Ақида ілімі – Матуриди және Әшғари мектептері

    0
    431

     

     Ислам дінінде сенім жүйесін «Ақида», ал осы салаға қатысты мәселелерді зерттейтін ғылымды «калам» дейді. «Ақида» – дініміздегі басты тұжырымдарды құрайтын сенім жүйесін меңзейді. Алла тағалаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алла тағаланың жаратуымен болатындығына, өлгеннен кейін қайта тірілудің хақ екендігіне дұрыс сену осы ақида саласы зерттейтін негізгі мәселелерге жатады.

    Матуриди мектебінің негізін қалаушы самарқандық Әбу Мансур Матуриди, ІX ғ. соңы мен X ғ. басында Мауранаһрде шиит ағымының бір тармағы исмайылиттер ағымына жауап ретінде өмірге келген ілім. Бертін келе мұсылман шығысындағы мемлекеттерге де тарады. Матуриди ілімінің кең жайылуына оның ақида (сенім) мәселелерінде Қасиетті Құран және хадиспен қатар ақыл мен пайымға да өз кезегінде орын беруі қолдау тапты. Сенім мәселелерін талқылау әрі қамту тұрғысынан Әбу Ханифаның ілімінен көп сусындаған Матуриди оған жиі-жиі жүгінетін.

    Ал, Әшғари мектебінің негізін салған Әбул Хасан Әли ибн Исмайыл (873-935) еді. Әшғарилер муғтазилиттерге қарсы жауап беру үшін Құран мен хадистерге қосымша философия мен логика тәсілін пайдаланған.

    Қазір әлемдегі тоқсан пайыз сунниттердің 87 пайызын «Матуридилік» пен «Әшғарилік» мектебіне қарасты «Әһли сунна уәл-жамағат» құрауда.

    Кемеңгер ғалым Әбу Мансур әл-Матуридидің қаламға алған бірнеше кітаптары болғанымен соның ішінде ең танымал еңбегі «Китабут — Таухид», тәпсір саласында − «Тауилатул Құран». Сол заманның үрдісіне сай ол басқа да ғылым салаларымен айналысып, көп шәкірттер тәрбиелеген. Келе-келе X ғасыр басында Маураннаһрда осы Матуриди мектебі қалыптасты.

    Бүгінгі күні аталмыш сенім мектебін Орта Азия, Үндістан, Пәкістан, Шығыс Түркістан, Малайзия, Индонезия, Кавказ, Ресей, Түркия, Таяу Шығыс және басқа да аймақтарда өмір сүріп жатқан мұсылмандар ұстануда.

    Имам Матуридидің кейбір маңызды еңбектерінің бізге жетпеуінің негізгі себебі – Мауараннаһ өлкесінде жаугершілік толастамағандықтан. Матуридилік ілім мұрасын зерделеуде жерлесіміз, Тараз перзенті Һибатулла ат-Таразидің (1271-1334) де еңбегі маңызды. Матуриди ілімінде діни сенім (ақида) мәселелерінде Қасиетті Құран мен хадис, ақыл мен пайымды, логиканы біртұтас қарастыруға назар аударылады. Сондықтан да ол Ханафи мәзһабының сенім тармағын зерттейтін сала ретінде қалыптасқан.

    Ханафи мәзһабының ғалымдары Имам Матуридидің көзқарасы мен Имам Әбу Ханифа көзқарасы толық үйлесетіндігін қабыл еткен. Имам Матуриди, өз кезегінде бүкіл күш-жігерін әһли сунна жолын қорғауға және мұсылмандарды осы мәзһаб туы астында жинауға сарп еткен.

    Ғылыми-ағартушылық бағыт

    Ислам озық ой мен прогресстің діні ретінде қай кезде де ғылыми-ағартушылық бағытты негіз етіп алды. Сондықтан да алғашқы күннен адамзатты білімге, оқуға үндеді. Құранға үңілумен қатар мына алып ғалам кітабын да қоса зерделеуге шақырып, Ұлы Шебердің құдіретіне саналы түрде бас идірді. Қасиетті Құранның алғашқы аяты «Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп басталуы да ойланғанға ғибрат.

