Бүгін таңертең Голливудта (АҚШ) отандасымыз Геннадий Головкин поляк қарсыласын уақытынан бұрын тізе бүктіріп, өзінің чемпиондық белбеуін сәтті қорғады.

31 жастағы белбеуден үміткер Камиль Шеремета бірінші, екінші және төртінші раундтарда нокдаунға түсті. Жетінші үшминуттық айқаста Головкиннің кезекті жойқын джебін «жеп» алғаннан кейін төртінші рет нокдаунға құлаған Польша боксшысы өз бұрышына өз аяғымен жеткенімен, сегізінші раундқа шығудан бас тартты.

Осылайша 38 жастағы Головкин орта салмақта әлем чемпионы белбеуін қорғау саны бойынша «баскесер жендет», «жатғаламшарлық», «Би-Хоп» лақап аттарымен танымал Бернард Хопкинспен иық теңестірді. Олар чемпиондық белбеуді 21 мәрте қорғады. Орта салмақта бұл көрсеткішке жеткен ешкім жоқ.

Пікір жазу