Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік пен келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының ХІХ отырысы өтіп жатыр.

Отырысты ашқан ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев маңызды іс-шараны өткізу үшін елімізге келген мәртебелі қонақтарға алғысын білдірді.

«Съезд бейбітшілікті нығайтудың және мәдениеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытудың озық үлгісін көрсетіп келеді. Сондай-ақ, діндердің толеранттылығын арттыруға үлкен септігін тигізуде.

Съезд алғаш рет 2003 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен шақырылғаны белгілі. Форум жұмысының табысты болуына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев баса мән беріп келеді», – деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев бүгінгі іс-шараның күрделі жағдайда ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. Коронавирус пандемиясы адамдардың қалыпты өмірін өзгертіп қана қоймай, әлі де әлемнің дамуына өз ықпалын тигізіп жатқанын айтты.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Елбасы мен тәуелсіздік сөздері егіз ұғымға айналды – Аида Балаева

«Қазіргі таңда ковид індетінен әлем бойынша 4,5 миллион адам көз жұмды. Одан бөлек, миллиондаған адамның денсаулығы сыр берді. Біріккен Ұлттар Ұйымы келтірген деректер бойынша, 2020 жылы әлемдік экономика 4,3 пайызға қысқарған. Індет салдарынан әлем экономикасына келген шығын 3,5 триллион доллардан асып жығылды», – деді Мәулен Сағатханұлы.

Айта кетейік, хатшылық отырысына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Кавказ мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Аллахшүкір Паша-заде, өзге де көптеген отандық және шетелдік меймандар қатысуда.

Пікір жазу