Астана. 4 шілде. KAZISLAM – 30 наурыз күні Газа секторы мен Израиль шекарасындағы бейбіт шеру кезінде қаза болған адамдар саны 135-ке жетті, деп хабарлайды Анадолу агенттігі.

Израиль әскері «Ұлы оралу» ұранымен өткен акцияға қатысушы қарусыз палестиналықтарға мақсатты түрде оқ жаудырған. Газа секторы Денсаулық сақтау басқармасының өкілі Ашраф әл-Кудра Израил шекарасындағы акция кезінде 15 200 адам жарақаттанғанын, олардың бір бөлігі көзден жас ағызатын газдан жарақаттанғанын хабарлады. «370 адамның жағдайы ауыр. 1160 әйел, 2536 жасөспірім бала жарақаттанды» деген әл-Кудра тағы 175 журналистің де зардап шеккенін жеткізді.

Еске салсақ, 30 наурыз күні Газа секторы мен Израиль шекарасында өткен палестиналықтар шеруі «Жер күнінің» 42 жылдығына орайластырылған. Израиль 1976 жылы 30 наурыз күні палестина территориясының мыңдаған акр ( акр – 4047 шаршы метр) жерін басып алған.  Осы уақыттан бері палестиналықтар бұл күнді шерумен өткізіп, халықаралық қауымдастықтар назарын бұруға тырысып келеді.