Қазақ тілінің сөздік қорына кірмесе де орыс тілінің әсерімен ауызекі айтылатын «хам» деген арсыздық, дөрекілікті білдіретін сөз бар. Оның бір кездері КСРО құрамында жасаған еліміздің қалың ортасына етенелігі сондай, бір рабайсыз жағдай болса, «хам» екен деп шығатын болды. Бұл қарқынмен оны тіптен алдағы уақытта еріксіз жалпыұлттық сөздікке де енгізе ме дейміз.
Қош, айтпағымыз ол емес.
Осы күнге дейін бұл сөзді үлкен әріппен жазу ешкімнің ойына келмегені анық. Ал шындығында жазу-керек-ақ еді. «Хам» сөзінің атам заманғы этимологиясы мен шығу тарихы бар. Ол әлемдік діндердің кейіпкері, үлкен бес пайғамбардың бірі – дүниежүзілік тасқын су кезінде кемеде жүзген, «Екінші Адам ата» саналған әйгілі Нұх (а.с.) пайғамбардың ұлы – Хамның есімімен тікелей байланысты. Еврей тілінен аударғанда «хам» сөзі – «қызбалық», «құмарлық» деген мағынаны білдірсе, арабша «қызулық» дегенді білдіреді екен.
Мәлім болғандай, ежелгі шежіре-баяндардың баршасында Нұх (а.с.) пайғамбардың Сам (Шам, Сим), Хам және Яфас (Иафис, Иафас, Яфис) есімді үш ұлының болғандығы айтылады: «Нұх пайғамбар үш ұлын үш тарапқа: Хам атты ұлын Үндістан жаққа, Сам атты ұлын Иран жаққа, Иафас атты ұлын солтүстік жаққа жіберді. Үшеуіне айтты: «Адам перзенттерінен үшеуіңізден өзге ешкім қалған жоқ, үшеуіңіз үш жұртқа отырыңыз, ұрпақтарыңыз көп болса, сол барған жерлеріңізді жұрт етіп отырыңыз».
Қазақ аңыздарында да: «Жер-жаһандағы алып, асқар таулардың бәрі топан суына тоғытылып, тәрк болғанда, қазақ даласындағы Қазығұрт тауы топан суына батпапты. Үш жыл ұдайы су үстінде жүрген Нұх кемесі қайрандап келіп, осы тауға тоқтапты. Осыдан соң су тартылып, апат айығыпты.
Дүниедегі алғаш рет жаралып, өсіп-өнген адамдар айтылмыш топан апатында тәрк болып, кемеге түсіп, топаннан құтылғандардан тек Нұхтың үш ұлы: Хам, Сам, Иафас қалған. Кейінгі адамдардың бәрі осы үшеуінің ұрпағынан тараған деседі» («Бабалар сөзі» кітабы, 78 том) деп келеді.
Шәкәрім атамыздың «Қазақтың түп атасы» атты тарихи дастанында:
Адамның тұқымынан – Нұх пайғамбар,
Үш ұлы – Хам, Сам, Яфас, міне, осылар.
Яфастың бір баласы Түрік деген,
Өрбіген сонан өсіп талай жандар, – деген жолдар бекерден-бекер емес.
Міне, осы үш ұлдың бірі – Хамның қасиетті кітаптар мен ескі мифтерде өз әкесін жалаңаш күйінде көргенін және ол туралы өз ағаларына әжуалап айтып бергені туралы айтылады.
Бұл туралы Інжілде: «Нұх жерді өңдеп, жүзім ағаштарын отырғызды және шарап ішкеннен масайып, өз шатырында жалаңаш жатқан. Ханаанның әкесі Хам, әкесінің жалаңаштығын көріп, екі ағасына айтып берді. Сим мен Иафет теріс қарап, әкелерінің жалаңаштығын көрмей, оның үстін жапты» (еркін аударма) делінген екен. Ал хадисте: «Нұхтың үш ұлы бар еді: Сам, Хам және Яфәс» (Ахмед ибн Ханбал. Муснәд) деп оның балалары туралы хабар берілген.
