«Мәдениет – бұл қасапшының хирургқа айналуына

жетпей тұрған нәрсе» – философ А. Пул

Адамдардың қай дәуірден бастап етті отқа пісіріп жей бастағаны нақты белгісіз. Алайда, пәншіл-материалистік ғылымға салсақ, алғашқы адам тектестер осыдан 3 миллион жыл бұрын қолына қырлы тас алып, аң-құс, жануарды жіліктеп, бордақылай бастаған-мыс. «Ал оны отқа қақтап пісіріп жеуге тек миллион жыл өткесін ғана миы жеткен» дейді.

Онда да ғалымдар мұнысын «адамның арғы тегі» делініп жүрген гуманоидтар тісінің қалдық сүйектеріне қарап айтып жүр. Дәл осы кезеңде адам баласының тістері кішірейіп, жағы әлсіз тарта бастаған екен. Бұған отқа қақтап пісірілген жылы-жұмсақ ет себеп болыпты.

Алғашқы аспаздар еттің бөліктерін құр лапылдап жанған алауға тастап, шикілі-шалажансыр пісіріп отырған болса, кейіннен қазіргі шашлыққа ұқсатып айналдырып отыратын істіктер ойлап тапқан. Қысқасы, пәншіл археолог-тарихшылардың сөзінше, шашлық, кебаб, барбекью – бәрінің түбі сол қараңғы дәуірлер тұңғиығында жатқан көрінеді.

Осы жерде бір «бірақ» бар. Біздің деніміздің бұл танымды жай ғылыми гипотеза ретінде тұтып, сенімге түбегейлі алмайтынымыз анық. Өйткені «әлемді бір құдай жаратқан, Адам мен Хауа анадан тарағанбыз» деп есептейтін алаш жұртына, жалпы әрбір қарындас-қандасқа ондай уәждеменің ұшқары көрінуі заңды деп ойлаймыз.

Әсіресе, бұл Ислам құндылықтарымен суғарылған ұлттық дүниетанымымызға жат болып тұрса, қалай үнсіз қалуға болады. Сайып келгенде ақиқаты нақты дәлелденбеген, ол да бір мифтің бірі.

Қоғамдық ой мен ғылым дамуы осылай қарқындап кете берсе, теистік эволюционизмді ұстанушылар оның орнына өз туын желбірететін күн де алыс көрінбейді. Ойда-қырда, шындап іздеп берсе, алтернатива мен балама қай-қайда да бар. Атап айтқанда, түркі-мұсылман таным призмасы мен мәдениеті де бұдан шетін емес.

Қош, енді төл руханиятымыздың бұған қатысты көзқарасын білдіріп өтсек.

Атам қазақтан жеткен ілкі бір әфсана-қиссада адамзат тұқымының алғаш рет етті пісіріп жеуі былайша суреттелген екен:

«Адам ата мен Хауа ана ертеде етті пісіруді білмей шикілей жепті. Бірде Адам аңға шыққанда нөсер болып, найзағай ойнайды. Орманға жай түсіп, өрт болады. Өрт өшкен соң, Адам ата отқа күйген бұғыға тап болады. Жәбірейіл:

– Бұғының еті – сенің ырыздығың. Ұлық Алла сені жердегі тіршілікке бейімдеп жатыр. Етті отқа пісіріп жейсіңдер, – дейді.

Адам бұғының етін жеп көреді. Піскен ет жұмсақ екен. Еттен кесіп алып, үйіне қайтады. Жолда қарны ашып, тағы да ет жегісі келеді. Бір жапырақ етті ала бергенде, Жәбірейіл қолынан қағып жібереді. Ет сылп етіп сортаң жерге түседі. Адам етті қайта алып, жеп көрсе дәмді боп кетіпті. Жәбірейіл:

– Адам, бұл да Алланың нығметі. Ет жаңа сорға емес, тұзға түсті. Дәмін кіргізген сол тұз. Бұдан былай етті тұздап же, – деді.

Адам ата дорбасын тұзға толтырып, үйіне келді. Тұзбен піскен етті Хауа ана да ұнатады. Осыдан бастап етті тұздап, пісіріп жеу дәстүрге еніпті» («Әлдиден эпосқа дейін» отбасы хрестоматиясы).

Дәл мұның мұсылманшылық сенім аясында толғанылғанына дау жоқ.

Тағы бір қазақ аңызында енді бұл оқиға күллі түркі халықтарының атасы Яфаспен байланыстырылған. Ондағы қисынға сәйкес, ертедегі адамдар етті шикілей жей береді екен. Адам баласының Адам атадан кейінгі екінші атасы саналған Нұх алайһиссалам пайғамбар заманындағы топан су апатынан кейін, ол өзінің аман қалған үш баласына жер бетін бөліп жібереді. Сонда Яфас деген баласын күншығысқа ие болуға аттандырады.

«Яфас қалың қарағайлы бір тауға жетеді. Сол арада кенет күркіреп, жер-дүниені қалтыратып жібереді. Әлемді қара түнек қаптайды. Әлден уақытта қараңғылықты қақ жарған бір алаулы ұшқын таудың ішіне түседі. Қалың қарағай лаулап жана бастайды. Сонда Яфас әкесі Нұх алайһиссалам пайғамбар тасқа ойып жазып берген бойтұмардағы дұғаны оқиды. Сол-ақ екен, аспаннан жаңбыр сорғалап жауады да, өртті сөндіреді.

