Дәл осы сауал этноконфессиялық идентификация – діни-ұлттық бірегейлік тақырыбын зерделей бастағанда менің де ойыма келді. Шындығында қолжетімді ақпарат көздерінде осы тақырыпқа арнайы жазылған материал жоққа тән екен. Дегенмен «білгеніміз бір тоғыз, білмегеніміз тоқсан тоғыз» болған соң, бізге жолықпағанның бәрін жоқ деп санаудан аулақпын. Қолымызға тимей жүрген тұщымды зерттеулер болуы мүмкін. Алайда бар болса да, аз екені анық.
Себебі ретінде әзірге екі нәрсені айта аламын. Біріншіден, тақырып шын мәнінде күрделі. Ұлттық бірегейлік мәселесін әдетте мәдениеттанушылар зерттейді. Ал оған діни бірегейлік қосылғанда, бұл тек мәдениеттанушылық көзбен қарап, сараптай алатын тақырып болумен шектелмейді. Дін мәселесін оны біле отырып әрі сезіне отырып жазғанда ғана шынайы шығаруға болады. Діни-ұлттық бірегейлік – ұлттың жан сезіміне қатысты тақырып. Оны зерттеуге талпынушылардың бойында мәдениеттанушылық, дінтанушылық, жантанушылық білімдердің тоғысуы жетіңкіремей жатқан болуы ықтимал.
Екінші мәселе мемлекеттің көп этникалы сипатымен байланысты. Еліміздегі ішкі тұрақтылықты сақтау мақсаты діни-ұлттық бірегейліктен гөрі этносаралық келісім мен мәмілегерлік (толеранттылық) тақырыптарын алға шығаруда. Сонымен қатар діни-ұлттық бірегейлік мәселесін зерделеген жағдайда оған қай қырынан және қандай қағидаттармен келуі қажеттігі қазірге дейін айқындалмағаны тағы бар. Дәл осындай ахуал іргеміздегі Ресей Федерациясына да тән. Бұған менің материалдар іздеу барысында ғана емес, ресейлік ғалымдармен тікелей сұхбаттасу барысында да көзім жетті.
Өз зерттеулеріме қатысты айтар болсам, дін және ұлт мәселесі көп жылғы ізденістерімнің негізгі тақырыбы болып келеді. Дегенмен осы діни-ұлттық бірегейлік тақырыбын тікелей зерделеуіме үстіміздегі жылдың сәуір айында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ұйымдастырған «Кеңестерден кейінгі кеңістіктегі жастардың этноконфессиялық идентификациясы: ерекшеліктері және басымдықтары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция себеп болды. Осы конференцияда оқылған «Қазақстандағы этноконфессиялық идентификация мәселесі: мемлекет құраушы ұлт және заманауи сын-тегеуріндер» атты баяндамамда қазірге дейінгі ізденістерден тұжырымдалған бірқатар ойлар қамтылды.
Жалпы, жаһандану жағдайында тамырлана бастаған этноконфессиялық идентификация мәселесі бүкіл әлемдік қауымдастыққа жақсы таныс. Дегенмен бұл мәселе тұтастай алғанда жалпы халықтың, жекелей алғанда жастардың өміріндегі бетбұрыстық өзгеріс ретінде барлық қоғамдар үшін бірдей маңызды деуге келмейді. Әлемдік кеңістікте бірұлтты мемлекеттер жоққа тән екендігін ескерсек, этноконфессиялық идентификация мәселесін күн тәртібіне шығару көп жағдайда дәстүрлі құндылықтарынан қол үзбеген және мемлекет құраушы ұлттардың ел өміріндегі орны салмақты қоғамдар үшін маңызды.
Біз осы тақырыптағы мақаламызда этноконфессиялық идентификация мәселесін мемлекет құраушы қазақ ұлтының танымы мен тағдыры тұрғысынан талдап-таразылауға тырыстық. Мақалада діни-ұлттық бірегейліктің ұлт болмысындағы көріністері, тарихи дәуірлердегі діни-ұлттық бірегейлікті күйретуге бағытталған саяси шабуылдар, қазіргі кезеңдегі ұлттық-діни бірегейліктің солғындауына себеп болған факторлар мен ыдырауына бағытталған іс-әрекеттер, олардың ықпалын жоюдағы ұлттық рухани әлеуеттің мүмкіндігі, этноконфессиялық бірегейлік мәселесіне тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік саясаты тұрғысынан көзқарастар біршама тұжырымдалды.
Бұл, әрине, үлкен ізденістердің алғысөзі ғана. Уақыт талабына сай біздің қоғамда осы тақырыптағы зерттеулер таяу мерзімде көбейе түсетініне сенімім мол. Мақаланың толық нұсқасын e-islam ақпараттық порталының тиісті айдарынан таба аласыздар.