Медицина саласында «геронтология» деген ғылым бар. Бұл ғылым кәдімгі ағзаың белсенділігін мейлінше ұзарта түсу амалын қарастыратын медицина ғылымының саласы. Біздің айтпағымыз басқа еді.

Қарап отырсақ, өткен тарихымызда да, бүгінгі күні де, болашақта да көп адамның жүйкесі шаршап, ешбір істен ләззат алмай, болмай солып жүргенін байқаймыз. Себебін іздеп көрсек, бәрі рухқа байланысты екен.

Рух, жан деген Алладан келген жаратылысты адам баласы талай ғасырлардан зерттеп, жанның, рухтың адамның қай жерінде тұратынан таппай келеді. Кей ғалымдар адам жанының салмағын өлшеп әлек. Мұсылман адам жанды Алладан, тәнді жерден жаратылған деп түсінеміз. Алладан келген соңғы қасиетті кітап Құран кәрімде Алла тағала жан туралы іздеуге шектеу қойған. Мұның себебі неде деп көрсек, жанның құрылысын адам баласы бұл өмірде таппай өтеді екен. Себебі жан нұрдан жаратылған.

Адам құрылысын зерттейтін ғылым салалары да физикалық шаршауға жүйкенің әсері бар екенін мойындайды. Яғни, жанның шаршауы. Демек адам тәні жанына тікелей қатынасты. Тәніміз – жанымыздың қызметшісі.

Осы жерде жанның шаршамауы үшін не істеуіміз керек деген сұрақ туады. Жан шаршамас үшін пенде жанына ұнайтын ісімен айналысу, сол ісінен пайда көріп, тәнін асырау керек екен. Ақылы мен жүрегіне үңілу қажет екен. Өйткені Алла тағала әр пендесінің бойына өзінің ғана қолынан келетін өнерін салып қоймақ.

Адамның қабілеті шексіз болғанымен, оның өзі сүйіп ұнатар бір ғана ісі болмақ. Қаламайтын жолға адамды салу – жегісі келмейтін тамақты ішкізумен тепе-тең дүние. Біздің басты кемшілігіміз сол, әр адамның ішкі жан-дүниесіне үңіле алмауымыз.

Хәкім Абайдың «жүрегіңнің түбіне үңіл-дағы, содан тапқан асылды тастай көрме» деуі осыдан. Хәкімнің айтуы бойынша, адамның ортаны бұзып жарып, өзін тұлға ретінде көрсетуі де жоғарыда айтқан дүниелермен тікелей байланысты екен. Данышпан мына өлеңінде оны ашық айтады: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста. Сонда толық боласың елден бөлек». Бұл үш формула – адам жанының өлшемі. Өмір сүруінің өлшемі. Пенденің құлықсыздық танытып, өмірден шарауының басты шарты.

«Пенде нені таныса, соны сүймек. Неге сенсе, сол оның әлемі болмақ» (Руми). Сондағы басты мәні бұл сөздің адам ең бірінші өз-өзін сендіру қажеттігі алға шығады. Жоңғар хандығы құлап, Қытаймен бетпе-бет соғыста тұрған Абылай ханның жүрегін қорқыныш билегенін байқаған көмекей әулие Бұқар ханға былай дейді: «Әуелі өзіңді сендір жеңетініңе. Содан кейін әскеріңді сендіре аласың», – деп. Осы соғыста қытай әскері шегінуге, бітім жасауға мәшбүр болды емес пе?! Демек адам өзін сендіре алмай, өзгені сендіруі бекер екен.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Суицид жасаушылар саны 17%-ға артты – Бас прокуратура

Әңгімені созбақтап, мұны неге айтып отыр деп сұрасаңыздар, айтайын.

Адамның өмірін ұзартып, оның өмірге деген құлшынысын арттырып, тәнінің шаршамауы үшін, жанын рухтандыру үшін, сөздің қадірі өте жоғары. Жүсіп Баласұғұн бабамыз: «Сөз – кілт сияқты. Қалаған адамның құлпын аша да біледі, жаба да біледі» демеп пе еді. Сөздің қадірі адам үшін өте маңызды бола беретіні анық.

Осы жерде қос бақаның оқиғасымен әңгімемді аяқтайын:

Бір топ бақа қорек іздеп орман ішінде тарбаңдап келе жатады. Кенет, қапталдас келе жатқан екі бақа терең шұңқырға байқаусызда құлап кетеді. Мұны байқаған қалың бақа шуласқан күйі шұңқырдың ернеуін жағалап, жиыла қалады. Шұңқыр тереңдігін көрген олар бірден жолдастарының аман шығуынан күдер үзіп, екеуіне басу айта бастайды.

Төмендегі қос бақа қатты қорыққаннан қаптаған шуылға құлақ салмай, бар күштерін салып шұңқырдан шығуға тырбанып бағып жатыр. Жоғарыдағы көпшілік екеуінің бос арамтер болып жатқанына жандары ашып «ақылдарын» жамыраса айтып, тоқтар емес.

Бір кезде екеудің бірі секіруін доғарып, көптің сөзіне құлақ қойды. Сол-ақ екен бірден бойын үмітсіздік билеп, салы суға кетті де, тарбаң етіп төрт аяғын жоғары көтерген күйі өлді де қалды. Ал екінші бақа оған мән берген жоқ. Секіруін де тоқтатқан жоқ.

Ал ернеудегі бақалардың бақылдаған айқайы одан ары үдеп кетті. «Жаныңды қинама!», «Өлімге мойынсұнсаңшы!», «Болды ғой, енді!» деген «жанашыр» сөздер әр жерден естіліп жатыр.

Тереңдегі бақа секіруін арттыра түсті. Бойындағы бар күшін жиып, соңғы рет ышқынып еді, шұңқыр аузына келіп ілікті. Одан ары бір-ақ секіріп сыртқа шығып кетті.

Мына ерлікке қатты таң қалған қалың бақа мұны қаумалап қоршап алды. «Сен біздің айқайымызды естімедің бе?» – деп жатыр. Ол болса: «Менің құлағымның мүкістігі (керең) бар еді. Тар жерде мүлде естімей қаламын. Бағана, шұңқыр ішінде болғанда ұзақ уақыт бойы сендер мені өмір үшін күресуге жігерлендіріп шулаған боларсыңдар деп ойладым», – деген екен.

Бұл ғибратты мысалдың үш түрлі сабағы бар:

Бірінші, өлім мен өмірдің күші тілде жасырынған. Қуаттандырып, жігерлендіруші сөз төмендегіні жоғарыға көтереді. Мақсатқа жетуге жол ашып, үмітті оятады.

Екінші, тұқыртып, үміт сәулесін өшіретін сөз төмендегіні өлтіріп тынады.

Үшінші, ақылыңмен шешіп, дұрыс деп тапқан ісіңді жүзеге асыра аласың. Өзгелердің ой-пікірі үмітсіздікке ұрындырмасын.

Пікір жазу