Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 инфекциясын жұқтырып, қайтыс болғандарды жерлеудің нақты, әлем елдеріне ортақ ережесін ұсынбағандығын айтады. Сәйкесінше, түрлі мемлекеттер марқұмдарды жер қойнына тапсырудың өзіндік ережесін бекіткен.
Атап айтсақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өте қауіпті жұқпалы аурулардан қайтыс болған адамдардың мәйіттерін жуындыруға және жерлеуге қатысты төрт басты қағидатты мақұлдаған болатын.
Біріншіден, мәйітті жуындыру. Өте қауіпті жұқпалы дерттен қайтыс болған адамды жуындыру рәсімі арнайы мемлекеттік мекеменің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес жүзеге асуы тиіс. Мәйітханада (морг) жуындыру шарасы шариғат талабына қайшы келмесе, мәйітті қайта жуындыру шарт емес. Қайтыс болған ер кісіні ер кісі, әйелді әйел жуындыруы керек.
Екіншіден, мәйітті кебіндеу. Шариғат бойынша мәйіт кебінделуі міндет. Ер кісі үш қабат матамен, ал әйел бес қабат матамен кебінделеді. Алайда жұқпалы дерттен қайтқан кісіні кебіндеу ісінде санитарлық қағидалар сақталуы тиіс. Егер мәйітханада кебінделген мәйіт шариғатқа сай болса, қайта кебіндеу шарт емес. Қайтыс болған ер кісіні ер кісі, әйелді әйел кебіндеуі қажет.
Үшіншіден, жаназа намазын оқу. Қауіпті індетке байланысты жарияланған төтенше жағдайда жаназа намазына марқұмның ең жақын туыстарының қатысуы жеткілікті. Сақтық шаралары үшін адам санын барынша азайту қажет. Қалалық жағдайда індеттің қоғамдық ортаға (мысалы, көпқабатты үй тұрғындарына, көршілеріне, т.б.) таралмауы үшін марқұмды мәйітханадан тікелей зират басына апарып, сол жерде жаназа намазын оқып, жерлеуге шариғатымызда рұқсат етілген. Жаназа рәсімдерін жергілікті имам атқарады. Намаз оқыған кезде санитарлық нормаға сай мәйіт имам мен жамағаттан қашық жерге қойылады.
Төртіншіден, мәйітті жерлеу. Мәйіт зиратқа арнайы көлікпен жеткізілуі тиіс. Мәйітті жерлеу рәсімінде биоқауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы тиіс. Сондай-ақ мәйіт қайтыс болған мекенінде жерленуі тиіс. Санитариялық-эпидемиологиялық мекемесінің рұқсатынсыз мәйітті үйіне немесе басқа мекен-жайға (өзге қалаға, туған жеріне) апармаған дұрыс. Мұндағы мақсат – жұқпалы індеттің өзге аймақтарға таралуының алдын алу.
Сондай-ақ Дін басқармасы санитариялық-эпидемиологиялық мекемесі тарапынан мәйітті шариғат жолымен жуындыруға рұқсат бермесе, мұндай жағдайда шариғаттың зәрулік үкімі негізге алынатынын ескертті.
Ауыр індеттен қайтыс болғандар туралы Әнәс ибн Мәликтен жеткен хадисте Пайғамбарымыз: «Оба ауруы, іш ауруы, суға батып өлген адам және бұзылған нәрсенің астында қалып өлген адам – шәһид»,- болатынын айтқан.
Ал бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетованың айтуынша, вирустан көз жұмғандардың ағзасы ашып қаралмайды, қайтыс болғандардың денесі туысқандарына берілмейді екен.
«Коронавирус жұқтырғандарды жерлеу рәсімінің алгоритмін бекіттім. Қоштасуға тек 30 минут беріледі. Ара қашықтық 3 метрден кем болмауы керек. Жерлеу рәсіміне жақын туыстары мен бір дін қызметкері қатыса алады”, – деді бас санитар.
Еске салсақ, коронавирустан алғаш қайтыс болған Ақмола облысы Қосшы ауылының 64 жастағы тұрғыны – Райкүл Әкімжан. Марқұмның жаназасын шығарған Қосшы ауылы мешітінің бас имамы Ыбырай қажы Қазанғапов мәйітті ақтық сапарға арнайы киім киген медициналық қызметкерлердің дайындағанын айтады.
Біз дәрігерлерге шариғатқа байланысты қалай жуу керектігіне нұсқаулық беріп тұрдық. Олар бәрін жуып, ақ матасына орап, толық дайындап берді. Қабір әдеттегіден тереңірек қазылды. Өртеу туралы әңгіме болған жоқ. Сол жерді дезинфекция жасады. Қабір басына әкімдіктен адамдар келді. Жаназасын он метр жерде тұрып оқыдық, – деді бас имам.
Ал Түркістан облысы Жетісай қаласының короновирус жұқтырып қайтыс болған 64 жастағы тұрғыны да шариғат бойынша жерленген.
Жетісай ауданының бас имамы Бекзат Сыздықовтың сөзінше, ислам талаптары орындалды. Жаназаға марқұмның әйелі мен сегіз баласы карантинде жатқандықтан қатыспаған. Ал жерлеуге тек бекітілген сегіз маман барған екен. Жерлеуге қатысқан сегіз адам арнайы қорғаныс киімін киіп келгендігін айтты.
– Жаназа аудан мешітінің автотұрағында оқылды. Мамандар мүрдені дәрілеп, алдын ала дайындалған табытқа салып, көлікпен алып келді. Табытты көліктен шығаруға рұқсат етпеген соң автотұрақта тұрып, бес метр алыстан жаназасы оқылды. Марқұмның бетін ашқан жоқпыз. – дейді аудан имамы.
Мәйітті шариғатқа сай мәйітті жуу, кебіндеу және жаназасын шығару, марқұмды жерлеуге апару – парыз кифая. Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабы бойынша қабірдің тереңдігі кем дегенде орта бойлы адамның жартысындай болуы қажет. Бұдан тереңірек болса абзалырақ.
Қазихан Махмуд әл-Узғандидің пәтуасында: “Жер жұмсақ болса, лахат қазбай-ақ, қабірдің ортасын төмен қарай тағы да қазып, ішіне мәйітті қойып үстін және айналасын қышпен қалау керек”, – деген.
Қазіргі кезде Covid-19 дертімен ауыратындар Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 222 адам, Алматы қаласында – 119 адам, Қарағанды облысында – 55 адам, Ақмола облысында – 42 адам, Атырау облысы – 32 адам, Жамбыл облысында – 45 адам, Шымкент қаласында – 20 адам, Шығыс Қазақстан облысында – 6 адам, Алматы облысында – 10 адам, Ақтөбе облысында – 11 адам, Солтүстік Қазақстан облысында – 25 адам, Павлодар облысында – 1 адам, Маңғыстау облысында – 5 адам, Қызылорда облысында – 54 адам, Батыс Қазақстан облысында – 2 адам, Түркістан облысында – 33 адам, Қостанай облысында – 3 адам.
Қазақстан бойынша барлығы 685 жағдай тіркелген, оның ішінде 47 адам дерттен айыққан. Алты адам Covid-19 дертінен қайтыс болды.
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