Олтрингэм қаласында тұратын дәрігер Насыр Курди жамағат намазына қатысуға ислам орталығын бетке алады. Осы уақытта оған белгісіз біреу пышақпен мойын тұсынан соққы жасаған. Насырдың әріптесі, доктор Халид Анистың айтуынша, аз ғана миллиметрлер оның өмірін шешуі мүмкін екен.

Уақиға өткеннен кейін бір сағаттан соң күдікті екі азамат, 32 және 54 жастағы ер азамат тұтқындалды. Алдын ала болжам бойынша олар исламофобтық себеппен мешіт жамағатына шабуыл жасаған.

«Адам өміріне араша болған дәрігерге осыншалықты қастандық жасағанына таңданамын» дейді доктор Халид Анис.

Ал жапа шеккен дәрігер-имам өзіне қастандық жасаған қылмыскерді кешіргені көпшілікті таң қалдырып отыр. «Бұл адам Ұлыбританияның мемлекеттік бейнесін көрсетпейді. Оған қатысты менде ыза, кек, реніш жоқ. Мен оны толық кешірдім» дейді мұсылман.

Оның айтуынша, соңғы уақытта мұсылмандарға қатысты қастандық іс-әрекеттері жиілеп кеткен. «Билік исламофобиялық қылмыстар көбейгенін мойындауы тиіс. Қорқыныштысы – бұл физикалық күш көрсетуге айналып барады. Бұл ауызша қаралап, күйе жаққаннан мүлде басқа. Қылмыстық әрекеттер қоғамға үрей әкеледі» дейді имам Насыр.


 

Пікір жазу