«Бұл – тура жолға шақыру хаты. Мен жанашыр жүректен сіздерге хат жолдап отырмын. Әлеуметтік желілердегі баламмен жасты жеткіншектердің «такфир» жайлы жазбаларын (пост) оқығанда, жүрегім қақ айырылады. Қан жылайды. Қылшылдаған жас жігіттің тұла бойындағы жігерін сеземін. Алайда, балам! Сенің санаңды улап жатқан кім? Сенің мұсылман үмбетіне жәрдем берсем деген талпынысыңды, Ислам әлемінің қиыншылығы жаныңа бататынын да білемін. Сенің шынайы ниетіңді кінәламаймын. Мен Алла жолындағы күреске қарсылығым жоқ. Олай болуынан, Алланың өзі сақтасын. Жиһад – діннің шоқтығы. Ислам үмбетін қадірлі ететін амал. Алла жолында шынайы күресуші мұсылманды көрер болсам, оның маңдайы мен қолын сүйер ем. Ондай адам менен әлдеқайда жақсы екенін де жақсы білем.
Алайда, балам! Сақ бол! Сенің жүрегіңдегі мұсылмандарға деген ыстық ықыласыңды арам ниеттерін жүзеге асыруға пайдаланатын топтардан сақ бол. Саған олардың ойы беймәлім. Мұсылмандарды «кәпір» деп айыптауға, олардың жаны мен мал-дүниесін алуға рұқсат деуден сақ бол.
Қай мұсылман Алла дінінен қайтты деген жаламен «Алладан басқа құдай жоқ» деп қайталап тұрған адамның қойша бауыздалғанын қалайды? Қай мұсылманның баласы әскери топтың қолынан жазықсыз жап шеккісі келеді?! Олардың ішінде намаз оқитын, Құран тиләуат ететін, көзіне жас алып құлшылық ететін адамдар бар. Қай мұсылманның баласы садақа беруші, намаз оқып, ораза тұтушы мұсылманға шабуыл жасалып, өлтірілгенін қалайды? Оған әскери немесе полиция боп жұмыс істегенің себепті діннен шықтың деп жала жауып жатса…
Алайда, қаза тапқан әскеридің өзін өлтірген жиһадшысымақтан Алла құзырында мәрбетесі жоғары болар? Адамдарды діннен шықтың деп үкім етуге кімнің батылы барады? Әбу Һурайра (р.а.) риуаятында Пайғамбар (с.ғ.с.): «Бәну Исраилде екі ағайынды жігіттер болған екен. Біреуі ғибадатшыл. Екіншісі күнәһар болыпты. Ғибадатшылы бауырына: «Құдайдан қорықсаңшы!» – дейтін көрінеді. Ол болса: «Раббым мен менің арамызға кірме, жөнімізге қалдыр. Маған тиме. Сен маған бақылаушы боп жіберілдің бе?» – дейді екен. Сонда ғибадатшылы: «Уаллаһи, Алла сені кешірмейді, Алла сені жәннатқа кіргізбейді», – деген екен. Қысқасын айтқанда, бауырына кәпір деп үкім шығара салған. Өйткені, Құранда: «… Өйткені, кім Аллаға ортақ қосса, расында Алла оған жәннатты харам етеді…[1]», – деп баяндалады.
Екеуі қайтыс болып, жандары Алланың құзырында кездеседі. Сонда Алла Тағала ғибадатшылға: «Сен Мені білуші ме едің? Сен Менің құзырымдағы билікке қолың жеткен бе еді, кімді жәннатқа, ал кімді тозаққа кіргізуді Маған сен бұйырып айтасың ба?», – дейді. Алла Тағала сонда күнәһарға: «Бар, жәннатқа Менің мейірімділіммен кір. Ал, сен тозаққа кет», –деген екен. Әбу Һурайра (р.а.): «Уаллаһи, ол дүниесі мен ақыретін астаң-кестең еткен сөз айтқан еді», – деп, ғибадатшылдың жағдайын айтты. Бұл хадис – сахих. Имам Ахмет жеткізген.
