Сұрақ: Елімізде Құраншылар деген топ бар. Хадисті қабыл етпейді, тек Құранмен жүреміз дейді. Ол мүмкін бе?

Жауап: Имран ибн Хусейн (р.а.) Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғалым-сахабаларының бірі еді. Хазіреті Омар (р.а.) халифа атанған соң, оны Исламды үйретсін деп Басраға жібереді.

Бір күні ол мұсылмандармен сұхбаттасып отырғанда жамағаттан бір адам оған:

  • Сіз бізге арасында хадистер айтасыз. Алайда, оларды Құраннан таба алмаймыз, – деді. Имран ибн Хусейн бұл сөзіне ашуланып:
  • Сен Құран оқыдың ба? – деп сұрады.
  • Иә, оқыдым, – деп жауап қатты. Одан соң сахаба сөзін жалғастырды:
  • Жақсы, онда сен Құранда ақшам намазының үш рәкат, құптан намазының төрт рәкат, таң намазының екі рәкат, бесін және екінті намаздарының төрт рәкат деп жазылғанын көрдің бе? Көрген жоқсың. Онда сендер мұны қайдан білесіңдер? Оларды бізден үйрендіңдер емес пе? Ал біз бұларды Алланың Елшісінен үйрендік.

Имран ибн Хусейн әлгі адамға тағы бір сұрақ қойды:

– Сендер ақшаның және қойдың қырықтан бірін зекет ретінде беруі керектігін Құраннан білдіңдер ме?Жоқ, – деп жауап берді.

Одан соң ғалым-сахаба сұхбатты жалғастырып:

– Олай болса, сендер мұны қайдан үйрендіңдер? Бізден үйрендіңдер емес пе? Біз де оларды Пайғамбардан үйрендік.

«…Кағбаны тауап қылсын!» (Хаж: 29) деген аятты Құраннан көрдіңдер. Алайда, жеті рет тауап етілетіні, тауаптан соң Хазіреті Ибраһимнің (ғ.с.) мақамының артында екі рәкат намаз қылу керектігі жайында Құраннан таба аласыңдар ма? Таба алмайсыңдар. Сендер бұл нәрселерді қайдан білдіңдер? Бізден үйрендіңдер емес пе? Біз де бұларды Алланың елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйрендік», – деді.

Жиналып отырған жамағат:

– Дұрыс айтасың, – десті (Әбу Дәуіт, 1561 және т.б.

Сондықтан да барлық нәрсе Құранда айтылған деп сүннетті, хадистерді теріске шығару дұрыс емес.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Адал ризық табудың пайдасы неде?

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу