Имам Ағзам Әбу Ханифа мен Рим елшісінің пікірталасы

    785

    Әл-Хатиб әл-Хорезми өзінің естелігінде Имам Ағзам Әбу Ханифа туралы мына бір оқиғаны баяндайды:

    Бірде Рим патшасы өзінің елшісі мен әмірі арқылы Халифаға көп құнды сыйлықтар жіберіп, ислам ғұламаларына үш мәселе бойынша сұрақ қояды. Егер, сұрақтарға жауап берсе, жібірген сыйлықтардың бәрін оларға тарту етеді. Ал, сұрақтарға жауап бере алмаса, мұсылмандардың жер салығын төлеуін талап етеді. Рим патшасының жолдаған сауалдарына ғұламалар қанағаттанарлық жауап айта алмайды. Сол кездегі жас бала Әбу Ханифа әкесімен бірге сол жиынға қатысып тұрған еді. Ол халифадан Рим елшісіне жауап беруге рұқсат сұрайды. Халифа рұқсатын берген соң, Рим әміріне Әбу Ханифа:

    – Сұрақты қойып тұрған сен бе?

    – Иә.

    – Мінберден жерге түс, мінбер менің жерім, – дейді.

    Рим елшісі төменге түсіп, Әбу Ханифа мінберге көтеріледі. Әбу Ханифа:

    – Сұрағыңды қой.

    – Алла Тағаладан бұрын не болды?

    ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ  Абай және Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы ой үндестігі

    – Санауды білесің бе?

    – Иә.

    – Бір санының алдында не бар?

    – Ол бірінші, одан алдын ештеңе жоқ.

    – Бірдің алдында ештеңе болмаса, жалғыз һәм құдіретті болған Алладан алдын не болсын? – деп жауап береді.

    Рим елшісі:

    – Алла Тағаланың жүзі қайда қарап тұр?

    – Егер шырақ жақсаң, оның нұры қайда қарап тұрады?

    – Оның нұры теңдей төрт жаққа тарайды.

    – Егер, шырақтың нұрының жүзі болмаса, жер мен аспанда Жаратушы, Мәңгі Алланың жүзі қалай болсын?

    Рим әмірі:

    – Алла Тағала немен шұғылданады?

    – Алла мінберде сен сияқты күмәнді адам болса, оны жерге түсіреді. Мен секілді бір Алланы мойындайтын құлын төменнен жоғарыға көтереді, – деп жауап береді.

    Әбу Ханифамен пікірталаста сөзден тосылып, аузына құм құйылған Рим елшісі ұнжырғасы түсіп, еліне қайтады.

    Мұхан Исахан

    Пікір жазу