Жауап: Шынында, Қазақстан халқы үшін суниттік Исламдағы Ханафи мазхабы және Христиан дінінің православтық сенімі дәстүрлі діндер болып табылады. Ислам діні қазақ даласына VII-VIII ғасырларда келе бастаса, Христиан дініндегі Православ сенімі 1866 жылдардан бастау алады. Сол кезеңдерден бері бұл екі дін қазақ жерінде тұратын халықтың басым көпшілігінің тұрмыс-тіршілігімен, әдет-ғұрпымен және мәдени болмысымен біте қайнасуда. Негізінде діннің дәстүрлі болуы үшін ол діннің бірнеше ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі, діни әдет-ғұрыптары, қоғамдық қатынас нормалары мен отбасылық қарым-қатынасы және белгілі бір ұлттың дәстүрлі өмір сүру формасы мен мәдени құндылықтарын жоққа шығармай, өз ілімдері тұрғысынан қабылдап, оған қарсы келмей ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдыруы қажет. Осындай ерекшеліктерге ие болған Ханафи бағытындағы Ислам мен Христиан дінінің православтық сенімі дәстүрлі діндер қатарына жатқызылуда.
Сонымен қатар, елімізде өткізілген санақтарға қарасақ, халықтың 74,9% -ы Ислам дінін ұстанатындығын болса, 15,7% орыс православ шіркеуіне қатыстылығын көрсетті.
Дегенмен, Атазаңымызға және қолданыстығы заңнамаға сәйкес, барлық діни бірлестіктер теңдей құқықтарға ие және ешқайсыларына ешқандай үстемдік немесе басымдықтар берілмейді.
Осыған орай, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның кіріспе сөзінде «Осы Заң Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретiнде орнықтыратынын, әркiмнiң ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады» деп көрсетілген.