Жауап: Ең алдымен қандай да бір дінге тыйым салу дұрыс емес екеніне назар аударған жөн болады. Ал, дінді белгілі бір мақсат-мүдделеріне жету үшін пайдаланатын діни ұйымдар кездесіп жатады.
Өкінішке орай, XXI ғасыр радикализмнің, экстремизм және терроризмнің жиірек көрініс беруі әлемдік қоғамдастықты ерекше алаңдатып келеді. Елдердің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін, бейбіт халықты қанға бояп, үрейлендіретін кез келген террорлық әрекеттің артында жат пиғылдағы белгілі бір топтың немесе терроршыл ұйымның тұратыны анық. Мұны бейбітшілік пен тұрақтылыққа жасалған шабуыл деп қабылдаған жөн. Осының алдын алу кез келген мемлекеттің маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан, іс-әрекеті күмәнді құрылымдар мен ұйымдардың жұмысын қадағалау, қажет болған жағдайда ел аумағында қызмет етуіне тыйым салу дұрыс құбылыс деп санау керек. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы да өзінің конституциялық құрылымын сақтап қалу, азаматтарының өмірі мен бостандығына қатер төндіретін кез келген әрекеттерге батыл тойтарыс беруде. Бүгінгі күні экстремистік және террористік әрекеттерге бейімділік танытқаны үшін Соттардың шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған ұйымдар бар. Олардың ішінде:
І. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 15 қазандағы шешімі негізінде «Аль-Каида», «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс», «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс», «Күрд Халық Конгресі» («Конгра-Гел»);
ІІ. Жоғарғы Соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шешіміне сәйкес «Асбат аль-Ансар», «Ихуан муслимин», «Талибан» қозғалысы, «Боз гурд», «Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер», «Лашкар-е-Тайба», «Әлеуметтік реформалар Қоғамы»;
ІІІ. Астана қаласы сотының 2005 жылы 28 наурыздағы шешіміне сәйкес «Хизб-ут – Тахрир» ұйымы;
ІV. Астана қаласы сотының 2006 жылы 17 қарашадағы шешімімен «АУМ Синрикё», «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы»;
V. Астана қаласы сотының 2008 жылғы 5 наурыздағы шешімімен «Түркістан ислам партиясы»;
VІ. Атырау қаласы сотының 2011 жылғы 25 қазандағы шешіміне сәйкес «Джунд-аль-Халифат»;
VII. Шығыс Қазақстан облысы арнайы ауданаралық экономикалық сотының 2012 жылғы 7 маусымдағы шешіміне сәйкес «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігі;
VIII. Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2013 жылғы 26 ақпандағы шешіміне сәйкес «Таблиги джамагат» халықаралық діни ұйымының қызметтеріне еліміздің аумағында жұмыс жасауына тыйым салынған. Еліміздің дін саласындағы саясатын жетілдіру, азаматтарымыздың діни сауатының дұрыс бағытта дамуы және қоғамның әртүрлі діни экстремизм мен радикализмнен аман сақтап қалу бағытындағы жұмыстар жалғаса беретін болады.