Елордадағы ҚР Ұлттық музейінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Діни фундаментализмнің діни-саяси өзекті мәселелері» тақырыбында семинар өтті.
Семинарға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов және елордалық имамдар қатысты.
Жиында наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы баяндама жасап, өзекті мәселеге қатысты ой-пікірін білдірді.
Діни фундаментализм тақырыбы еліміз үшін аса өзекті мәселе. Қазіргі кезде көп адамдардың дінге келіп жатқандығы көңіл қуантады. Алайда көбісі дін мен шынайы өмірді бір-бірімен байланыстыра алмай жатады. Дінге келген соң барынша оқшауланып, діни заңның немесе догманың шеңберінде ғана өмір сүру керек деп ойлайды. Қоршаған әлемді бұзылған, күнәһар деп, өздерін ғана таза, дұрыс деп санайды. Мұндай көзқарас әрине адамды радикалдыққа итермелейді. Қоғамға, басқа адамдарға деген жеккөрініштілік тудырады.
Біз зайырлы елде, зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, басқалармен санасуымыз керек. Ешбір адамды діни көзқарасына байланысты шектеп, қысым көрсетуге, яки үкім айтып, діннен шығаруға болмайды. Бұл заңда да, шариғатта да анық жазылған».
Сондай-ақ, іс-шара барысында Ержан Нүкежанов Дін істері комитеті қызметінің үш негізгі бағыты, соның ішінде халық арасындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, интернет-кеңістікте діни экстремизм көріністерінің алдын алу, деструктивті діни ағым (ДДА) ұстанушыларын оңалту және оларды әлеуметтік ортаға қайта бейімдеу шаралары туралы айтып берді. Одан бөлек комитет төрағасы ҚМДБ мешіт имамдарының білімі мен біліктілігін арттыру, ДДА қатарында жүрген азаматтарды оңалту және оларды қайта бейімдеу, сондай-ақ интернет кеңістікте жұмыс жасайтын діни қызметкерлердің заманауи коммуникациялық дағдыларын дамыту жөнінде бірқатар ұсыныстарды жеткізді.
Іс-шара соңында қатысушылар дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жөнінде ары қарай ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.