Имам Ағзам – әлемде мұсылмандардың шамамен 50 пайызын құрайтын[1], атам қазақтың да баяғыдан бері ұстанып келе жатқан үлкен мәзһабтың негізін қалаушы. Олай болса, оның өмірбаянына қысқаша тоқтала отырып, фиқһ саласындағы емес ақида саласына қосқан үлесі мен имам Матуриди арасындағы пікір сабақтастығын анықтауға тырысайық. 

Имам Ағзамның өскен ортасы мен сол кездегі діни-саяси жағдай ғылыми танымының қалыптасуында үлкен рөл ойнады. Оның кезеңінде мұсылмандар арасында қадария, жәбрия, мүржия, муғтазилә секілді түрлі түсініткі ұстанған топтар шығып, қызу пікірталастар орын ала бастады. Әбу Ханифаның ақида ілімімен айналысуына осы жағдайлар өзіндік әсерін тигізді. Ол саналы ғұмырын осындай дінбұзарларға қарсы күресіп, Ислам дінінің дұрыс сенімін қалыптастыру жолында жұмсады. Әбу Ханифа – адасқан ағымдарға ең алғашқы болып қарсы жауап берген имам. Абдулқахир әл-Бағдади өзінің «Усулуд-дин» атты кітабында оның фиқһ ғалымдары мен мәзһаб имамдарының арасында алғашқы болып қадария ағымына қарсы кітап (әл-Фиқһул-акбар) жазғандығын атап көрсеткен. 

Ол харижиттер мен қадарияларға қарсы әхлус-суннаның (сунниттік бағыттың) көзқарастарын қорғау мақсатымен жиырмадан астам рет Басраға барып, білімділігі мен білгірлігін дәлелдеген[2]. Басра ол кезде әр түрлі ағымдардың қайнаған ордасы еді. Өмірінің алғашқы жылдарындағы секілді соңғы кезеңдерінде де қажет болған жағдайда ақида мәселелерін талқылап, пікір таластырған. Әрине, оның фиқһпен терең айналысуы ақида  мәселелерімен шұғылдануына кедергі жасаған емес. Ол кездегі ғалымдарға қарасақ қазіргі кезеңдегідей тек бір мамандықта емес, түрлі мамандықтарды да қатар игергенін байқаймыз[3].

Әбу Ханифаның ақида ілімімен айналысып, Исламның иман негіздерін қорғау мақсатында әр түрлі ағым өкілдерімен пікір таластыруы оның пісіп жетіліп, ғылыми танымының қалыптасуына ерекше ықпал жасады.

Әбу Ханифа Ислам әлемінде туындаған саяси, дүниетанымдық және  сенімдік бөлінушілік нәтижесінде әуелі Құран кәрімге, екіншіден оған қайшы келмейтін сахих хадистерге сүйене отырып, Ислам ақидасын анықтауға  тырысқан ерте кезеңдегі мұсылман ойшылдарының көшбасында тұрған тұлғалардың бірі болып табылады. Аят-хадистер мен ақылды қатар пайдаланып, сенім мәселелерін түсіндіру үшін ақыл тұрғысынан қияс жасап, көзқарастарын Құран кәрім, сахих хадистер және алдыңғы қатарлы сахабалардың түсініктеріне негіздегегендіктен пәлсапалық ойлардың ығында кетпеді.

Имам Ағзам фиқһ ғалымдары арасында жүйелі ойлау принциптері мен әдіснамасын басшылыққа алып, сол әдістерді иман негіздері мен діни үкімдер шығаруда шебер қолданған ақида саласының алғашқы ғұлама – ғалымы. Әбу Ханифаның фиқһ пен ақида іліміндегі беделінің биік болғаны сол сунниттердің тысындағы мұғтазилиттер мен мұржия секілді кейбір ағымдар оны өздерінің бағытынан етіп көрсетуге тырысқан. Имам Ағзам уақытының көп бөлігін «фиқһ» ғылымын – шариғат заңын зерттеп, оны бір жүйеге келтіріп, шәкірттер тәрбиелеумен айналысқандықтан көбіне фақиһ ретінде әйгілі болды.

