Мұхан Исахан: Адам баласы нәпсуани халде жасайтын теріс қылықтарынан бірден арылып кете қоюы неғайбыл. Сол секілді кез-келген екі аяқты пендеге бір мезетте кемел момын-мұсылман болып кету оңай шаруа емес. Задында, адам баласы әу бастан кемшілікпен жаратылған. Бұл жөнінде Аллаға Тағала Құран-Кәрімде: «Сонда оған (адамға) жамандық (нәпсі) және тақуалық қабілет бергенге серт» (Шамс-8) деп бұйырған. Яғни, кемшілікпен жаратылған адам баласы мына сынақ әлемде қателікке ұрынбай тұрмайды. Осы себептен, жұмыр басты пенде кемшіліктен ада, кінәратсыз һәм мінсіз күйге бөлену үшін сынақ әлемде тағдырдың талайын бастан кешуге мәжбүр. Құран-Кәрім аяттарының Пайғамбарымыз (с.а.у.)-ға бір мезетте емес, біртіндеп жиырма үш жылда түсуінің себебі де адам баласының келе-келе біртіндеп толысатынын аңғартады. Сондықтан Хақ Елшісі (с.а.у.) да өз замандастарын бірден емес, ширек ғасырға жуық уақытта Исламға толық мойынсұндырды. Айталық, Хақ-Тағаланың өзі Құран-Кәрімде арақ ішуге бірден тыйым жасамаған. Алдымен арақтың пайдасынан гөрі зияны көп екені туралы аят түсті (Бақара, 219). Одан кейін мас күйінде намазға жақындамау (Ниса, 43-аят) туралы бұйрық келді. Ең соңында араққа мүлде жуымау хақында (Мәйда, 90-91-аяттар) түбегейлі шешімі бекітілді. Яғни, Ұлы Жаратушы адам баласын өзі жаратқан соң, пендесінің потенциалын бізден әлдеқайда артық біледі. Осы себептен де алғашқы алғадай мұсылмандардың (салафилер) өзін ішкіліктен біртіндеп тыйған еді. Дініміздегі сенім жүйесін реттейтін «ақида» бойынша «таклид» (еліктеу) дәрежесіндегі, яғни Бір Жаратушының бар екеніне әлі ақыл-түйсігімен көз жеткізбей, өзгелерге еліктеп Тәңірге мойынсұнған пенде де иман келтірген мұсылманның сапына жатады. Әйтсе де, «иақини» (айқын) дәрежеге көтерілген адам әлі рухани жетілмеген санаттың өкілі саналады. Жалпы, «тақхихи» (берік иман) дәрежеге көтерілгенге дейін адам баласының көңіл қойнауы нұқсансыз, аппақ айдын болмысқа айнала алмайды. Яғни, адамның Тәңірге деген сенімі де бірте-бірте күшейіп, кемелденеді. Осы себептен де, діннің бір парасын құрайтын ахлаһ ілімінде де мінез-құлықты тәрбиелеуді сатылап көрсеткен. Адамның рухани деңгейін анықтайтын бұл сатылардың әрбірінің өзіне тән табиғаты болады. Осы рухани қабаттардағы табиғи бітім-болмысқа қарай адам баласы күнә мен сауапты амалдар жасайды