– Ерлан аға, сіздің дәстүрлі әнші екеніңізді ескеріп, алғашқы сауалымызды осы бағытта қойғанды жөн көріп отырмыз. Ислам дініне мойынсұнған бабаларымыз өздерінің салт-дәстүрлерін, мәдени құндылықтарын Алланың ақ жолымен үндестіріп, үйлестіріп, астастыра білген. Соның ішінде ән өнерін де шариғат қағидаттарына сай дамытқан, кеңейткен. Айталық, тарихи күйлерден ұлттың кешегісін ұғынсақ, халық әндерінен талайлы тағдырымызды көреміз. Ал келешек ұрпақты бірегей тәрбиемен сусындатқан жыр-толғауларымыз қаншама. Қазіргі таңда осындай мол жауһарларымыздың насихатталуына, жалғасын табуына көңіліңіз тола ма?
– Әрине, қазақтың әні, күйі тұнып тұрған шежіре, тарих емес пе? Олардың ұлт үшін, болашақ ұрпақты таптырмайтын тәрбие құралы екені рас. Әсіресе, қазіргі заманда қазақтың қазақтығын сақтап қалатын бірден-бір құндылық – ұлттық әніміз, күйіміз. Алайда, оның насихатталуы көңілден шықпайды. Қандай шарада болсын, оған өз деңгейінде көңіл бөлінбейді.
Ұлттық ән мен күйіміз бөгде өнердің, басқа жанрдың көлеңкесінде қалып қоюда. Бұл өз кезегінде қазақтың тамырынан ажырап бара жатқандығын білдіреді. Сондықтан мейлінше қазақылығымызды сақтап, ертеңгі күні ел болып қаламыз десек, өнерімізге, мәдениетімізге, әдебиетімізге, дінімізге, ділімізге жан-жақты көзқараспен қарап, қамқор болу қажет деп ойлаймын. Осы айтылғандардың бәріне-дерлік барынша жағдай жасалғаны жөн.
Шындығында, қазақтың салт-дәстүрі мен ән мен күйінің дәл қазіргі таңда қыспақ көріп жатқандығын мен айтпасам да, қарапайым жұрт жақсы біледі. Қазақ телеарналарында ұлттық дүниелерден гөрі басқа дәстүрді, басқа мәдениетті ұлықтап жүрміз. Діннің өзінің тынысы тарылып кеткен сияқты. Онда да ұлттық өнерді харам деп лағып жүргендер бар. Олар салт-дәстүрді жоққа шығарады. Осының бәрі жан-жақтан қарапайым халықты дүдамал күйге түсірді, талғамын тоз-тоз қылды. Осыны жөнге салған жөн. Ол үшін бізге, әрине бірлік керек, білім қажет. Бір атаның баласындай жұмыс істеп, ән мен күйге көңіл бөліп, оны шариғаттың талабына сай іріктеп, қалың қазақпен қауыштыру өзін мұсылман санайтын, қазақпын деп есептейтін әрбір азаматтың міндеті деп білемін.
– Елімізде соңғы жылдары жат пиғылды діни ағымдардың ықпалы күшейе түскенін жасыра алмаймыз. Олардың арасында төл өнерімізді мансұқтап, қара домбырамыз бен қоңыр қобызымызды аяққа таптағысы келгендер де кездеседі. Шындығында, ұлт аспаптары мен солар арқылы орындалатын туындылардың шексіз рухани қазынамызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізгеннен басқа залалы жоқ. Ал Әлгіндей көзқарастағы замандастарымызға уәжіңізді қалай білдірер едіңіз?
– Ондай көзқарастағы адамдарға біздер – өнер адамдары не істей аламыз, тек дұғада ғана боламыз. Меніңше, олармен дауласудың өзі артық. Адамның санасы уланғаннан кейін, оны ерекше көркем мінезбен, жайлы, жұмсақ қарым-қатынаспен, ыстық ықылас, таза ниетпен насихаттау арқылы бетін бері қаратпаса, ұрыс-керіспен тоқтату қиын. Керісінше, қырсықтығы ұстап, қасарысқан күйі қала береді. Сол себепті ондай жандарға насихатты өте терең біліммен, таза жүрекпен жасау керек деп ойлаймын. Бұл жерде оның жарақаты денесінде емес, санасында ғой. Ал сананы емдеп, жазу үшін, бірінші кезекте дұға керек, екінші кезекте дұрыс жолдағы бауырларымыздың мықты білімі, ұстанымы керек. Оларға осылай ғана көмектесе аламыз.
Әрбір амал ниетке байланысты. Сен мейлі, ән айт, мейлі намаз оқып, құран ұста, ниет түзу болмаса, бәрі де түкке тұрғысыз. Мәселен, молда құранды ақшаға оқитын болса, ол оған ақшадан басқа пайда әкелмейді. Ал бүкіл өміріңді діннің жолына байлап, шынайы ниетпен оқылған құранның Алланың алдындағы сауабы телегей теңіз. Әр адам не істесе де, өзінің ниетінен табады. Пышақпен нан турауға да болады, адам өлтіруге де болады. Домбыра да сол сияқты, құран да сол сияқты. Ең маңыздысы, жүректің, сананың түбіндегі ниетті ақ қалпында ұстасақ игі.
