Ақтауда ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық акциясы бойынша 430-баспана кілті көпбалалы отбасыға берілді.

Еске салайық, 2020 жылы үйсіз отбасы мешітке келіп, Мұнайлы ауданының Алау тұрғын-үй массивінде жер телімі бар екенін, бірақ үй тұрғызуға қолдағы азғантай қаражаты жетпейтінін айтып көмек сұраған болатын. Жергілікті имамдар 5 бала өсіріп, жеке үйі болмағандықтан, пәтер жалдап күн кешіп жүрген отбасының жанайқайын жамағатқа жеткізіп, жиналған қаражатпен 2020 жылдың қыркүйек айында үйдің құрылысын бастап кеткен еді.

«Көп түкірсе – көл» демекші, қалалық «Бекет ата» мешіті имамдарының үніне құлақ асқан жомарт жандардың және елдің демеушілігінің арқасында үй құрылысы аяқталып, Дүйсенғалиевтар отбасы жаңа шаңырақтарына көшірілді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Шекара шебінде мешіт салынып жатыр

Игі іс-шараға қалалық «Бекет ата» мешітінің бас имамы Құрбанбек Абдалиев бастаған дін қызметкерлері қатысып, салтанатты түрде Дүйсенғалиевтар отбасына үйдің кілтін табыс етті.

«Бұл жанұя осы уақытқа дейін көп қиындық көрді. Енді міне соның бәрі артта қалып, жаңа баспанаға ие болды. Құтты қоныс болып, осы үйде  көпбалалы отбасы бақытты күн кешіп, саналы ұрпақ өсіре бергей», деді Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы Айдос Жамбылұлы.

5 бөлмелі жаңа үйде отбасына ыңғайлы жағдайдың бәрі қарастырылған. Ас бөлмесі, жуынатын бөлме, балалар мен қонақтарға арналған зал да бар.

Пікір жазу