Ислам діні тұран даласына келген күннен бастап қазақ халқы әу бастан сүнниттік бағыттағы Ханафи мәзһабын таңдады. Бұл көрегендік шешім күні бүгінге дейін атадан балаға мирас болып жалғасын тауып келе жатыр.

Ислам дінімен айна-қатесіз жүру үшін Ханафи мәзһабын ұстанудың маңызы айрықша екендігі ескеріліп, еліміздің 2011 жылы қабылданған «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңның» преамбуласында ханафи мазхабы Қазақстанда мәдениет құраушы дiн ретiнде ресми танылған.

Сонымен қатар, ҚМДБ-ның осы жолда аянбай еңбек етіп жатқанын да баса айтуымыз керек. Сондай-ақ, Ханафи мәзһабының құрылымдық мәнін түсінуде ең әуелі мол септігін тигізетін «Мәдрасатур-Рай» сөзі болып табылады.

«Мәдрасатур-Рай» атауы – адамдарға көзқарас, ой еркіндік берілген, мәселеге ақыли тұрғыдан аналитика жүгізуге мүмкіндігі жасалған мектеп немесе зерттеу орталығы деген сынды мағынаны білдіреді.

Ислам діні – күллі адам баласын екі дүниеде де бақытты етуге әлеуетті Иләһи дін. Алғашқы төрт халифаның заманында «Ғәсрус-сағәдә» (бақыт ғасыр) салты іске асырылса, содан кейін оның теориясы имам Ағзам Әбу Ханифаның жетекшілігімен құрылған «Ханафи мәзһабы» немесе «Мәдрасатур-Рай» мектебі арқылы бекітілді.

Ислам тарихында екі үлкен ғылым мектебі болды. Оның бірі тарихи жағынан да бұрын қалыптасқан «Мәдрасатур-Рай» мектебі, екіншісі, одан кейін ортаға шыққан «Мәдрасатул-хадис» мектебі.

«Мәдрасатур-Рай» мектебі, мәселелерді шешуде ақылға басымдық көрсетумен ерекшеленді. Яғни, Құран аяттары мен пайғамбар (с.а.с.) хадистерінің ішкі мәніне көбірек көңіл аударып, сол негізде үкім шығарды.

Екіншісі, «Мәдрасатул-хадис» мектебі болса, аят және хадис мәтініндегі сыртқы мағынасына көбірек мән беріп, сол негізде үкім шығарды.

Бұл екі мектептің үкім шығару тәсілдерінде айтарлықтай өзгешеліктің болуы себепті, көптеген мәселелердің үкімінде де екі ұшты көзқарас ортаға шықты. Алайда, ислам ғұламалары екі мектеп арасындағы көзқарас айырмашылығы негізінен фықһи тармақ мәселелерде болғандықтан, үммет үшін Алланың жеңілдігі ретінде қарастырады.

«Мәдрасатур-Рай» мектебін құрушы имам Әбу Ханифаның әуелі Құранды, сосын Сүннетті басты дәлел еткендігі көпшілікке түсінікті болса керек. Алайда, «Мәдрасатур-Рай» мектебінің өкілдеріне күні бүгінге дейін «Ақылға басымдық беріп кетті» деген сынды айыптаулар әлі де тағылып келеді.

Бұл айыптаулардың астарында діннің мәнін жете түсінбеу немесе дінді мансұқтау көзделгені анық. Себебі, адамдардың сана тәуелсіздігіне қол жеткізуді бәрінен жоғары бағалайтын «Мәдрасатур-Рай» мектебінің нас (Құран, сүннет) пен ақылды бөліп қарамау тәсілінің озықтығын байқамау немесе көре тұра қарсы шығу сөзіміздің айғағы болмақ. Адам ақылын бүркемелеп ақиқатты көрсетпеу, догматизмді қалыптастыру жолындағы іс-әрекеттер «Мәдрасатур-Рай» мектебінің діттеген мақсатына жетуіне айтарлықтай кесірін тигізді.

Дәлел ретінде, ислам – барлық адам баласын екі дүниеде де бақытты етуге әлеуетті дін бола тұра, мұсылмандар неге саяси және экономикалық мәселелерде теңдік ала алмай келе жатыр? Неге кедейліктің қамытын киіп, босқынға айналуда? Неге бейкүнә жандар жазықсыз өлім құшуда? деген сынды жүздеген сұрақтарға толыққанды жауаптың берілмеуін айтуға болады.

Ислам түсінігі бойынша, қияметке дейін ижтиһадтің (әр ғасырдың сұранысына жауап бере білу, қоғамды дінмен өмір сүруге лайықты етіп дамыту) есігі ашық. Мұжтаһидтер – кез-келген уақытта адам құқықтарының қорғалуын, дөңгелек дәулетті өмір сүру үрдістерін қалыптастыратын дін ғалымдары.

Ислам дінінде адамдардың өзара тең әрі ғылым-технологиясы дамыған қоғамда өмір сүру салтын қалыптастыру жолындағы жасаған істері ең сауапты іске жатады. Алайда, ғасырлар бойы мұсылман әлемі құқықтық және экономикалық мәселелер төңірегінде діни мәтіндер мен ақылын ұштастыра отырып, мыңдаған жаңа идеяларды ортаға салуға, құқықтық және экономикалық мәселелердің жүйесін діннің талабына сай қалыптастыруға мүмкіндіктері бола тұра жасай алмады. Оған басты себеп Ханафи мәзһабының құрылымдық негізі болған «Рай» тәсілінің мәні ашылмауынан туындады деуге болады.

Дана халқымыздың, «үмітсіз шайтан ісі» деген нақылы құлдыраудың себебін анықтай алсақ, емін де табуға болатынын ұқтырса керек.

Қорыта айтар болсақ, Қазақстан мұсылмандары өзінің бағыт-бағдары ретінде Ханафи мәзһабын таңдады. Сана тәуелсіздігін ұсынған бұл мәзһаб, қазақ халқының ойын дамытып, әлемдік аренаға көтеруге қуаттылығы бар.

Қуаттылығы – құрылымдық негізін (ақылды) ислам дінінің бүтіндігін сақтайтын басты фактор ретінде қабылдауында. Ханафи мәзһабындағы адамзаттың даму үдерісіне бағытталған негізгі құрылымдарының бірі ақылға мән берілмей, ұмыт қалатын болса, онда мұсылмандардың кешегі тоқырау кезеңін қайталауға әкеп соғады.

Бүгінгі түрлі ағымдарды, толассыз қанды қырғындарды, адам құқықтарының тапталуыын және мұсылман әлемінің ой еркіндігі тоқырауының алдын алуда қиын. Сондықтан, «Мәдрасатур-Рай» мектебінің құрылымдық жүйесі болған «Ақыл» ислам дінінің мәнін ашатын басты фактор екендігін ұмытпау керек.

Самет Оқанұлы,

исламтанушы