Жалпы Имам Ағзам фақиһ ретінде танылғанмен одан мұра ретінде ақидаға қатысты еңбектері қалған, ал фиқһқа қатысты көзқарастары шәкірттерінің еңбектерінде орын алып, біздерге келіп жеткен. Ақидаға қатысты еңбектері мыналар: әл-Фиқхул-әкбар: «Ең үлкен» яки «ең абзал фиқһ» деген мағынаға саятын бұл кітап әһли-суннаның ақидасын қамтыған салалы еңбек. Осы кітабында төрт халифа тұсындағы шынайы Ислам рухын көрсете білгендіктен Имам Ағзамды мужәддид деген ғалымдар да болған. 2. әл-Фиқхул-әбсат, 3. әл-Алим уәл-мутааллим, 4. әр-Рисәлә, 5. әл-Уәсия[4].

Әбу Ханифаның ақидаға қатысты ықшамдап жүйелеген иман негіздері сол кездері қызу пікрталасқа жол ашқан мәселелер еді. Осы тақырыптарды терең түсінігі арқылы, белгілі бір жүйеге салуы өзінен кейін келген ахлус-сунна уәл-жамағат иамамдарына Мысырда имам Тахауи (ө 321 ж) негізін қалаған тахауия, Иракта құрылған әшғария (Имам Әшғари (ө. 324) және Орта Азияда кең тараған матуридияға (имам Матуриди (ө. 333 ж) ықпал етті. Ислам ақидасының негізгі мәселелері төңірегіндегі көзқарастары ғалымдар арасында үлкен беделге ие болып әрі қарай дамытылған.[5]

Жоғарыда аталған Имам Ағзамның шығармаларында Алла Тағаланың сипаттары, иман ақиқаттары, Алла тағаланы ақылмен немесе нақылмен (аят және хадистер) тану керектігі, жақсылық пен жамандықтың жаратылуы, тағдыр және өзге де сенім мәселелері қарастырылған. Сол дәуірдегі Ирак шариғат ғалымдарының көшбасшысы болған имам Ағзамның бұл шығармалардағы көзқарастарын имам Матуридидің сенімдік тұрғыдағы көзқарастарымен салыстырып көрер болсақ, бірізділік пен біртектілікті аңғару қиын емес. Осы себептен де, зерттеушілер екі ғұламаны бір-бірінен ажыратып жатпайды. Имам Әбу Ханифа «Ақиданың» негіздерін айтып кетсе, Имам Матуриди сол негіздерді кеңінен тарқатып, егежей-тегжейіне дейін түсіндірген. Ханафи мазһабының үлкен ғалымдарының бірі Захид әл-Кәусари «Ишаратул-Мәрам» атты төлтумасының кіріспесінде былай дейді: «Мауараннаһр өлкесі бидғат пен бұзықтықтан ұзақ, тыныш ел еді. Сүннетті берік ұстанып,  оның үкімдерін ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдырып отырған. Ендігігі жерде имам, ғалым Әбу Мансур әл-Матуриди шығып, әрбір мәселеге жеке-жеке тоқталып, олардың ара-жігін ажыратып, айқын  дәлелдермен шегелеп, нақтылау жұмыстарын жүргізді.

Матуридидің шығармаларына қарап, кәлам, фиқһ методологиясы және тәпсір саласы бойынша қалам тербеген беделді ғалым екенін байқауға болады. Ақида саласындағы ұстаздарының тізбегі Имам Ағзам Әбу Ханифаға барып тіреледі. Имам Матуриди имам Ағзамның кітаптарын ұстаздары Әбу Насыр Ахмад ибн Аббас әл-Бәйади, Ахмад ибн Исқақ әл-Жүрджани және Насыр ибн Йахия әл-Балхилердің көмегімен үйренгендігі, ал олардың Әбу Сүлеймен Мұса әл-Жүрджаниден дәріс алғандығы, әл-Жүрджани болса, бұл ілімді ұстазы Мұхаммед ибн Хасан әш-Шәйбаниден алғандығы тарихи шығармаларда айтылған.

