2004 жылдан бастап еліміздегі орта мектептердің 10-сыныбында «Дінтану негіздері» пәні таңдамалы арнайы курс ретінде оқытылды. 2009 жылдан бастап бұл пән 9 сыныпта оқытылатын факультатив пән ретінде бекітілді. Курс көлемі 34 сағатты құрайды, оның типтік бағдарламасы жасалған, бағдарлама бойынша жазылған арнайы оқулығы да бекітілген. Еліміздегі дінтану мамандарының тапшылығы ескеріліп, аталған пәнді жүргізу тарихшы мұғалімдерге жүктелетіні жөнінде Білім және ғылым министрінің арнайы бұйрығы шығарылған. Пән мұғалімдері кезең-кезеңімен республика көлемінде ұйымдастырылған қайта даярлау және білім жетілдіру курстарынан өтіп отырады. Сондықтан бұл саладағы жұмыстар белгілі бір дәрежеде жүйеге қойылған деуге толық негіз бар. Рас, «көш жүре түзеледі» демекші, бұл салада да кемшін тұстар бар. «Дінтану негіздері» пәнінің сағат саны аз болғандықтан пән аясында жан-жақты білім беру мүмкіндігі шектеулі. Жекелеген өңірлерде оқулықпен толық қамтамасыз етілмеу жағдайлары бар. Сонымен қатар осы пәннен сабақ беретін мұғалімдердің барлығы бірдей білім жетілдіру курсынан өтіп болған жоқ. Сондықтан қазіргі таңда Дін істері агенттігі және Білім және ғылым министрлігі тарапынан «Дінтану негіздері» курсын жетілдіруге қатысты кешенді шаралар атқарылуда. Пәннің қоғамтанулық мазмұнын жетілдіре отырып, білім алушыларға зайырлы мемлекет қағидаттары мен қазақстандық қоғамның дәстүрлі құндылықтарын таныту мақсатында «Дінтану негіздері» пәнінің атын «Зайырлылық және дінтану негіздері» деп өзгертуге шешім қабылданды. Пәннің жаңа бағдарламасы жасақталып, мазмұнына өзекті толықтырулар енгізілді.Таяу мерзімде аталмыш пәннің оқулық, хрестоматия, оқушы дәптері және мұғалімге арналған құралдан тұратын оқу-әдістемелік кешенін жасау қолға алынбақ. «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінен сабақ беретін мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында 1 айлық мерзімді қамтитын білім жетілдіру курсының жүйелі, толыққанды бағдарламасын жасау және жүзеге асыру жоспарлануда. Жалпыға бірдей білім беретін орта мектептерді білікті маманмен толық қамтамасыз ету мақсатында жоғарғы оқу орындарында «Тарихшы, қосымша мамандығы бойынша дінтанушы» қос мамандығымен педагог кадрлар даярлау мүмкіндіктері де қарастырылуда. Еліміздегі діни ахуал болжамына сәйкес және конфессиялық кеңістіктің алуан түрлілігі жағдайында осы бағыттағы мамандарды даярлау өзектілігі алдағы уақытта да арта түседі деуге болады.