Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Абай – қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар, ол қазақ халқының ел болуы жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер», – деген болатын.

Абайдың онтологиялық көзқарастарынан өніп шыққан рухани әлеуетті сақтау, оны жаңа тарихи жағдайларда дамыту – біздің бүгінгі кезеңнің және замандастарымыздың міндеті. Абайдың шығармасындағы кемелдікке жетудің жолдарын ұсынатын құндылықтарды насихаттауда Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың «Абай және 21 ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласының ролі ерекше.

Хәкім Абай осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын өз халқының алдына қойған жаңа мақсаттар мен тың талаптар бүгінгі жаһандану жағдайында жүзеге аспаса, жағдайымыз жақсармайды. Ол Шығыс пен Батыс әлеміндегі озық көркемдік әдістерді қазақ дүниетанымына ендіріп, халқымыздың тереңнен тамыр тартқан рухани әлемін басқа қырынан танытып, қазақ ұлттық мәдениетінің негізгі құндылықтарын жүйелеп ашып берді.

Өз шығармашылығында Абай жолайрықта тұрған адамның – ол өмір сүрген қоғамның бұрынғы тұғырлары мен құндылықтары келмеске кеткендіктен өткенінен айырылған және қазіргісі тайғанақ әрі тұрақсыз болғандықтан осы шағы жоқ адамның жағдайын кескіндейді. Ақырында, бұл осы тайқымалы, түсініксіз әрі кейде қасіретті болмыстан көңілге үміт ұялататын келешектің кескінін құрастыруға тырысатын адамның жағдайын бейнелейді.

Әсіресе, мұның соңғысы өте қажет, өйткені ойшылдың кәміл сенімінше, «ұлы мақсаты немесе ортақ ақиқаты жоқ халық рухани өлік. Ал өмір болмаған жерде, кемелдену де болмайды».

Хәкім Абай туралы Алаш арыстары Жүсіпбек Ай­мауытов пен Мұхтар Әуезовтің тікелей бастауымен «Абай» журналының 12 нөмірі жарық көрді. Сол журналдағы Абай туралы Ілияс Жансүгіровтың жазған естелігінде:

«Тұс-тұстан жау қысып, мал мен басқа дау түсіп, дағдарып қазақ сасқан соң орысқа келіп бағынды… бұрынғы дәурен көзден бір-бір ұшты… Ұрлық, не түрлі әрекет керней бастады. Сөз сыбыр­ға, іс жыбырға айналды. Береке кетіп, азды, тозды. Сол кезде қалың надан, қара тұманды қақ жарып, бұлақтай жарқ етіп Абай туды.

 

Ақылды дана, рақымды әділ, шынға сусаған, қыңырды жөнге, қисық­ты тезге салмақ болған, бұзықтықпен алы­сып өткен Абай еді. Қазақтың әдебиетіне жан берген, сөздің сыртынан сырлап, ішін түрлеген, өлеңнен өрнек шығарған, ақындық, сыншылдық бірдей дарыған Абай еді.

Өнер тап, әрекет қыл, тәрбие ал, ынсапты, адал бол деп қақсап өткен, адам баласын бауыр тұт, адамшылыққа қызмет ет деген Абай болатын…», –

деп Абайдың ұлт тарихындағы орны мен ролін жақсы көрсеткен.

Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын алғашқы зерттеген Алаш арыстары Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев және тағы басқалары.

Алаш ардақтылары Абайды ұлы деп емес, хәкім деп атаған. Хәкім дегеніміз – ғылымның бұл дүниедегі пайдасына көп көңіл бөліп, адалдықты, ғылымды, мейірім шапағатты сүйетіндіктен, адамзатқа қызмет жасауда өз нәпсілерін пида қылып, шындықты тауып, халқын өрге сүйреген жандар.

«Адаспай тура іздеген хәкімдер болмағанда, дүние ойран болар еді», – деп Абайдың өзі айтқандай, ұлт тарихы мен мәдениетін сол ұлтты жан-тәнімен сүйіп, өрге сүйреген ойшылдардың дүниетанымынсыз елестету мүмкін емес.

Қазақстандық ғалым Ғ. Есім «Хәкім Абай» еңбегінде «ұлы» деген ұғымға берген анықтамасына жүгінсек:

«Құдайға сенбеген дәуірде біз сөз қисынын бұздық. Аллаға айтылатын сөзді адамға айттық. «Ұлы» деген сөзді басында дінсіз көсемдерге қолданып, бойымыз үйренгеннен кейін, оның Алланың, яғни Жаратушының эпитеті екенін де ұмыттық. Ұлылық – тек Жаратушыға ғана қатысты айтылатын сөз».