Ол Әбу Ханифаның ақидаға байланысты шығармаларын оқып, өз көзқарасын оның пайымдаулары шеңберінде негіздеген. Осыған орай, Матуридиге Әбу Ханифаның ізбасары деп баға беріліп, мәзһабы ханафи деп аталып кеткен.[6] Имам Матуриди иман негіздеріне қатысты мәселелерді имам Ағзамның жолымен жүре отырып, аят-хадистерді қолданумен қатар, ақыл-ойға да мән беретін өзгешерек, «кәлам» әдісін қолдану арқылы жүйелеген. Самарқанда әрі сол аймақтағы ағымдар мен бағыттарға қарсы пікірталастарында кәлам әдісін қолдану арқылы үлкен жетістікке жеткен.[7]

«Әбу Ханифа фиқһпен қатар ақида саласында да имам. Ал олай болса ханафилер неге Әбу Ханифаның көзқарастарын емес, матуридилікті ұстанады?» деген мәселеге қысқаша тоқтала кетейік. Жоғары да да айтып өткеніміздей Әбу Ханифаның кезеңінде ақида өзі дербес ғылым саласы ретінде әлі қалыптаспаған болатын. Ол кезде фиқһтың ішіне ақидамен қатар ахлаққа қатысты мәселелер де кіретін. Ал дәстүрлі сунниттік ақида ілімін жүйелеп-дамытқан имам Әшғари мен имам Матуриди.

Негізінен «Фиқһ» (шариғат) пен «Ақида» екі бөлек пәндер. «Фиқһ» мұсылманның Аллаһ тағалаға жасайтын құлшылықтары туралы қағидаларды, ал «Ақида» иман негіздеріне қатысты мәселелерді қарастырады.

Имам Әбу Ханифа бастапқыда «Ақида» саласында кітап жазғанымен,  ол өте ықшамды түрде болатын. Ол көбіне «фиқһ» ілімімен айналысты. Ал имам Матуриди фиқһ пен ақида саласында ханафилікті ұстана отырып, заманының қажеттілігіне орай, туындағам мәселелерге жауап беру үшін жаңа тәсіл қолдана отырып, ақида саласын кең дамытты. Міне сондықтан ақида саласында матуридилікті ұстанамыз. Матуридиліктің өзі Әбу Ханифаның көзқарастарының негізінде қалыптасқандықтан мәзһабы ханафилік деп аталып кеткен. Яғни оның жолы ханафиліктен бөлек емес, қайта оның жалғасы. Бірақ жоғарыда да атап өткеніміздей, имам Матуриди заман талабына қарай исламды бұра тартпақ болған ағымдардың жаңсақ пікірлерінің мұсылмандар арасында таралуын тізгіндеу мақсатында, дәстүрлі сунниттік көзқарастың шеңберінен шықпай қажырлы еңбек етіп, жүздеген шәкірт тәрбиелеп, Орта Азияда ханафиліктің дамуына үлкен үлес қосқан ғұлама. 

Ал енді сөздеріміз жалаң қалып кетпес үшін осы екі имамның көзқарастарындағы ұқсастық пен сабақтастыққа қатысты бірнеше мысал бере кетейік:

 

Иман-Ислам анықтамасы

Фиқһул-акбарда және басқа да еңбектерде келтірілген деректерге орай  Әбу Ханифаның қөзқарасында «иман тілмен айтып, жүрекпен бекітуден тұрады»[8]. Матуриди де иманға дәл солай анықтама берген[9].

