Имам Малик харамға әкеп соғатын амалдар харам, адалға алып келетін жолдар адал саналады (сәдд-и зарайғ) деп біледі. Ол осы қағиданың негізінде харамға әкелетін амалдарға тиым, адалға алып келетін жолдарға рұқсат беру керек деген көзқарасты ұстанады.
Имам Малик сәдди-зарайғ мәселесін төрт категорияға бөліп қарастырады:
Біріншіден, харамға апарып соғатыны анық болған істер. Мысалы, есік артынан ор немесе құдық қазып, оған адамның түсіп кетуі анық болған жағдай.
Екіншіден, күнә немесе қатерге апарып соғуы мүмкін істер. Мысалы, шарап жасайтын адамға жүзім сату.
Үшіншіден, кейбір жағдайда күнәға немесе қатерге соқтыруы мүмкін істер. Мысалы, ешкімге зияны жоқ жерден шұңқыр немесе құдық қазушылық. Бұл үшінші категорияға жататын істер анық харам емес, іс қатерге соқтырғанда ғана харам деп танылады.
Төртіншіден, әрқашан емес, бірақ кейде харамға апарып соғуы мүмкін істер. Мысалы, сатып алу, сату шартында немесе өзгеде жағдайларда шариғат құптамаған амалмен пайда табу, яғни, жасалған келісімшарттан бір тарап пайда тауып, келесі тарап зиян шексе, бұл әрекет сәдди-зариғ қағидасына қайшы саналады. Алайда, Мәлики мәзһабының өкілдері мұндай жағдайда тараптардың ниеті негізге алынатынын айтады.
Ханбали мәзһабының өкілдеріамалдар мен жолдар арқылы мақсат-мұраттарға қол жеткізетіндіктен, дін бір нәрсені харам деп бұйырса, демек, оған әкеп соғатын амалдар мен жолдар да харам саналады, егер, дін бір нәрсені адал деп бұйырса, демек оған апаратын амалдар мен жолдар харам болмауы мүмкін деген көзқарасты ұстанады. Мысалы, дәрігерлер бір науқасты емдегенде, оның науқасын аурылататын амалдарға тиым салады. Олай жасамаса, науқастың халі одан сайын ауырлай түседі. Осы секілді шариғатта харамды тудыратын іс-әрекеттерге де тиым салынады.
Ханбали мәзһабы бойынша «сәдд-и-зарайғ» үкімі мынадай екі тұрғыда қарастырылады:
Біріншіден, амалдардың ниеті негізге алынады. Жеке тұлғаның бір істі жасау кезіндегі ниеті мен мақсаты жақсылыққа ма, жоқ әлде жамандыққа негізделген бе? Осыны анықтау аса маңызды саналады. «Амалдар ниетке байланысты» деген хадисті қағида ретінде алар болсақ, іс-әрекеттердің адалдығы мен харамдығында күмән болғанмен, ниетінде ізгілік болса, бұндай іс-әрекеттер харам саналмайды.
Екіншіден, амалдардың сыртқы пішіні негізге алынады. Жақсы ниетпен болса да пұттарды сүйсе немесе Аллаға құлшылық жасауға кедергі келтіру харам деп саналады.
Әсілі, фақиһтер амалдардың ниетін қажетті жағдайларда ғана ескереді. Көбіне-көп амалдардың формасына қарай үкім берген. Сондай-ақ, ниет бұзық болып, әрекет ету барысында мақсат орындалмаса да, ол әрекет харам саналады. Мысалы, бір адам бұзық ниетпен бір адамды өлтіруге қару жұмсап, бірақ, белгілі себептермен адам өлмеген болса да, қылмыс істеуге оқталушы адам айыпты саналады.
Ханбали мәзһабының «сәдд-и зарайғ» үкімдерінен бірнеше мысал беретін болсақ.
А) Малды базарға жетпестен сатып алып, оны үстеме бағамен базарда сату харам. Себебі, шариғатта монопалист болу немесе еңбек етпестен пайдаға кенелу дұрыс емес. Осы себептен де мұндай ретте сатушы алданғанын білсе, келісімшартты бұзуына құқылы болып табылады.
Ә) Өз мүддесі үшін көпшілікке зиян келетін жағдайда бағаны көрер-көзге аспандату немесе жерге ұру харам. Өйткені, бағаны жоғарлатқан немесе төмендеткен адам қаншама адамның саудасын тұралатады.
Б) Бүлік орнаған кезде қару-жарақ сату харам. Өйткені, қару-жарақ сату мәселені одан сайын ушықтыруы мүмкін. Осы секілді шарап жасаушыға жүзім сату да харам саналады. Себебі, шарап жасаушының жүзімнен шарап жасайтындығы анық.
Фиқһ ілімінің теория-методологиясында «сәдд-и зарайғ» негізгі емес қосымша дәлелдердің санатына жатады. Ханафи және Шафий мәзһабында «сәдд-и зарайғ» фиқһ ілімінің негізі болып есептелмейді. Бірақ, салыстырмалы фиқһ ілімінде «сәдд-и зарайғ» он бір қайнар-көздің бірі ретінде қарастырылады. Осы тұрғыдан алғанда «сәдд-и зарайғ» фиқһ ілімі аясын кеңейтуімен һәм құқықтық қатынастағы белгілі-бір қажеттіліктерді қанағаттандыра ала алуымен аса маңызды.
Мұхан ИСАХАН