Экстремистік іс-әрекеттерді саяси, діни және ұлттық деп үш топқа бөліпқарау халықаралық тәжірибеде біршама уақыттан бері қалыптасқан. Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы заңын» қарасаңыз да осы бөліністерді кездестіресіз. Дінтану сараптамасын жүргізуге қатысты нормативтік құқықтық актілер де осы бөлініске жүгінеді.
Заң мәтініне сүйенсек, саяси экстремизм деп Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертудi, егемендiгiн, оның аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн бұзуды, мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiрудi, үкiметтi күшпен басып алуды немесе үкiметтi күшпен ұстап тұруды, заңсыз әскерилендiрілген құралымдарды құруды, оған басшылық жасауды және қатысуды, қарулы бүлiк ұйымдастыруды және оған қатысуды, әлеуметтік, тектiк-топтық алауыздықты қоздыруды танимыз.
Ұлттық экстремизм – нәсілдiк, ұлттық және рулық алауыздықты, соның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыру әрекеттері. Ал дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты, соның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыру, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, имандылығына немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез келген дiни практиканы қолдану немесе сол мақсатты көздейтін іс-әрекеттер ұйымдастыру діни экстремизм белгілерінен саналады.
Дегенмен осы тұста мына жайтқа да назар аударған жөн. Біз әдетте «Шетін көзқарас дінге жат», «Дінде экстремизм де, терроризм де жоқ» дегенді үнемі айтамыз. Осы бағытта мемлекет тарапынан сансыз көп ақпараттық ағарту жұмыстары ұйымдастырылуда. Оған дәстүрлі діндер өкілдері де лайықты дәрежеде үн қосып отыр. Сөйте тұра біз «діни экстремизм» және «діни терроризм» деген тіркестерді ойланбай қосақтап қолданудамыз. Бұл ұғымдар, жоғарыда куә болғанымыздай, заңнама мәтіндерінде де сайрап тұр.
Мемлекет азаматтарын қайшылықты ұғымдар мен көзқарастардан арашалау, қоғамдық пікірді дұрыс қалыптастыру үшін кезең-кезеңімен күрделі ұғымдарды қайта қарап отыру қажет. Осы орайда бірінші кезекте «діни экстремизм» және «діни терроризм» ұғымдарын қайта қарап, лайықты анықтамасын қалыптастыруымыз қажет сияқты. Шетін көзқарастарды дінге өз қолымызбен жақындатып, дін атын жамылған құбылыстарды «діни» деп танығаннан ұтарымыз жоқ, ұтыларымыз көп болмақ.