Әбу Ханифа әл-Алим уәл-мутааллим атты кітабында «Иман жүрекпен бекіту, мағрифат (дәлелмен білу) және оны тілмен айтудан тұрады. Ал Ислам – пенденің Аллаһты Жаратушы Ие деп танып, тілмен айтуы, Оған терең иманмен илануы. Фиқһул-акбарда сөздік тұрғыдан иман мен Ислам бір-бірінен бөлек дегенімен, имансыз Исламның, ал Исламсыз иманның мәні жоқ. Ал дін – иман, Ислам мен шариғаттардың барлығына берілген ортақ атау[10]. Матуриди де дәл осы көзқарасты ұстанған[11]

 

Иманның артып-кемуі

Әбу Ханифаның кейбір сөздеріне қарағанда, жүрекпен қабылдау иманның негізгі талабы болғандықтан, иманда артып-кему жағдайын қабылдамайды. Имам Матуриди де иман бір тұтас ұғым болғандықтан онда артып-кему жоқ деп ой түйіндейді[12]. Негізінен мұсылмандар арасында орын алған иманның артып-кемуі мәселесі теориялық деңгейдегі пікірталас қана.

 

Алла Тағаланың сипаттары

Ақылмен бойлай отырып, ұлы Аллаға есімдер таңылмайтындығы секілді сипаттарды да ешкім таңа алмайды. Алла өзін қай есімдер мен сипаттар арқылы білдірген болса, сол есім, сипаттармен ғана танылады. Оның ілім, ирада (қалау), хаят (тіршілік), құдірет, кәлам (сөйлеу), самғ (есту), басар (көру) секілді субути (Алланың кемелдігін білдіретін сипаттар), жарату, рызық беру, тірілту, өлтіру секілді фиғли (Алланың қалауына қатысты) сипаттары бар. Әбу Ханифа бойынша Аллаһ бар, бірақ басқа болмыстар секілді емес, Алла тірі, бірақ басқа тіршілік иелері секілді емес. Сипаттары Өзінен бөлек қарастырылмайды. Бүкіл есімдері мен сипаттары әзали (бастауы жоқ мәңгі) болғандықтан ешқайсысы кейіннен (хадис) пайда болмаған. Өзгеру, түрлену секілді жағдайлар жаратылғандарға тән. Кімде-кім оларды жаратылған (махлұқ), кейіннен пайда болған деп санаса, яки олар жайлы күмәнданса күпірлікке бой алдырады. Алла ұлық, Оның теңі я ұқсасы да жоқ, сан тұрғысынан да теңдесі болмағандықтан, Ол – дара. Иләһи болмысымен қатар сипаттарының ешқайсысы жаратылыстарға және сипаттарға ұқсамайды. «Ықылас» сүресі де осыны меңзейді[13]. Матуридидің көзқарасы бойынша да Оның сипаттары Өзіндік ерекше болмысына тән қадім мағынадан тұрады, ол сипттар оның өзі емес және өзінен бөлек те қарастырылмайды[14]

 

Руятуллаһ – Алланы көру мәселесі. Мұғтазилиттер Алла материалды болмағандықтан, әрі көру үшін бір мекен мен бағытты қажетсінетіндіктен Оны көру мүмкін емес деп ақли дәлелдерді алға тартады. Алайда қиямет қайымда мүминдердің Жаратқан иені көре алатындығына қатысты аяттар мен хадистер бар[15]. Міне Әбу Ханифа осы дәлелдерге сүйене отырып, Алла Өзі қалаған бейнеде, бізге беймәлім кейіпте мүминдерге жәннатта көрінетіндігін айтады[16]. Имам Матуриди де өзінің аят-хадиспен қатар, ақли дәлелдерін алға тарта отырып, ақыретте беймәлім кейіпте мұсылмандардың Аллаһ тағаланы көре алатындықтарын дәлелдейді[17]

 

3. Тағдыр және пенделердің іс-әрекеттері

 Әбу Ханифа тағдыр мәселесін бүге-шүгесіне дейін талқылауға қатты сақтық танытатын әрі достарын да сақтандыратын. Юсуф ибн Халид Басрадан келген кезде оған «Бұл – адамдар үшін күрмеуі тым күрделі мәселе. Бұған кімнің шамасы жетер дейсің? Бұл – кілті жоғалып қалған, шешімі жұмбақ мәселе, ал кілті табылса ішіндегі нәрсе ашылып қалады. Оны тек қана Алладтан ашық-айқын хабармен келгендер ғана аша алады»[18] деп мәселенің күрделілігін ескерткен.

