Бұл мәзһабты Абдуллаһ б. Ибад негізін қалады. Ол Маруан б. Мұхаммед халиф (744-450) болып тұрған шақта оған қарсы көтеріліс жасады. Көтерілісті жаншу үшін Маруан халиф әскер жібереді. Тихама мен Сананың арасындағы Таууала деген жерде екі жақ бетпе-бет келіп, Ибад жақтастары жеңіліске ұшырайды (Мұхаммед б. Абдулкарим аш-Шахристани. ал-Милал уан-Нихал123 б.). Жалпы, Харижиттер халифатқа қарсы дүркін-дүркін көтерілістер жасағанымен, ашық майданда үнемі жеңіліске ұшырап отырған. Осы харижиттердің бір тармағы болып саналатын ибадишілдер де халифатқа қарсы көтерілгенімен, соғыс майданында жеңіске жеткен емес. Ашық майданда жеңілетіндіктен, олар көбінесе халифатқа қарсы партизандық күрес жүргізіп, террорлық әрекеттер жасайтын.
Ибадйианың діни көзқарастарына тоқталар болсақ:
а) Олар өздеріне қарсы келгендерді мүмін түгілі мүшірік деп те есептемейді. Тек, кәпір деп санайды. Бірақ, ибадйиа өкілдері өздеріне қарсы шығушыларды ақидалық тұрғыда емес, нығмет тұрғысында кәпір деп біледі.
ә) Өздеріне қарсы келушілерді өлтіру дұрыс емес деп таниды. Себебі, қарсы келуші тарапта ислам жұрағаты саналады. Алайда, халифтің әскері мұсылман қауымынан тыс, тек ибадйиа өкілдері бұл көзқарасын ашып айтпайды. Олар өздеріне қарсы келушілерді өлтіру және олардың мал-мүлкіне қол сұғудың да харам екенін жасырып ұстайды.
б) Ибадйиа өкілдері қарсы келіп соғысқан мұсылмандардың тек қана ат-көлігі, қару-жарағын ғана олжа (ғанимат) ретінде алады. Асыл заттарын кері қайтарып береді.
д) Өздеріне қарсы келушілермен үйленуіне болады. Және олар мирасқор да бола алады деп түсінді (Мұхаммед Әбу Захра. Исламда саяси, сенімдік, фиқтыһ мәзһабтар тарихы. 82 б.).
Ибадйианың көзқарасы бойынша иман мен ислам – біртұтас. Іс-әрекет иманның бір бөлігі саналады. Яғни, ғибадаттар мен іс-әрекеттер – иманнан. Сол себептен Құран бұйрықтарын орындамаған немесе тыйым салған нәрсені жасаушы адамды иманнан шыққан деп есептейді.
Бірақ, Ибадйиа өкілдері уақыт өте келе көзқарастарын өзгертіп, үлкен күнә жасаған мұсылманнның мүшрік емес, нығмет күпірлігін жасағанын айтып, оларды тәухид мүшесі деп таныды.
Аллаға иман келтіру, иләһи сипаттар, пайғамбарлық және тағдыр сенімдерінде әһли сүннетпен бір көзқарасты ұстанады. Десек те, ибадйианың ақырет күнінде Алла көрінбейді, халифтің Құрайыштан болуы шарт емес деген көзқарастары әһли сүннетке жат еді. Ибадйиа өкілдері өздерін дос (ахли-уалаят), өзгелерді дұшпан (ахли-бараят) деп айтады.
Ибадйиа мәзһабы қәзіргі кезде Араб түбегінде Оман, Солтүстік Африка, Ливия, Тунис, Алжир, Мадагаскарда кеңінен таралған. Олардың пікірінше, басқа мәзһабтағылар кәпір емес, бірақ нығмет күпірінде. Яғни, олар ақырет күні тозаққа барып, азап шегеді. Бұл қиын жағдайдан құтылу үшін Ибадйиаға қосылуы керек деп біледі.