Пәни екіге бөлінеді – ақиқат пен жалған, ақ пен қара, дұрыс пен бұрыс. Біз күнделікті пайдаланатын күнтізбе де осыдан тыс емес! Яғни, бүгінгі күні адамзат қолданысында болған күнтізбе түрі баршылық. Мысал ретінде, түрлі мәдениет, халықтың күнтізбесін айтса болады. Ал біз бүгінгі күні григориан күнтізбесін қолданамыз.

Негізінде григориан күнтізбесі – христиандар дінінің бір нышаны. Себебі, григориан күнтізбесінің бастамасы Иса пайғамбардың (ғ.с.) көкке көтерілуімен байланысты. Бірақ, бүгінгі күні адамдар, тіпті өзін христиан есептегендердің көбі бұл мәселеге мән бере бермейді.

Бүгінгі күні мұсылман елдері кей жағдайда ғана григориан күнтізбесін пайдаланғанымен, негізгі қолданатыны һижри күнтізбесі.

Һижри күнтізбесі Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) осы мухаррам айында Меккеден Мәдинаға қоныс аударуды ниет етуімен байланысты. Кейін, екінші әділ халифа Омар ибн Хаттабтың (родиял-лаһу ғанһу) халифалық дәуірінде осы жағдай һижри күнтізбесі пайда болуына негіз болды. Сондықтан һижри күнтізбесін мұсылмандық күнтізбе деп нық айтса болады!

Барлық нәрсенің өз икемділігі бар! Күнтізбе де осы айтылғаннан тыс емес. Мәселен, күнтізбені алар болсақ, біздің қолданысымыздағы григориан күнтізбесі христиандар үшін өте ыңғайлы. Өйткені, жексенбі күні христиандардың «воскресная служба» рәсімі өткізіледі. Яғни, григориан күнтізбесі христиандар аптаның бір күнін арнауына ыңғайластырылған.

Әрине, бүгінгі күні өркениетті аталған елдерде, қоғамның дінсіздігі себебінен, бұл мәселеге онша мән беріле бермейді. Мысал ретінде өз елімізді алсақ болады. Бізде адамдар жексенбіні жұмыс аптасының демалыс күні ретінде қабылдайды. Сондықтан елімізде жексенбі күні мұсылман да, христиан да, өзге дін өкілдері де, тіпті дінсіздер де демалады.

Енді мұсылмандарға келер болсақ, жұма күні жұма намазы оқылады. Бірақ елімізде мемлекеттік жұмыс орындарының жұмыс істеу жүйесі григориан күнтізбесіне негізделу себебінен, жұма жұмыс күні болып есептеледі. Осы жағдай намаз оқитын бауырларымызға қиындық тудыратыны анық.

Ал һижри күнтізбесімен тіршілік еткен мұсылман елдерінде мұндай жайсыз жағдай туындамайды. Әдетте, мұсылман елдерінде екі күн демалыс күндеріне жатады. Ол бейсенбі мен жұма, немесе жұма мен сенбі болуы мүмкін. Сонымен қатар, демалыс күндері жұма мен сенбі болған елдерде бейсенбі «қысқа күн» болып есептеліп, ол күні мекемелер түске дейін ғана жұмыс істейді. Осы себептен мұсылман елдеріндегі бауырларымыз Исламдағы маңызды құлшылық түрін, яғни жұма намазын ешбір машақатсыз орындай алады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Мұсылман елдеріндегі «зайырлылық» сипаты

Құдайға шүкір, біз егемен әрі өркениетті елде өмір сүреміз! Заңымызда дін еркіндігі қарастырылған. Яғни, әрбір дін өкілі өз дінін ұстанып, құлшылықтарын орындауына ерікті. Тіпті елімізде кейбір дін мейрамдары демалыс күні ретінде қабылданды.

Елімізде конфессияралық қатынасқа ерекше мән беріледі. Кез келген қоғамның дамуы негізінде татулық, өзара түсінушілік пен бірлік жатыр. Асы дініміз де осыған үндейді, әрі бұл айтылғанға тарихтың өзі күә.

Сонау Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) дәуірін алар болсақ, ол Меккеден Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін, Мәдинадағы яһудилермен достық қарым-қатынас келісімін жасасқан болатын.

Екінші әділ халифа Омар ибн Хаттабтың (родиял-лаһу ғанһу) дәуірінде, 637 жылы (һижри 16 жыл) мұсылмандар Иерусалимді иеленген кезде, Омар ибн Хаттаб (родиял-лаһу ғанһу) сондағы яһудилерге өз дінін ұстануына, әрі яһудилер балаларын дініне үйретуіне және өз ғибадатханаларында діни рәсімдерін өткізуіне рұқсат етті.

Одан бері келер болсақ, 9-10 ғасырларда Испанияда Ислам мәдениеті дамып, ондағы мұсылмандар мен христиандар тату-тәтті өмір сүретін. Сол кезде бірде-бір өзге дін өкілі, ол христиан немесе яһуди болсын, діні үшін қудаланбады. Мұсылмандардың медреселерінде христиандар мен яһудилер математика, астрономия, медицинаны оқып, сауатын ашты. Сондықтан бүгінгі күні Еуропаның дамуы негізінде осы жағдайдың да үлесі бар десек, қателескен болмаймыз.

Иә, қазіргі уақытта елімізде рухани дамудың барлық жағдайы жасалған, әрі әрбір азамат өз дінін іс жүзінде ұстана білуі осыдан тыс емес.

Қазақ ғасырлар бойы Ислам дінін ұстанып, діни құндылықтарды ұлттық құндылық ретінде қалыптастыра білді. Әрине, бұның негізін қазақтың дінге деген ықыласы құрады. Қазақтың: «Біреудің ала жібін аттама!», «Аманатқа қиянат етпе!», «Өтірік айтпа!» секілді ырым-тыйым қағидаттары осының айқын айғағы!

Ендігі мәселе, елімізде мұсылман қауымы жұма күні жұма намазын өтеуіне қолайлы жағдай жасалсадеген тілек бар. Алла Тағаладан осыны тілейік! Жеке басым, Құдай қаласа, бұл мәселе де оңтайлы шешімін табады деген сенімдемін.

Алла Тағала жұртымызды бүліктен сақтасын! Еліміздегі қоғамдық келісім кемелденіп, болашағымыз жарқын болуын жазсын! Әмин!

Абдуссамад МАХАТ

Пікір жазу