Құран мен хадистерге сүйене отырып, әхли суннаның негізін қалаған Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша ғаламда пайда болған барлық нәрсе иләхи тағдыр мен қазаға қарай орын алады. Өйткені Құран[19] мен хадистерде[20] барлық нәрсенің жаратылмай тұрып алдымен жазылғандығы және орын алатын барлық нәрсенің осы жазмышпен жүзеге асатындығы айтылған. Аллаһ тағала жақсы-жаманды барлық нәрсені терең ілімімен алдын ала біліп, сол іліміне қарай лаух-ы махфузға жазып қойған[21]. Осы арқылы мүминдерді иманға, кәпірлерді күпірге мәжбүрлеместен баршаға өзінің дербес қалауымен іс жасауына мүмкіндік берген. Сондай-ақ әр адамға қаласа иман етуіне, қаламаса иман етпеуіне қажетті ерік пен күш берген. Адамның таңдау ерік–жігерінің бар екендігіне дәлел ретінде мына аяттарды келтіруге болады:«Расында оған тура жол көрсеттік. Мейлі шүкіршілік қылсын, мейлі қарсы келсін»(76.Инсан-3); «Оған екі жол көрсетпедік пе?»(90.Бәләд-10);«Әркім істеген ісі үшін жауап береді»(74.Муддәсир-38); «Кім ізгі іс істесе, сонда өзі үшін. Ал кім жамандық істесе өзіне тән. Раббың құлдарына қиянат жасамайды»(41.Фуссилат-46).

 Пенделер болса, қай амалды жасауды өздері іштей қалайды (кәсб). Алла тағала құлдарының іс-әрекеттерін жаратады. Құранда Зумәр сүресінің 62-аятында:«Алла барлық нәрсенің жаратушысы» десеСаффат сүресінің 96-аятында «Алла сендерді де, сендердің амалдарыңды да жаратты», деп айтылған. Егер пенде өз ісін өзі жаратқанда, оларды қалауынша жасап, әр қалағанын жүзеге асыра алуы тиіс еді. Шынтуайтында пенде әр қалағанын жасай алмауда. Іс-амалдарын жасау күші (иститағат) істен бұрын емес, іс барысында құлдарға берілген. Егер пенде істі жасаудың алдында бұл күшке ие болған болса, Аллаға мұқтаж болмас еді. Ал Құранда пенделердің сәт сайын Аллаға мұқтаж екендіктері айтылған[22]. Адам баласы да осы еркін қай жолда қолданғанына байланысты ақыретте жауапқа тартылады. Бүкіл осы түсіндірмелерге қарамастан жалаң көзбен күнге қарау мүмкін болмағанындай, тағдыр мен құлдардың іс-қимылы мәселесін де ақылдың толық шешуі мүмкін емес[23]. Осы мәселеде де Матуриди тура Әбу Ханифаның көзқарасын ұстанып, мұғтазилиттер мен әшғарилардан ерекшеленген[24].

Қорытындылай айтсақ, Әбу Ханифаның көзқарастарын Әбу Жағфар әт-Тахауи, әсіресе шәкіттері арқылы жалғасқан ғылыми тізбекте орны бар Әбу Мансұр әл-Матуриди мен Әбул-Муин ән-Нәсәфилер дамытып, кең жайған[25]. Сенім мәселелерін талқылау әрі қамту тұрғысынан Әбу Ханифаның ілімінен көп сусындаған Матуриди оған жиі-жиі жүгінетін, әрі сол пікірлерге сүйенетін. Әбул-Муин ән-Нәсәфи Самарқанд ғалымдарының Әбу Ханифаның көзқарастарын мәзһабқа айналдырғанын білдірген. Кейінірек Матуридидің ізін басқан ғалымдар дамытқан сенім тұрғысындағы көзқарастар бүгінгі күнге дейін келіп, осы көзқарасты жақтайтын мәзһаб Матуридия деген атпен танылған[26].

