Бұл келісімшарттың атауы араб тіліндегі «әл-кард» яғин «Бір нәрсені кесу, үзу, қию» сөзінен шығады. Бұл келісімшартта ақша қорынан кесіліп алынған қаражат мәміле жасаушы әріптеспен бірігіп қолға алған ортақ кәсіпке салынатындықтан, бұл келісімшарт «мудараба» деп аталады. Кей бір араб елдерінде бұл келісімді «кирад» деп атайды. Бұл сөздің түбі «мукарада» – «теңесу» деген етістіктен шыққан. Яғни, келісімді түзуші тараптарға табыс тең бөлінетіндіктен, мәміле «кирад» деп аталады.
Мударабада қаражат салушы мен кәсіпті жүргізуші табысты тең бөліседі. Бірақ, іс кері кетіп, кәсіптен зарар көрген жағдайда, ақшалай зиянды тек қаражат салушы көтереді. Бұл жерде кәсіпті жүргізуші сол жұмысқа кеткен күш-жігері мен уақыты тұрғысынан зиян шегеді. Яғни, мудараба дегеніміз бір тараптың қаражат құйып, екінші тараптың сол қаражатпен кәсіпті жүргізуін айтамыз.
Келісімшарттың осы түрінде банк өз қаражатын тиімді пайдалану үшін мүмкіндігі мен тәжірибесі бар (мудариб) кәсіпкерге сеніп тапсырады. Бірақ, банк салған қаражаты үшін кепілзат талап етуге құқығы жоқ. Мудараба келісімі әдетте қысқа және орта мерзімді инвестициялық жобаларды (мысалы, саудада) қаржыландыру үшін пайдаланылады. Бұл келісімшарт дәстүрлі қаржы жүйесінде сеніммен қаржыландырудың аналогы болып есептеледі.
Кіріс банк пен кәсіпкер арасында келісімшартқа қол қою кезінде жасалған келісімге сәйкес бөлінеді. Сонымен бірге, келісімшартта нақты ақшалай сома емес, кіріс бөлінетін пропорция келісіледі. Шығын болған жағдайда банк қана шығынға ұшырайды, ал мудариб осы жағдайда өз қызметі мен жұмсаған күші үшін сыйақы (хиба) алмайды. Бірақ кәсіпкер банктің рұқсатынсыз банктен алған ақшалай қаражатты келісімшартта қарастырылмаған басқа жобаларға салуға құқығы жоқ. Сондай-ақ, келісілген кәсіпке басқа қаржыландыру көздерін тарта алмайды, тіпті өз қаражатын да салуға құқылы емес.
Кәсіпкердің шығындары оның уақытымен және жұмсаған күшімен шектеледі. Дегенмен, егер кәсіпкердің немқұрайдылығы және істі дұрыс басқара алмауы дәлелденсе, онда ол қаржы шығындары үшін жауап береді.
Мудараба келісімшарттары тікелей банк пен кәсіпкердің арасында ғана емес, сонымен бірге банк пен салымшылардың арасында да жасалуы мүмкін. Бұл жағдайда салымшы банк функциясын, ал банк кәсіпкер функциясын орындайды.
Ескере кететін бір жайт, банк беретін қаражаты үшін кепілзат талап етпейтіндіктен, мударабаның өзге қаржылық келісімшарттардан тәуекелдері өте жоғары болып келеді. Осы себептен де мудараба мәмілесінде пайда түсіретін кәсіптің мүмкіндігімен бірге тараптар арасындағы сенімділік аса маңызды саналады. Яғни, бір сөзбен айтқанда табыс түсіретін кәсіптің мүмкіндігі зор және банктың серіктесі өте сенімді болуы шарт.
Мұхан Исахан