Нұр-Сұлтан. 28 тамыз. KAZISLAM – Бүгін елордада «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетімен бірлесе отырып Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай ұйымдастырылған Қазақстандағы діни бірлестіктер өкілдерінің кезекті отырысын өткізді.

Жиында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуындағы Конституцияның ерекше тарихи міндетіне тоқталды. Сондай-ақ, көпконфессиялық және көпұлттық қоғам азаматтарының  мемлекеттің дамуы мен гүлденуіне қосқан үлесін, зайырлы мемлекеттегі дін мен діни дәстүрлердің мәнін, Қазақстандағы қазіргі діни ахуал, елдегі діни бірлестіктер өкілдерінің ұлттық деңгейде келісім мен диалогты дамытудағы рөлін ерекше атап өтті.

Іс-шараның «Қазақстан Республикасының негізгі заңы: бастаулары, тарихы және қазіргі заман» атты негізгі тақырыбын Қазақстан діни бірлестіктерінің өкілдері мен шақырылған қонақтар белсенді талқылау жүргізіп, өз пікірлерімен бөлісті.

Ал конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөнінде Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Алтай Әбибуллаев жаңадан құрылған ұйымның құрылу тарихын, Орталықтың негізгі мақсатын, рухани жетекшілер мен ел басшылығының өзінің алдына қойған ауқымды міндеттерімен таныстырды.

Пікір жазу