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы



[1] Ханафи мәзһабы Түркия, Балқан елдері. Босния-Герцоговиня, Украина, Қырым, Әзірбайжан, Кафказ, Орал, Сібір және Орталық Азия, Қытай, Маннчжурия, Жапония, Ауғаныстан, Хорасан, Тайланд, Үндістан, Пәкістан, мұсылмандарының көпшілігі ханафи мәзһабын ұстанады. Йемен, Хижаз, Мысыр, Палестина, Алжир, мен Туниста ханафилар аз, ал Эфиопия, Сирия мен Иракта біршама көбірек.

[2] Бәззәзи, 137-б.; Хәйсәми, 55-б.

[3] И. Челеби, Ебу Ханифенин келамжылыгы, итикада даир рисалелери ве бунларын отантик олуп олмадыклары меселеси, Имамы Ағзам Ебу Ханифе ве дүшүнже системи, 16-19 Еким, 2003, семпозиум материалдары, Куран араштырмалары уакфы, Бурса, 2005, 2-т., 186-187-б.

[4] Ақидаға қатысты кітаптары мен қол жазба нұсқаларына қатысты кеңірек мәлімет алу үшін қараңыз: Беязизаде Ахмет Эфенди, Имам-ы азам Ебу Ханифенин итикади гөрүшлери, баспаға дайындап аударған І. Челеби, Стамбул, 2000, 26-34-б.,

[5] С.Абжалов, Ханафи мазһабының діни-философиялық негіздері, Философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты, Алматы, 2008, 20-б.

[6] Әбу Зәһра М., Исламда итиқади сияси ве фықхи мезхеплер тарихы, ауд: С.Кая, Стамбул, 1996. 183-184

[7] Толық мағлұмат үшін қараңыз: А. Әділбаев, Орта Азиядан шыққан ғұлама – Матуриди/ ІІ Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (2006-2007ж.), Исламтану және араб филологиясы мәселелері, Алматы, 2008ж, 94-100-б.

[8] Фиқһул-акбар, Хайдарабад, 10-б.

[9] Матуриди, Китабут-таухид, 377-б. Фығлалы, 78-б.

[10] Фиқһул-акбар, 11-б.

[11] Матуриди, Китабут-таухид, 393-б.

[12] Матуриди, 

[13] Ю. Шевки Явуз, Ебу Ханифенин итикади гөрүшлери ве сунни келамын олушумуна еткилери, 2-т., 145-б.

[14] Матуриди, Китабут-таухид, 44-беттен ары қарай, Фығлалы, 80-б.

[15] Қараңыз: И. Сейтбек, Иман негіздері, Алматы, 2010, 148-152-б.

[16] Әбу Сайыд әд-Дарими, әр-Рәд ала-л-Мәриси

[17] Матуриди, Китабут-таухид, 77-85-б.

[18] Әбу Захра, Әбу Ханифа, 158-б.

[19] «Қамар» сүресі, 49, 52-53-аяттар, «Юнус» сүресі, 34 және 99-аяттар.

[20] Малик ибн Әнас, әл-Муатта, Қадар 14; Тирмизи, Иман 4 

[21] Матуриди, Китабут-таухид (баспаға дайындаған Бекир Топалоғлы – Мұхаммед Аручи) Анкара 1423, 483 б; Баязизаде, сонда, 266-279 б. 

[22] Фатыр, 35/15, Мұхаммед 47/38.

[23] Беязизаде, сонда, 150-165-б., 182-183-б, 243-б., 254-б.; Шевки Явуз, 147-б.

[24] Әбу Захра, 226-б.

[25] Матуриди, Китабут-Таухид, 420, 593, 615 б. Нәсәфи, Тәбсиратул-әдиллә, І, 161-162, 357, 533, 544, 2-т, 705-беттен Ю. Шевки Явуз, Ебу Ханифенин итикади гөрүшлери ве сунни келамын олушумуна еткилери, Имамы Ағзам Ебу Ханифе ве дүшүнже системи, 16-19 Еким, 2003, семпозиум материалдары, Куран араштырмалары уакфы, Бурса, 2005, 2-т., 151-152-б.

[26] Шевки Явуз, бұл да сонда, 152-б.

Пікір жазу