Дін комментаторларының бірқатары «Хамның іс-әрекетінде оның бүлінген болмысы көрінеді, ол көргенінен ұялған жоқ, еш әрекет жасамай, ағаларының алдында әкесін ұятқа қалдыруға асықты. Хамның ақылсыз және дөрекі мінез-құлқына оның басқа бауырлары Сам мен Яфастың қарапайымдылық, ұятшылдық және әкелеріне деген құрметі қарама-қайшы болды» деп тұжырымдайды.
«Әкесі оянған соң, кіші ұлының әрекеті туралы біліп, «Ханаанды қарғыс атсын, өз бауырларының, құлдарының құлы болсын» деген сөздермен Хамның ұлын қарғаған» дейді діни әфсаналар.
Осы жерде бір айта кетерлік жайт, қазіргі мұсылмандық діни орталар түсінігі бойынша Хам – судандықтардың, копттардың және үнділердің бабасы саналады. Яғни негізінен бүтін тарих бойы құлдықты бастан кешкен қара нәсілді халықтар ұрпақтары ретінде аталады. Совет ғылымында бұған билеуші тап тудырған діни мифология ретінде түсінік беріліп, «Хам туралы аңызды Яһуди абыздары және құл иеленушілер құлдықты ақтау үшін пайдаланды» деп тұжырымдаған. Ол кездегі гуманитарлар шартты түрде тіптен, хеттер мен вавилондықтарды да Хам тұқымы деп есептеген.
Не керек, Хамның өзін емес, оның ұлының қарғалу себебі әлі күнге құпия. Хамның әдепсіздік танытуы ескі таным бойынша оның ұрпағына әкесінің қарғысын ғана дарытып қоймай, оның есімін жалпы есімге айналдырды. Бұл қатарда оның көптеген тілдерде «өзен», «көл», «сағат», «отын», «су» сынды бірыңғай заттар мен құбылыстардың жинақты атауларын білдіретін зат есім болып отырғаны жасырын емес. Ал Хамның мінез-құлқы әлемдік діндердің бір бұтағын ұстанатын орыстар тілінде «хамство» ұғымының негізіне алынды.
Орыс тілінің өзінде «хамство» – басқа адамдарға әдепсіздік көрсету және тіл тигізу дегенді білдіреді. Содан келіп қазақ тілінде де әлгіндей мән-мағына үстеліп тұр.
Орыс лингвистерінің пікірінше, кейде «хам» сөзі қазіргі тіл үшін ескірген мағынада, «қара халықтан шыққан адам» және «жабайы» сөздерінің синонимі ретінде, сауатсыз, дөрекі мағынасында да қолданылады. Праваславтардағы «Хамнан мырза шықпайды» (Из хама не будет пана), «Сақалына қарасаң Авраам, ал істеріне қарасаң – хам» ( По бороде Авраам, а по делам – хам) деген жағымсыз сипаттағы мақал-мәтелдер де осыдан шыққан.
Қалай десе де, өте ежелгі заманалардан бері діни танымның бір бөлігі болған «Хамның бейнесі» және одан туындаған ұғымдар уақыт өте келе жаңа мағыналармен толығып, ұят-аяты жоқ, беті қалың, әдепсіз де тәртіпсіз адамның мінез-құлық моделінің өзіндік сипаттамасына айналған деп ойлаймыз. Қазақ тілі бұл сөзді қабыл алса, онда біздің тілге де тән болмақшы. Әрине, Нұх (а.с.) дәуірінен бастап, біздің күнге дейін кез келген халыққа «хамдық» мінез-құлықтың лайықсыз екені айдан анық. Басқасы басқа, құдай бізді «хам» атанудан сақтасын!