Мурабаха деп пайда табуды көздеген сатушы тараптың бір мүліктің (жылжымалы һәм жылжымайтын) үстіне ақша қосып қайта сатуын айтамыз. Бірақ, бұл мәміледе сатушы тарап сатып алушыға мүліктің үстіне қанша қосқанын ашық айтуы тиіс. Яғни, мурабаха – өзге келісімшарттардан қарағанда қайта сатудағы пайданың сатып алушыға белгілі болуымен ерекшеленеді. Мысалы, мусавама келісімшартында сатушы тарап сатып алушыға мүліктің үстіне қанша ақша қосқанын білдіртуі шарт емес. Бұл жерде сатып алушы тарап сатушының пайда табу үшін мүліктің үстіне қанша ақша қойғанын білмесе де, сол бағаға разылық танытып, мүлікті сатып алады. Ал, мурабаха мәмілесінде мүліктің әу бастағы нарқымен кейінгі сатылым бағасы сатып алушыға анық болуы керек.
Осы келісімшарт Ислам банкинг жүйесінде де қолданысқа ие. Мұнда мурабаха сауда-саттықты қаржыландырады. Яғни, келісілген баға бойынша банк пен оның тұтынушысы арасында тауарларды сату мен сатып алу жүзеге асырылады. Нақтырақ айтар болсақ, банк тұтынушының атынан тауарды (шикізатты, бұйымдар мен бөлшектерді және т.б.) сатып алып, үстіне тиісті өз пайдасын және көрсетілген қызметіне үстеме баға қоя отырып, тауарды оған қайта сатады. Банк келісімшартқа қол қойылғаннан кейін тұтынушыға тауарды беруге міндеттенеді. Сондай-ақ, екі тарап арасында тауарды алу күні мен орны алдын ала келісіледі. Тұтынушының меншігіне өткенге дейін тауар бұзылса немесе ақау орын алса, ол шығынды банк өзі көтереді.
Мурабаха мәмілесінде тауар бағасы алдын ала белгіленуі керек. Сонымен бірге, банк сыйақысы болып табылатын үстеме бағаның мөлшері де алдын ала келісілуі керек. Тұтынушы талап етілген соманы (әдеттегідей біртіндеп, аннуитеттік төлем түрінде) келісілген уақыт ішінде немесе бір мезгілде төлейді. Банк қызметтері үшін үстеме баға ақшалай тауар бағасының үлесі түрінде көрсетілуі мүмкін. Бірақ, қызметтік үстеме баға уақытқа шағылып көрсетілмейді(Яғни, «аптасына», «айына» және т.б. сөздер рұқсат етілмейді).
Банк келісілген мерзімде тауардың белгіленген ақшасына толық ие болуы үшін тұтынушыдан кепілзат (раһин) алады. Кепілзат қолма-қол және кепілхат түрінде ұсынылуы мүмкін. Оны банк келісімшартқа қол қойған кезде немесе одан бұрын да ала алады. Тұтынушы тауардың ақшасын банкке толығымен төлеп болғанда, банк кепілзатты иесіне қайтарып береді.
Мұхан Исахан