Мұны Мағжан да, Ахмет Байтұрсынұлы да білген, сол себепті қолданбаған. Мен сондықтан Абайды ұлы демей, хәкім деп айтамын деп, ұлы және хәкім деген ұғымдарға тамаша анықтама берген.

Хәкім Абай өзінің қара сөздерінде Сократты, Платонды, Аристотельді және Шығыс ойшылдарын хәкім деп атаған. Демек, хәкім дегеніміз – өз ұлтының болашағы үшін қам жеп, дұрыс жолды іздеуші. Жаһандану жағдайында көптеген ұлттар мәдениеттанулық түсіндірме бойынша, мәдени нормалар арасындағы қайшылықтардың нәтижесінде орын алатын девиацияға тап болуда.

Девиацияға анықтама берген француз әлеуметтанушысы Эмиль Дюркгейм девиацияның негізгі себебі – аномия, реттеу нормаларының болмауынан деп түсіндірді. Реттеу нормаларының бұзылуы халықты жік‑жікке бөліп, мәңгүртік пен космополитизмге апарады.

Мысалы, неміс халқының философы Ф. Ницше мәдениет дағдарысының мәнін, ең алдымен шынайы христиандық рухтың жоғалуымен және маңызды мәдени құндылықтардың жойылуынан көрсе, испандық мәдениеттанушы Х. Ортега-и-Гассет қазіргі мәдени дағдарысты қоғамдағы биліктегілердің барлығының бұқараға өткендігімен байланыстырады. Ал, хәкім Абай 39 қара сөзінде қазақ халқының мінезінің өзгеруіне ата‑бабаларымыздың бойындағы екі жақсы мінезден (ел басы, топ басының сөзіне құлақ асуда және намысқорлық, бір‑біріне қанша ренжіседе бірлікке бекем болуы) айырылуда деп түсінді.

Хәкім Абайды өмір, қоршаған дүние, табиғат, болмыс сыры, олардың заңдылықтары көп ойландырған. Ол дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап табуға тырысты.

Мен осы кіммін? Жан иелері өмірінің түпкі мәні неде? Барлық адам баласы, жан-жануарлар да тамақтанады, ұйықтайды, қорғанады, артына ұрпақ қалдырады. Сонда адам баласының басқа жан иелерінен айырмашылығы неде?

Ол өзінің пәлсапалық шығармаларында адам баласының өмір сүру мақсатын, сол мұратына жету жолын, әлемдегі болмыстың мәні мен өзіндік ішкі байланысын, жалпы заңдылықтарын ашып көрсетеді. Абай адамдарды екіжүзділікке, өтірікші немесе өсекшіге айналдыратын, достықты сатып кетуге және жағымпаздыққа мәжбүрлейтін, бөлектенуден туындайтын руханилықтан жұрдай және тылсым сыртқы күштің ықпалымен болатын күнәhар әсерді де айқын түсініп, көрсетіп берді.

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек,

– деп хәкім Абай айтқандай, адам өмірге келгендегі басты миссиясын анықтау барысында, бірінші кезекте өзін‑өзі тануы қажет.

Танымаған жағдайда! Заманның соққан желіне төтеп бере алмай, болмысынан айырылады. Яғни, жаһандану жағдайында бұқаралық мәдениет арқылы тараған надандықтың кебін кигізуге тырысады:

Көп айтса көнді,

Жұрт айтса сенді.

Әдеті надан адамның!

Надан адамның жаһанданудың құрған торына түскен белгісі «космополит», «фундаменталист» (Гидденс), «көзқаман» (Р. Бердібаев), «мәңгүрт», «люмпендер» секілді образдарға айналуы. Бұл образдағы адамдар ұлттың мәдениетіне болашағына бей‑жәй қарайтындар. Индивид күйіндегі адамды Абай топ, тобыр, дүрмек деп әжуалайды. Тобыр өздігінен түк те бітіре алмайды, «өңкей нөлге» айналады. Ал адамдар бір мүдденің, философиялық тілмен айтқанда, идеяның соңына түсіп біріксе, тобыр емес, зор күшке айналады. Сол идеяны Абай бізге аманаттады.

Президентіміз Қ. Тоқаевтың «толық адам» тұжыры­мын қайта зерделеп, осы бағытта ғалымдарымыздың тың зерттеу­лерін қолға алып, «Толық адам» концепциясын, өмірі­міздің кез келген саласының, мемле­кетті басқару мен білім жүйе­сінің, биз­нес пен отбасы институттары­ның негіз­гі тұғырына айналуы керек деген пайымы өте маңызды.

Әсіресе, хәкім Абай құндылықтарының нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, өмірлік азығына айналдыру қажет. Халықтың рухын биіктетіп, ұлттың өзіндік санасы мен психологиясын өзгертіп, білімін көтермесе, жоғары технологияға негізделген серпінді экономикалық дамушы қоғам құру мүмкін емес.

