Мен пірге қол тапсырып, белгілі бір тариқат ұстанбасам да сопылыққа көзқарасым дұрыс. Өйткені қазақ даласындағы көшпенділер арасында Исламның таралуына сопылықтың маңызы зор болды. Сопылық арқылы Исламның моральдық принциптері бұқара халық санасына сіңірілді. Ал, қоғамдық өмірдің ресми деңгейінде Әбу Ханифа мәзһабы қолданыс тапты.

Отандық ғалымдардың бір бөлігі, жалпы отандық Ислам тарихын саралағанда көшпелі түркілердің исламдану кезеңін сопылық ілімнің әсерімен байланыстырады. Атап айтқанда, Исламға дейінгі дәстүрлі элементтер мен сопылық түсініктердің органиқалық синтезделуі ерекше феномен болып табылады. Түркілік дәстүрге негізделген сопылық ілімнің көшбасшысы Қожа Ахмет Яссауи әулие тұжырымдамасында «кемелденген адам» бейнесінің жарқын көрінісін көрсетеді, ежелгі дәстүрлерді исламдық келбетке көшіру арқылы сопылық ілім жалпы бұқараның халықтық діні рөлін атқарған.

Сопылық ұстаздардың ең жоғарысы – «Әл-инсан әл-камил» (кемелді адам) деп аталады. Егер ибн-Араби сияқты бұрынғы ғұламалардың шығармашылығында «Кемелді адам» концептісіне метафизикалық принциптердің функциясын атқаратын құндылықтар алға шықса, онда кейінгі сопылық дүниетанымда алдыңғы орында Адам және Жаратушы алға шықты.

Осылайша, «Әл-инсан әл-камил» ұғымын метафизикалық және діни тұрғыда түсіндіру әдептің интеллектуалды деңгейіне қарай рухани жетілгендік принципін жасақтауға мүмкіндік берді. «Әл-инсан әл-камил» ұғымының түсіндірмесі метафизикалық тұрғыдан гуманистік әлеует қалыптастырды.

Написать отзыв