– Бүгінгі буынның ішінде «аласы да бар, құласы да бар». М.Шаханов ақынның сөзімен айтқанда, «рухсыздық» басым. Мұның себеп-салдарын тарқатсақ, ұзақ әңгімеге ауысатынымыз анық, өйткені, бұл залалдың басы төрт ғасыр бұрында жатыр. Сіз қазіргі ұрпақты қалай тәрбиелеу қажет деп ойлайсыз?
– Біздің билікте ұлттық идеология деген болу керек. Салт дәстүрімізді құрметтеп, мұсылман екенімізді мақтан тұтқанымыз дұрыс. Барлық жерден, барлық тұстан ұлттық дүниенің иісі аңқып тұрса, міне, тәрбие. Сонда елі мен жерін сүйетін ұрпақ түзіледі. Ал егер көрінген көк аттының соңына еріп, қаңсығын таңсық көріп, дәл осылай кете беретін болсақ, мұсылманшылығымыз да, ұлтшылдығымыз да бағасыз күйге бір пәсте түсе салады. Құмға құйған судай жоғалып кетеді халық. Сондықтан кез келген дүниеден шариғатқа сай ұлттық болмысыңды, әлеміңді анықтап, айшықтап тұратын нышанды талап ету керек, істеу керек және соны дәріптеу керек. Осындай шаруаны балабақшалардан, мектептерден, оқу орындарынан бастаған абзал.
Керек болса, жоғарыдағыдай ағартушылық сабақты жұмыс орындарынан бастайық. Ал осылардың бәрінің бастауында мемлекеттің қолымен ірге қалаған ұлттық идеология тұрсын.
– Халықтық өнер қай заманнан бастау алса да, ауыздан ауызға таралып, бүгінге жетті. Бұл сол халықтық өнердің ғаламаттығын, баға жетпестігін айғақтайды. Ал біз, біздің буын халықтық өнерді қаймағын бұзбай келешекке аманаттап, өз құндылықтарын қоса тапсыра алар ма?
– Құдайға шүкір, ән мен күйді, салт-дәстүрді келешек ұрпаққа шашау шығармай аманаттап, тапсыра алатын жайымыз бар. Бірақ, өкініштісі, көп емеспіз. Егер ұлт болып кез келген дүниені, ісімізді шариғатқа сай әр амалымызға ұлттық нақыштарды қосып, мәжбүрлі түрде дәріптемейтін болсақ, онда біз ел болып жарытпаймыз. Сол себептен де ұрпағымызға дұрыс дүние қалдыра алмаймыз.
Ал дінімізге адалдық танытып, салт-дәстүрімізді құрметтеп, әрбір істеген амалымыздан мұсылманшылығымыз бен қазақылығымыз аңғарылып тұрса, ұлттық иммунитетімізді көтеріп, оны дәріптейтін болсақ, өзімізден де, өзгеден де талап ете алсақ, халықтық өнерді ұлықтайтындар қатары жиілейді. Жалпы бұл бағытта еңбек етіп жүрген азаматтар жоқ деп қу шөппен ауыз сүртуге келмейді, сирек болсақ та, бармыз. Алайда, эстрадаға мұрын шүйіріп, дәстүрлі ән-күйді насихаттап жүргендер саусақпен санарлық. Әрі кетсе бесеу-ақ. Қалғаны қос мекенділер. Оны да ойлау керек. Оның үстіне телеарналар да озық ойлы өнерге емес, жеңіл-желпі ән-жырға әуес емес пе? Бұл да біздің қатарымыздың жиілеуіне кері әсер етуде. Биліктен пәрмен беріліп, «өз өнерімізді өрге сүйреңдер» жарлық түссе ғой, шіркін, мұндай сауалға бас қатырмас па едік…
– Соңғы сауалым, аға, көпшілік өзіңіздей ел алдындағы азаматтардан үлгі алады. Мұсылманшылыққа сай әдеттеріңізбен, отбасылық дәстүрлеріңізбен, күнделікті іс-әрекеттеріңізбен бөлісіңізші.
– Өзім жақсы көретін, ұнататын нәрсем, уәдеде тұру және біреудің ақысын жемеу. Ал отбасымда алып бара жатқан керемет нәрсе жоқ, көп қазақтың шаңырағы сияқты күн кешіп жүрміз. Шама-шарқымызша насихатымызды айтып, дін, салт-дәстүр тұрғысынан ілім жаңғыртамыз.
Күнделікті амалым – іштей де, сырттай да таспиқ тартып жүремін. Кім біледі, қай уақытта қандай жағдайда бақиға аттана салатынымызды. Көп мықтының басынан көшкен дүние ғой бұл. Мен кімнен әулиемін? Сондықтан кәлимамыз аузымызда.
Содан кейін өзіме қойған бір шартым – күніге кем дегенде қасиетті құран кітабының арабшасынан екі парақ оқимын.
Менің ойымша, мұсылманға күллі әлемді өзгертемін әуреленудің қажеті жоқ. Алдымен өзіңді өзгерт. Өзің өзгерсең, әлем өзі өзгереді ғой. Сен де бір әлемнің бөлшегісің. Сен де бір әлемсің. Сен өзгерсең, бір әлем өзгереді деген сөз. Алдымен өз әлеміңді өзгерту керек. содан кейін төңірегіңе көз саларсың. Сен өзгерген кезде, айналаңның өзгеретініне менің көзім кәміл жетті.
– Әңгімеңізге рахмет, өнеріңіз өрге жүзсін!
Сұхбаттасқан Игілік ҚОҢЫРАТБАЙ
KazIslam.kz