Нұр-Сұлтан қаласында жаңадан пайдалануға берілген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) кеңсесінде «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумы жоғары деңгейде өтті. Қазақстанның барлық өңірлерінен келген дін қызметкерлерін көріп білімді, тәжірибесі мол, заман көшіне ілесе алатын имамдар тобының қалыптасқанына тағы да бір куә болдық. Әрине, бұл тәуелсіздік алған уақыттан бастап жұмыс жасап келе жатқан ҚМДБ жұмысының нәтижесі.

Адам баласының жүрегі өмір бойы ізденіспен, жаңашылдықпен, өзгеріспен жасарып отырады. Өйткені ол – ағзадағы сана серпілісі мен болмыс өзгеруінің басты ұйытқысы. Әл Фарабидің «Әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзің қозғал» деген ұлағатының астарында да сана өзгерісі жатса керек. Мұндай өзгеріс кез келген адамға керектігін еліміздің бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз да дін қызметкерлеріне қарата айтқан болатын.

Бүгінде егеменді елімізде адамзатты имандылық пен ізгілікке үндейтін дәстүрлі діндер кең қанат жайып келеді. Мемлекет дәстүрлі діндердің тұрақты дамуына жан-жақты қалдау жасауда. Соның нәтижесінде ислам дінінің қоғамдағы рөлі артып, мұсылман жамағаты еліміздегі рухани құндылықтардың жаңғыруына, тұрақтылықтың орнығуына сүбелі үлес қосуда.

Елордада өткен ІІІ республикалық имамдар форумының қатысушыларына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  жолдаған құттықтау хатында: «Имамдарымыз халық арасында рухани, ағартушылық жұмыстарын ұдайы жүргізіп, жас ұрпақтың бойына имандылықты дарытуға атсалысуы өте маңызды» делінген.

Осы форумда сөз алған ҚР Премьер-министр орынбасары Бердібек Машбекұлы: «Расында, қоғамда дін қызметкерінің орны ерекше. Сіздер адам баласы дүние есігін ашқан сәттен бастап, дүние салған сәтке дейін діни рәсімдерді атқарып бересіздер», – деген тілегін жеткізген еді.

Ал, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Әскербекұлы халық арасында кейде молдалар жұмысына көңіл толмаушылық айтылатынын, ел имамдарды Құран оқып, жаназа шығарумен қоса, басқа да үлкен істердің айналасында көргісі келетіндігін жеткізді.

Иә, мешітке келушілерді имандылық пен ізгілікке тәрбиелеуге, қоғамдағы келеңсіз нәрселердің алдын алып, жақсы амалдарды көбейтуге, адамдарды күнә істерден аулақ болуға, керісінше, сауапты істерді көбірек жасауға, жақсы азамат болуға, мұсылмандыққа сай іс-әрекет етуге үндеу – бүгінде имамның басты міндеті.

Имамдар дін жолындағы ауыр жүгі мен ел алдындағы жауапкершіліктерін терең сезініп, елді біріктіретін, жамағатты татулыққа шақыратын рухани басшылық қасиеттерге де ие.

Халқымызда «Мұсылмандық әсте әсте, діннен шығу бір пәсте» – деген дана сөз бар. Адасып жүргендерге тура жолды көрсету, жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыру – имамның мойнына жүктелген абыройлы қызмет.

Имандылықты ту еткен бейбітсүйгіш халқымыздың тыныштығы мен бірлігін қамтамасыз ету үшін ел имамдары өзара ымыраласып, ізгі істерде біз бір-бірімізге көмекші болуымыз қажет деп есептейді.

Адам баласы имандылықпен өмір сүргенде ғана өркениет өрісі кеңейіп, көркейіп, саналарға қанат бітеді. Мұндай қасиет адамның тұлғалық қасиетін анықтай түседі. Осындай игі істерге, адамның рухани дамуына қызмет етіп келе жатқандар – мешіт имамдары. Сондықтан мұндай діни қызметтің жауапкершілік жүгі де ауыр екені бесенеден белгілі.

Имам деген кім?

Ол – текке жаназа намазын оқып, бет сипап, дұға жасайтын жан ба?

Ислам діні таралуының алғашқы жылдарында имам қызметін Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өзі атқарды, ол қайтыс болған соң бұл қызметті халифалар жалғастырды. Олар тек намаз кезінде алда тұрушы адамдар ғана емес, сонымен бірге мұсылман қауымдастықтарының басшылары болғандықтан, имам жоғары діни және саяси бедел иесі болып саналады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  COVID-19 эпидемиясы бізге нені үйретті?

