Алқама Утарди өлім төсегінде ұлына айтқан өсиетінде оларды былайша тізбектеп шыққан:

«Әй, ұлым! Егер адамдармен достасу қажет болса, мынадай адаммен дос бол: егер оған қызмет қылсаң, сені қорғайтын болсын; егер бірге болсаң, саған сән беретін болсын; сені кедейлік қысса, қарасатын болсын.

Сондай-ақ, сен жақсылық ұсынғанда жақсылық ұсынатын, жақсы ісіңді көргенде дәріптейтін, жаман ісіңді көргенде тоқтататын адаммен достас! Сұрай қалсаң беретін, үнсіз қалсаң өзі келетін, басыңа іс түскенде жұбаныш болатын адаммен достас!

Сөйлегенде сөзіңді растайтын, екеуің бір нәрсені қалаған кезде, саған жол беретін, екеуің келісе алмаған кезде, сенің ұсынысыңды таңдайтын адаммен дос бол!».

Алқама бұл өсиетінде достықтың барлық міндеттерін жинақтап, оларды орындауды шарт етіп қосқан секілді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ  Раббыңа өте сыпайы бол!

Ибн Әксам айтады: Халифа Мәмун Алқаманың ұлына айтқан өсиетін естіп:

– Мұндай дос қайда бар? – деді. Одан жанындағы кісілердің бірі:

– Неге бұлай өсиет еткенін білесіз бе? – деп сұрады.

– Жоқ, – деді Мәмун. Сонда әлгі кісі:

– Алқама ұлына «Ешкіммен дос болма!» дегісі келді, – дейді.

Хакімдердің бірі: «Сырыңды сақтай алатын, кемшілігіңді жасыра алатын, қиыншылықта жаныңнан табылатын, қуанышта ортақтасатын, жақсылығыңды асырып, жамандығыңды жасыра алатын адаммен ғана достас. Егер ондай адамды таппасаң, өзіңді ғана дос тұт!» деген екен.

Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

Пікір жазу