«Бұрынғы министр бірнеше миллиард теңгені жымқырып кетіпті», «Атақты медицина ғалымы ковидке қарсы ем тапты», «Белгілі әнші балалардың арасына түсті».
Қазір дәл осындай ақпараттардың тасқыны қоғамға радиациядан да қауіпті болып тұр. Шындыққа шөліркеген заманда кейбіреулер ақиқатқа бергісіз жалған ақпаратты жариялау арқылы көздеген мақсатына жетіп, қалтасын қаржыға толтыруда. Енді біреулер фейк ақпараттарды оңды-солды тарату арқылы қоғамды алаңдатқан маңызды мәселеден жұрттың назарын басқа арнаға бұрса, тағы біреулер белгілі бір адамдар мен топтардың беделіне қасақана нұқсан келтіру арқылы өз мақсатына жетіп-ақ жатыр.
Әйтеуір қазіргі ақпараттың ақиқатын іздеуден гөрі, хайп үшін кез келген фейкке фактчек жасауға ерінетін ақпараттық сайттар көп. Ал ақпараттық порталдардың айтқанына имандай сенетін көгілдір экран мен баспасөздегі әріптестер әлгі айтқанды ары қарай іліп алып, өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай ұрандатып көрсетуге үйір.
Ақиқаттан ауылы алыс ақпараттардың ядролық қарудан да қауіпті екенін білсе де, қаралымға тәуелді бүгінгі БАҚ өкілдері осындай өсек-аяңдардың себебін сараламай, шындыққа көз жеткізбей жариялап жібереді. Оның соңы кейде ақпараттық соғыстың өршуіне ұласып, қоғамның арасына іріткі салуы мүмкін. Мәселен, манипуляция жасаушылардың айтағына көніп, айдауымен жүретін тобырдың артуына себеп болып жатамыз. Олардың осындай шынайы ақпаратты бұрмалап көрсетуінен көзіміздің алдында тұрған дүниені көре алмай, ақиқатты естуден қалып, әлдекімдердің айтқанымен жүруді әдетке айналдыра бастаймыз. Себебі манипуляцияның о бастағы мақсаты да сол. Қоғамды ақиқаттан адастырып, жұртты басқару үшін жұмыс істеу.
Жасыратыны жоқ, жалған ақпараттың аражігін ажырату былай тұрсын, бүгінгі күні пропаганданың өзін өз мақсат-мүддесі үшін тиімді пайдалануға тырысып жатқан топтар көбейді. Иә, пропаганда дегеніміздің өзі – негізі нақты бір мақсатты жүзеге асыруды көздейтін құрал. Мәселен, ұлттық құндылықтарға пропаганда жасап, халықтың санасына жақсы дүниені сіңіруге болады. Өкінішке қарай, қазіргі кезде пропаганданы белгілі бір топтар мен мемлекеттік мекемелер өздерінің жеке мүддесі үшін ғана жұмыс істеуге пайдалануға асығады. Хэтрин Геролд айтпақшы, пропаганда – жаман ұғымға айналған жақсы сөз.
Пропаганданы былай қойғанда, пандемиямен бірге «инфодемия» термині де тұрақты айтыла бастады. Жаһанды жайлаған коронавирус кезінде инфодемияға тойтарыс технологиясы оқ бойы озық кеткен елдердің өзі де шамасы келген жоқ. Шектеу шаралары жер шарындағы әрбір жанды ақпаратқа шөлдете түсті. Бұл сәтті жалған ақпарат таратушылар тағы да тиімді пайдаланып, халықты дүрбелеңге салып, адамдардың бойында үрей туғызу арқылы адамдарды адастыруға жұмыс істеді. Мұндай әдіс кейбір топтарға тиімді болды. Саудагерлер өз тауарын өткізу үшін ковидке қарсы «шипа» ойлап тапса, блогерлер де барынша қаралым жинау үшін жалған ақпарат таратып әлекке түсті. Дәл осындай оңды-солды келіп жатқан ақпараттарды дереккөздерден жеті рет өлшеп, бір рет кеспей-ақ БАҚ өкілдері жалпақ жұртқа жариялай салды. Оның соңы қоғамда дүрбелең туғызды, тіпті кейбір адамдар медицина мамандарына емес, жалған ақпараттарға сенемін деп опық жеді. Соңғысы сол айтылғандарды бұлжытпай орындаймын деп бақилық болып кеткендер де бар.
Қостанай қаласындағы Түркітілдес журналистер қоры мен Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясының қолдауымен «Fake news. Fact-checking. Information manipulation» тақырыбына арналған семинар-тренингтің бірінші күнінде-ақ еліміздің 12 қаласынан жиналған 30 журналист ақпараттың ақиқатына жетудің жолдары мен жалған ақпаратқа тойтарыс берудің тәсілдерін кәсіби медиатренерлермен бірге талқылап, БАҚ беттеріндегі инфодемия, манипуляция, пропаганда, дезинформация мен фейктің ерекшеліктеріне үңілуге тырысты. Тіпті беделді БАҚ беттерінде бұған дейін жарияланып келген жалған ақпараттарға дереккөздер арқылы фактчек жасады.
Мысалы, семинар өтіп жатқан Қостанай қаласындағы педофилдер туралы ақпараттың жалған екенін нақты дәлелдер арқылы көрсетіп, фотодағы адамдардың ақпаратпен сәйкес келмейтінін, 2009 жылы басқа елдегі істі болған педофилдер екенін нақтылап берді. Қысқасы, Қостанайдағы семинар қызу пікірталасқа ұласып қана қоймай, кәсіби мамандардың көбейтеріне септігін тигізіп жатса, Түркітілдес журналистер қоры мен Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясының пропагандасы жақсы мағынасында қолданылғаны.
Жадыра МҮСІЛІМ
U.S. Consulate Almaty / U.S. Embassy Kazakhstan / Посольство США в Казахстане
#түркітілдесжурналистерқоры #фондтюркоязычныхжурналистов #turkdilikonusangazetecilervakfi #turkicspeakingjournalists