Яфас жолын әрі қарай жалғастырады. Кетіп бара жатып жол үстінен отқа күйіп қалған бір бұғыны кездестіреді де, етін жеп көреді. Бұрын жеп әдеттенген шикі етке қарағанда өте дәмді, әрі нәрлі сезіледі. Яфас осы піскен еттен қолына азық үшін алады да, жол бойы жеп жүре береді» (Бабалар сөзі: Т. 78: Қазақ мифтері /≩/ Қазыналы оңтүстік: Т.1. Мифтер, аңыздар) деп әңгімеленеді.

Дегенмен қайраткерлік бір мұнымен бітпеген. Бұдан әрі Яфастың хикметке толы сапары жалғасын табады. Таудан әрі асқан соң, ұшы-қиырсыз шөл далаға кезігеді. Сол тақырда кетіп бара жатып жемек болады да, етті қолына ұстай бергенде жерге түсіріп алады. Етті жерден көтеріп алып, аузына салады. Сонда ет бұрынғыдан да тәтті, сөлді болып сезіліпті деседі. Бұл тақыр соры көп, тұзды жер екен.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  "Халал жезөкшелік": жат ағымдағылардың жаға ұстатар тірлігі

Яфас бұл сырдың да мәнін аңғарады да, тұздан қоржынына салып ала жүреді. Содан кейін өзіне серік болған үмбеттеріне әлгі піскен еттен үлестіреді де, үстіне тұздан себеді. Сонда тұз себілген піскен етті жеген жұрт оның дәмді және сөлі нәрлі болуының себебін түсініпті. Содан бастап Яфастың соңына ерген үмбеттері етті пісіріп, тұз сеуіп жеуді үйренеді де, оны әдетке айналдырған-дүр.

Қош, осы 2 аңыз-әфсананың бір тектілігін екеуінде де найзағайдың отына күйіп, піскен бұғыға тап болуынан және тұздың қасиетін жерге етті түсіріп алғандарында ғана пайымдауларынан байқауға болады. Бұл бір жағынан адамзатқа оттың берілуі туралы архаикалық мифологиямен де байланысты, қала берді онымен қатар жүретін піскен етке қатысты көне түсініктің қылаң беруі десек те болғандай.

Артық-кемі жоқ, еттің пісуінде де транцедентті әлемнен тамыр тартқан илаһи бір сыр бар көрінеді. Рас, бір жағынан Адамзаттың атасы – Адам ата да, күллі түркінің атасы – Яфас та, бұл концепцияда – culture hero, қазақша айтқанда, мәдени қаһарман ретінде көрініс беріп тұр-ақ.

Бұл философия мен мәдениеттануды қабылданған жаһандық термин. Ол мифтік қаһармандар легінің бір түрі – ағартушы кейіпкер, жасампаз да ұлы зерттеуші, алғашқы өнертапқыш, жаңа игіліктер мен құралдарды, әдіс-тәсілдерді ойлап табушы һәм заңдастырушы тұлғаға берілетін атау. Яғни әлемді шығармашылықпен қайта түлетіп, өзгертуші, айналадағы қоршаған ортаны адам өміріне бейімдеуші-өркениеттендіруші қайраткер.

Нақ осы жерде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қазақтың түп атасы» деген өлеңінен үзінді келтіре кеткен жөн-ау:

«…Адамның тұқымынан – Нұқ пайғамбар,

Үш ұлы – Хам, Сам, Яфас, міне, осылар.

Яфастың бір баласы Түрік деген,

Өрбіген сонан өсіп талай жандар.

Болады араб жұрты – Самның ұлы,

Біледі шежіренің бәрі мұны.

Түріктің шын аты екен Надұлұше.

Түрік деп неге атанды тыңда соны.

Қарлы Алтай қатты суық тауда жүріп,

От жаққан Надұлұше оймен біліп.

Суықтан сөйтіп елін сақтаған соң,

Түрік деп хан көтерген патша қылып…»

Мынаны киелі жыр-шежіре демей көр. Бұдан ой алып тұжырымдар болсақ, түркі-қазақ танымы Яфастан тауда тоңбасқа от жаққан Түрік – Надұлұшені туғызып отыр. Тиісінше, халықтық ақыл-ойдың піскен ет пен тұзға қатысты жетістікті де Адам ата мен «түпкі тек» саналған Яфасқа басыбайлы байлап беруі қисынды көрінеді. Сонда алғашқы тәрбиелеуші ұлы ұстаз, ағартушылар бұқараның өз бабалары болып шыға келеді. Ал мұның өркениеттілік сана-сезім үшін маңызы өте зор.

Бір бұл емес, осындай қаншама мысалдардан-ақ, қазақ аңыз-мифтерінің білгірі, дінтанушы-филолог М. Төлеген тезистегендей, қазақ ауыз әдебиеті мен мәдениетінің құдайшылығын, Аллалық бұлақ-қайнарын аңғаруға болады. Бұл даусыз.

Яки заманауи ойшыл А. Тегин айтпақшы, мәдениет – бұл адамзаттың өзі туралы жады. Өз кезегінде ата-баба тарихнамасы осылай деп есіп, таң-тамаша естелік айтады. Керемет емес пе?!

Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ,

мәдениеттанушы-лингвист

Пікір жазу