Балам! Сен де дүниең мен ақыретіңді құрдымға жіберетін сөздерді (әлеуметтік желіге) жазба! Кейбір жастар маған: «Ей, муртад! Дінін сатқан!», – деп жазады. Құдайдан қорықпайсың ба?! «Ей, кәпір! Ей, діннен безген! Ей, мұнафиқ!», – деп жазып жатады. Сен жүрегімді жарып, менің мұсылман немесе діннен шыққанымды өз көзіңмен көрдің бе?!
Балам! Алланың атымен ант етіп айтайын. Бұл жазбаларың үшін Алла құзырында сұраласың. Ғибадатшыл, намаз оқып жүрген адам осы сөздерді айтқаны үшін тозаққа кіріп жатса, басқаларының жағдайы не болмақ? Балам! Ертең Алла сенен пәленшені неге өлтірдің деп сұрағанда, не деп жауап бересің?
Пайғамбар (с.ғ.с.): «Қиямет күні өлтірілген адам өзін өлтіргенді Алланың құзырына басы мен шашына ұстап алып келіп, мойындағы тамырларынан қан ағып тұрған күйде: «Раббым! Мынадан сұра, мені не үшін өлтірді», – деп, қайта-қайта айтып Аршының жанына алып келеді», – деген. Бұл хадис Ибн Мәжада келген.
Ертең Алланың құзырында осындай күйге түссең, не деп жауап бересің? Балам! Мен ақиқат жолында ғана күрес. Анық және мәлім тудың астында бол! Пайғамбар (с.ғ.с.): «Кімде-кім менің үмбетіме қарсы шықса, олардың жақсысы мен жаманын өлтірсе. Мұсылмандарын да аямаса, келісім иелеріне берген уәдесін орындамаса, Ол менің үмбетімнен емес. Ал, кімде-кім соқыр ту астында күреске шықса… беймәлім ту астында шықса. Мәселен, әскер аттанып барады дегенде, кімге қарсы соғыспақшы десе, «ол сенің шаруаң емес» дейді. Жарайды, не үшін соғысамыз дегенде, «доғар, онда сенің шаруаң болмасын. Сен шық та, соғыса бер», – дейді. Уа, жамағат! Мәселенің мән-жайын айтыңдар! Мен ол адамды не үшін өлтіруім керек? Мен атқан оқ кімді өлтіреді дегенде, «сенің шаруаң болмасын», – дейді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Егер олар бір нәсілшілдік үшін соғысса, нәсілшілдік себепті ашуланса, нәсілшілдікке жақтасып жүріп өлтірілсе, ол надандық өліммен өлгені»,- деген. Ибн Мәжа риуаяты.
Ей, балам! Пәленше кәпір, түгенше діннен шықты немесе Исламнан шығатын бір күнә жасады деп сенің ойыңа келіп-кету ықтимал. Алайда, шариғи үкімді жүзеге асыратын негіз ретінде қолданушы болма.
Балам! Алла жолында күрес деген ұранмен шығып, рафидилер мен нусайрилерді өлтіріп, мұсылмандарды қырып жатқан топтың арбауына түсуші болма. Өзіне ілескендерге «Міне, біз сүннетті қолдаудамыз» деуші топқа алданба. Өзіңе сақ бол, дініңе сақ бол!
Иә, саудиялық желөкпе жастардың да жалған ұранның құрбаны болып жатқаны шындық. Олар өз елінің жай халқы былай тұрсын, ақылға шақырып жатқан ғалымдарын да «кәпір» деп жатқаны бар.
Ей, балам! Жүрегім менің! «Пәленше былай деді, ол кәпір ме екен? Пәлен басшының суретін көрдім, ол діннен шыққан ба екен? Түген қолбасшы мынадай іс-әрекет жасады, ол кәпір болды ма екен? Пәлен әскер жасағы мынадай қимыл жасады, олар кәпір болды ма екен? Анау әскери топ анадай іс жасап еді, олар кәпір болды ма екен?» деген нәрселерден ой-санаңды тазарт. Бас қатырма. Алла Тағала сенен оның ешбірін де сұрамайды. Отырсаң Құран оқы, ілім ізде. Амал дәптеріңе мұндай лас та сасық сөздер жазылмасын».
Видео хатты арабшадан аударған исламтанушы Руслан ҚАМБАРОВ