір жолы қарулы күрес болды. Дін тарату жолындағы соғыстардың Орта Азия жерінде де көптеп жүргізілгенін біздің тарих тұрмақ, араб-парсы тарихи деректері де жоққа шығармайды. Өзіміз мектеп оқулығынан білетін Мауараннахрда дін жорықтарын жүргізген араб қолбасшысы Қутайба ибн Муслимнің мазары қазіргі Өзбекстан жерінде әлі тұр. Қазақ даласында қаншама араб әскербасыларының қабірі қалды.
Жаңа келген дін қаншалықты озық әрі өркениетті болса да, ешбір халық мың жыл ұстанған ата-баба дінінен айнып, тағынан түсіп, оған бірден бойұсына қоймайтыны белгілі. Исламға дейінгі дәуірде жоғары дәрежеде ұйымдасқан әкімшілік-басқару жүйесі, жауынгерлік өнерді терең меңгерген әскері, тас кітаптарға тарихын таңбалаған жазу мәдениеті болған, адамгершілікті ту еткен мол рухани мұраға, жарты әлемді жаулап, «бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген» даңқты тарихқа ие түркі жұрты жаңа дінге қарсылықсыз бас иді деу қисынға келмейді. Бойұсыну болмаған жерде қақтығыс міндетті түрде болады. Қазақ жерінде де, әсіресе қазіргі Өзбекстанмен шектес өңірлерде талай қарулы қақтығыс болды. Қарумен бағындыра алмаған тұста бітімге тоқтап, бейбіт дін тарату келісіміне келген оқиғалар да орын алды. Мұның барлығы рухани шежірелерде де, кешегі кеңестік тарих оқулықтарында да тәптіштеп жазылған болатын. Кеңестік биліктің дінге көзқарасы теріс болғанымен, тарихи фактілердің бұрмалауға көне бермейтіні баршаға белгілі.
Оңтүстік өңірге орныққаннан кейін қазақ даласының қалған өлкелеріне исламның таралуы бейбіт жүзеге асты деуге болады. Байырғы тәңірлік сенім мен жаңа ислам дінін бірқұдайлық қағидалары мен имандылық ұстанымдары біріктірді. Ислам діні мен тәңірлік сенімнің астасуы ғасырлар бойы жүрді. Нәтижесінде дүниенің бір түкпірінен тау асып, тас басып жеткен ислам діні ұлтымыздың жан дүниесімен, рухани құндылықтарымен, табиғи сенімдерімен терең үйлесім тауып, бірте-бірте біздің мәдениетімізді құрушы, болмысымызды қалыптастырушы дінге айналды.
Діндердің аралас-құраластығы, сенімдердің шарпысуы, белгілі бір кезеңдерде жекелеген діндердің басымдық алуы тарихымызда талай болған. Сондықтан Қазақстан аумағындағы діни сенімдер тарихы кешенді түрде зерттеліп, шынайы бағаланғаны жөн.