Сұрақ: Имам Матуриди астарлы мағынасы бар аяттарға (мутәшаббих) жорамал (тәуил) жасаған ба? Егер, жасаған болса, нақты мысал көрсетесіз бе?

Жауап: Құран мен сүннеттің аясында ақылмен тұжырым жасауды құптаған Имам Матуриди өзінің Құран-Кәрім аяттарына жасаған түсіндірмелерінде тәпсір мен тәуил әдісін қатар қолданған. Ол тәпсірді – мухқам (мағынасы анық) аяттарға, ал тәуилді – мутәшаббих (астарлы мағыналы) аяттардың мәнін ашуға қолданды. Оның пікірінше егер мүміннің тәуил жасауға ақыл күші жетпесе, бұл мәселені Аллаға қалдырғаны жөн.

Имам Матуриди тәпсір еңбектерінде Құран-Кәрім аяттарының мәнін ашуға көп күш жұмсады. Себебі, ол Құран-Кәрім аяттары мухқам немесе мутәшаббих болсын, оларда қарама-қайшылық жоқ деп білді. Бұл туралы Құран-Кәрімде: «Егер Құран Алладан басқаға тиесілі болса, онда көп қарама-қайшылық болар еді» («Ниса» сүресі, 82-аят) деп бұйырылған еді.

Әсілі, мутәшаббих аяттарға тәуил жасау Имам Матуриди өмір сүрген дәуірдің қажеттілігінен туындады. Себебі, ислам қанатын кеңге жайған сайын, ескі діндер мен мәдениеттердің ықпалына ұшырай бастады. Алғашқы салаф (үш буын) мұсылмандар мутәшәббих аяттарға тафиуд (мағына бермей, өткізіп жіберу) әдісін қолданды. Бірақ, дүбәра сенімдегі кейбір дүмше ғалымдар исламдағы мутәшаббих аят-хадистерге түрлі пікірлер айта бастады. Осы кезде Имам Матуриди теріс пікірлерден Хақ сенімді арашалап қалу үшін мұсылмандық негіздерге қайшы емес сипатта мутәшаббих аяттарға жорамал жасап, ақиқат сенімнің бұзылмауының алдын алуға тырысты.

Оған мысал келтірер болсақ, Имам Матуриди Құран-Кәрімдегі: «Ол Рахман, ғаршыны истауа етті» (Таһа, 5) деген аятқа тәуил жасады. Нағында, Имам Матуриди өз еңбегінде «истауа» сөзін жан-жақты талдаған. «Истауа» сөзінің тікелей мағынасына қатысты: «Жоғары бір ұстында отыру (истауа) кемелділікті, биіктік пен ұлылықтың белгісі емес. Бір ғимараттың басына немесе бір таудың шыңына шығу – оның өзгелерден үстем болғанын білдірмейді» (Матуриди, әт-Таухид, 1/70) деді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Нәпсімен күресу деген не?

Ал, «истауа» сөзінің астарлы мағынасы туралы: «Истауа – қамту мағынасын береді деп жорамалдаймыз. Ғарыш – Алланың мұқым жаратылысы. Яғни,  «Ол Рахман, ғаршыны истауа етті» (Таһа, 5) аяты: «Алланың үкімі барлық жаратылысты қамтиды» мағынасын береді» деді.

Сонымен қатар, Имам Матуриди «истауа» сөзі кемелділік мағынасына да саяды деп ұқты. Ол: «Құран-Кәрімдегі: «Күдіксіз Раббыларың сондай Алла, көктер мен жерді алты күнде жаратқан. Сонан кейін ғаршыны истауа еткен» (Ағраф, 54) аятта «истауа» кемелділік» мағынасында айтылған деп ойлаймыз. Өйткені, бұл жерде Алла-Тағаланың ғаламды жаратып, тәмамдауы баяндалған. Яғни, Ұлы Жаратушы көк пен жерді жаратып болғаннан кейін емтиханға тартылатын ақылды пенделерін көркем етіп жаратқан. Немесе ақылды пендесін емтиханға тарту үшін көк пен жерді кемел етіп жаратқан» деп жорамалдады.

Ол: «Жалпы, біз «ғаршыны истауа етті» аятына дәлме-дәл немесе нақпа-нақ мағына бере алмаймыз. Тек Хақ сенімнің шеңберінде долбар (тәуил) айтамыз. Дегенмен, біз «Алланың ешнәрсеге ұқсамайтынына» (Шура, 11) иман келтіреміз» (Матуриди, әт-Таухид, 1/74) деп ой қорытты.

Имам Матуриди араб тіліндені «истауа» сөзінің «отыру» деген мағынасын негізге алып, Аллаға мекен беруші мушәббиха-мужассимдерге қарсы: «Бұл мәселенің тоқетері түйініне келер болсақ, ешбір мекен жоқ кезде Алла әзелден бар еді. Мекендер жоқ болып кеткенде де Алла әзелдегідей бар болып қала береді. Алла-Тағала әуелде қандай болса, дәл қазір де сондай, дәл қазір қандай болса, әуелде де сондай еді. Алланың заты өзгеріске ұшыраудан, жоқ болып кетуден, өзге затқа айналудан және жойылып кетуден пәк», деп бұл мәселенің нүктесін қойған болатын.

Мұхан Исахан