Хәкім Абай ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады.

Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Егерде жастарымызды Абайдың аманатымен тәрбиелемесек, «Заманақыр жастары» деген өлеңіндегі жастардың образдары көбейе бермек. Сол өлеңге тоқталсақ:

Заманақыр жастары,

Қосылмас ешбір бастары.

Біріне‑бірі қастыққа

Қойнына тыққан тастары,

– деп алғашқы шумағанда, жастардың арасындағы бірліктің жоғалуын, бір‑бірінің сөзін көтермейтін қатыгез образы сипатталса әрі қарай:

Саудасы – ар мен иманы,

Қайрат жоқ бойын тыйғалы.

Еңбекпен етті ауыртпай,

Құр тілменен жиғаны,

– деп бұл шумағында, жастарды бала күннен бастап тәрбиелеу барысында жан-дүниесіне тиісті деңгейде көңіл бөлінбегендіктен, ар мен иманды саудаға оңай салатын жастардың көбеюін меңзеген. Әрі қарай:

Өнімсіз іске шеп‑шебер,

Майданға түспей несі өнер?

Сиырша тойса мас болып,

Өреге келіп сүйкенер.

Бұл шумақта хәкім Абай хайуан сияқты тамақққа тойып мағынасыз, пайдасыз іспен айналысатын жастарды сипаттап, осы өлең шумағын күлмеңдеген, қалжыңдағын, біреуді сөз қылуға мәз болған, аузынан тек лас сөз шығатын адамның бейнесімен аяқтайды. Бүгінгі жас – елдің ертеңгі кірпіші. Кірпіштің сапасыз болуы елдің болашағына қауіпті.

Сондықтан Абайдың идеяларын мектептегі алғашқы сыныптардан бастап «өзін‑өзі тану» сабағының жоспарына енгізу қажет. Сол арқылы «бір болса да жүзге татитын азаматтарды тәрбиелейміз». Олай болмаса, «жүз болса да бірге татымайтын ездерді көбейтеміз».

Абайдың шығармасын жастарға оқытып, таныстырудағы басты мақсат – «кемел адам» образына жеткізетін жолдармен таныстыру. Ол үшін хәкімнің 43 қара сөзіндегі жан мен тән арасындағы жибили және кәсіби қасиеттерді тану қажет. Ғылым-білім, өнерге үйрену арқылы ой-өрісімізді жетілдірудің алғашқы қадамын жасаймыз. Яғни, ақыл арқылы, бірақ, ақылдың бір өзі «адамның кемелденуіне» әкелмейді, сондықтан ең маңыздысы рухани жетілу, яғни жанды жетілдіру мәселесі.

Абайдың айтуынша, жан жүректе орналасқан. Жан адамның тыныс-тіршілігін, іс-әрекетін жүрек арқылы басқарады. Егер жан жетілмеген болса, онда адамның іс-әрекетінде де кемшілік болады. Ішкі дүниесі тазарып, жетілген адам ғана қателікке ұрынбай, өмірде қате баспай, дұрыс өмір сүре алады.

Адам баласының бақыты оның жүрегінің тазалығымен тығыз байланысты деп үйретеді. Сондықтан «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетінде ар ойды жетілдіру үшін артық біліп талаптануға шақырады.

Ал, өзін-өзі дұрыс танымаған адамдар қоғамның дамуына кедергі келтіріп, береке-бірлігі­не іріткі салады. Өзін дұрыс танымаған адамдар көре алмау, кісіні сыртынан сөз қылу, мақтану, ысырап жасау сияқты қасиеттерге ие болады. Ондай адамдардың сипатын хәкім Абай «Терең ой, терең ғылым іздемейді», «Ынсап, ұят, терең ой, ойлаған жан жоқ, жауып қой»; «Малда да бар жан мен тән, ақыл, сезім болмаса, тіршіліктің несі сән, тереңге бет қоймаса», «Терең ойдың телміріп, соңына ермей, адамның ісі бітер ме?» және тағы басқа өлеңдері арқылы ашқан.

Өзін-өзі дұрыс танымаған адамдардың әрекетінің соңғы аялдамасын хәкім былайша сипаттаған: «Ел бұзылса құрады шайтан өрмек, Періште төменшіктеп қайғы жемек. Өзімнің иттігімнен болды демей, Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек».

Өмір жолы – келу мен қайтудан тұратын Тəңір ісі, жаратылыс заңы. Осы екі аралықта адамға уақытша берілген өмірді мәнді, өкінбестей өткізуге шақыратын хәкім Абайдың шығармалары кез келген жастағы азаматтарға бағыт‑бағдар беретін құндылық.

Ж. ТҮСІПБЕКОВ,

Қарағанды қаласы

Пікір жазу