Имам – намаз кезінде алда тұратын адам, рухани жетекші, мұсылман қауымдастығының басшысы. Күнделікті өмірде имам деп мешітте көпшілік болып намаз оқуды басқаратын жетекшіні атайды.

Имам қызметін үнемі бір адам атқара беруі мүмкін, алайда имам дәреже де, кәсіп те емес.

Имам беделінің мойындалуы оның шын мәнінде, намазға басшылық етуіне тікелей байланысты. Мешіт имамының арнаулы діни білімі және діндарлар алдында үлкен беделді тұлға.

Имам – халықтың садақасына жалтақтамайтын, дінінің абырой беделін қорғайтын, алаған қол емес, береген қол болуға тырысатын, өзінің қадірін жоғалтпайтан адам.

Имам – басындағы сәлдесі секілді көңілі де аппақ адам.

Имам – намаз уақытында мешітті ашып, намаздан кейін жабатын адам емес, ол өмір бойы есігін де, жүрегін де ашық ұстайтын адам.

Имам – күнәларды санап, тізуші емес, күнәларды жасырып, тазаруды үйрететін адам. Алаулаған тозаққа отын емес, жайқалған жәннатқа адам дайындайтын тұлға.

Имам – әр күні ғылым мен руханиятта алға жылжитын, өзін дамытып отыруды білетін адам.

Имам – сәлемі де, сұқбаты да жеке мүддесінің пайдасын көздемей, риясыз болатын адам.

Имам – адамзатты сүйе білетін, сүрінгенге сүйеніш, мұңайғанға жұбаныш, мұқтажға демеуші бола алатын адам.

Имам – өзі үшін бейнетті, өзгелер үшін қуанышты, Алла үшін ғибадатты жол етіп ұстанатын, жүріс-тұрысымен Алланы еске салатын кәміл адам.

Имам – бір қадам жүріп науқастың көңілін сұрайтын, екі қадам жүріп екі кісінің арасын жарастыратын, үш қадам жүріп мүмін бауырын зиярат ететін адам. Ол ашу, көреалмаушылық, тәкаппарлық белең алған қоғамға бақыт құсы қонбайтынын біледі. Сондықтан әрдайым бірлікке, ынтымақ пен достыққа шақырады.

Имам – ғайбат айтпайтын, көре алмаушылыққа түспейтін, бүлік пен іріткі тұқымын сеппейтін Пайғамбардың мінезін бойына сіңірген кәміл тұлға.

Имам – жалқаулық пен бұзық ойлардың қас жауы, уақыттың қадірін білетін адам. Ол дініне, ұлтына, мемлекетіне қызмет етуді өзінің борышы деп санайтын, айтқан насихатын өзі іске асыратын, қажет кезінде әділетсіздікке қарсы атылған оқ, қараңғыға жағылған шырақ сияқты адам. Ол тек мінберде, михрабта, креслода ғана емес халықтың ішінде қызметте жүреді.

Имам – Жаратушысына қарап, жаратылғанға жанашырлық көрсететін, үркітіп, қашырмайтын, дінді сүйдіретін, сүйіншілейтін адам.

Имам – қызметте, басшылықта, адами қасиеттер мен мінез-құлықта үлгі болатын адам. Өз бақытын өзгелердің көз жасынан іздемейтін, қолына, тіліне ие болатын, әдепті адам.

Имам – Пайғамбарлардың жолын жалғастырушы. Не алсам деп емес, не берсем деп ойланатын тұлға.

Имам – ол ұстаз, өйткені, олардан қазақ халқының талай біртуар жандары тәрбие алған. Ту көтерген батырлар, ақиқатты жырлаған ақындар, ел басқарған көсемдер де имамдардың шәкірттері.

Имамдық – дүние мен ахиреттегі үлкен жауапкершілік.

Біріншіден, Аллаға құлшылық қыларда бүкіл халық имамға ұйып тұрады. Сол кезде имамның тазалығы, әсіресе жан тазалығы шариғатта үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Екіншіден, халыққа айтқан уағыз-насихаты адасқанға бағыт береді.

Үшіншіден, имам – үлкен ұстаз, халық оның әрбір сөйлеген сөзінен, жүріс-тұрысынан тәрбие алатындықтан, ол әдепсіз істерден аулақ болуы керек. Кейбір адамдар имамға қарап, исламға баға беретіндіктерін әсте ұмытуға болмайды. Имам исламның айнасы іспетті. Сондықтан да ол үлкен жауапкершілікті сезіне білетін тұлға.

Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

Пікір жазу