    Құрандағы «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмар» сүресі, 9-аят); «Бұлардың ішіндегі ғылымға бойлағандарға зор сый береміз» («Ниса» сүресі, 162-аят); «Сондай-ақ, құлдарынан (ең алдымен) ғалымдар Алладан қорқады» («Фатыр» сүресі, 28-аят); «Раббым, білімімді арттыра гөр!» («Таһа» сүресі, 11-аят) деген аяттарды, сондай-ақ, «Ғалымдар – пайғамбарлардың мирасқорлары» (Әбу Дәуіт), «Тал бесіктен көр бесікке дейін білім іздеңдер» (әл-Ажлуни), «Білім мұсылман әйелге де, ерге де парыз» (Ибн Мажа. Мұқаддима 17), «Ілім үйренуге шыққан адам Алла жолында» (Муслим, Зикр 38) деген секілді хадистерді көкейге түйген мұсылмандар ілім үйренуге талпынып, сауаттылықты барынша жаюға тырысқан. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) он мұсылманға оқу-жазу үйреткен тұтқындарды босатып, суффа сахабаларын мешітке жинап, тек қана іліммен шұғылдануға жұмылдырған.

    Исламдағы алғашқы ілім ошағы әл-Масжиду-л Набауимен басталған. 830 жылы халифа әл-Мамун тұрғызған Бағдаттағы әйгілі «Бәйту-л хикма» осының бірі. «Бәйту-л хикма» (оқу-ағарту үйі) аударма орталығы, кітапхана, сондай-ақ алғашқы жоғары оқу орны рөлін де атқарған. Тіпті «Бәйту-л хикмаға» қарасты арнайы обсерватория да салынған. Бұл кезеңде тараған обсерваториялар бір жағы астрономия пәнін үйрететін мектеп қызметін де атқарған.

    Бағдатта уәзір Низаму-л Мүлк тұрғызған «Низамия» медресесі сол кезеңнің ең озық, ең ірі оқу орны міндетін атқарған. Андалусиялық әмауилер мен Бәни Ахмар мемлекетінде де оқу-ағарту жұмыстарына көңіл бөлінген.

    Аббасилер кезеңінде білім басты назарда болған. Халифа Һарұн ар — Рашид Анкараны өзіне қаратқан кезде, сондай-ақ халифа әл-Мамун Византия императоры Мишель ІІІ-ті жеңгенде, екі халифа да төлем ретінде ақша емес, көне жазбаларды талап еткені ой саларлық.

    Әсіресе, Умеядтар кезеңінде Иран, Үнді, Сирия, грек тілдерінен көптеген еңбектер арабшаға аударылған. Ежелгі грек тілінен Аристотель мен Гелен, Птолемей, Пифагор, Евклид, Гиппократ, Платон, Архимедтің өлмес-өшпес шығармалары, парсы және санскрит тілдерінен де терең ой, парасатқа шақыратын талай асыл дүниелер араб тіліне аударылды. Оларға түсіндірмелер жасалды. Аударма жұмыстары Аббасилар кезеңінде тіпті үдеген. Аударудың арқасында көне мәдениеттермен кеңінен танысқан мұсылман ғалымдары бұл мәліметтерді өз білімдерімен байытып, жетілдіре түскен.

    Ислам әлемінде ғылыми жұмыстар мәселесінде Андалусия әмауилері озып шыққан. Бағдат пен Кордовадан бастап, Ислам әлемінің қалаларында кітапханалар мен медреселер көптеп бой көтерген. VIII-ХІІ ғасырларда ғылымның дамуы тұрғысынан мұсылмандарға жетер ешкім болмаған. Еуропадағы мәдениеттің қалыптасуына, ренессанс пен реформалық қозғалыстарға Ислам мәдениеті зор үлес қосқан. Мұсылмандар тәпсір, қирағат, фиқһ, калам, хадис секілді ислами білімдерді дамытқан. Тәпсірде әт-Табари, әз-Замахшари, Ибн әл-Араби, Фаһр ад-дин әр-Рази, Ибн әл-Касир сынды ғалымдар көзге түссе, фиқһта Әбу Ханифа, Имам Мәлик, Имам Шафиғи, Ибн Ханбал секілді білімге ерекше терең бойлаған ғалымдар шыққан.

    Калам саласында Имам әл-Ғазали, Ибн әл-Арабилер өз қолтаңбасын қалдырса, хадис саласында Имам әл-Бұхари, Имам Тирмизи, Имам Муслим, Мәлик ибн Анас сынды білгірлер алдына жан салмаған. Мұсылмандар ислами ілімдермен қатар медицина, математика, астрономия, химия, философия, тарих, география секілді жаратылыс пәндерін де дамытқан. Әсіресе халифа Һарұн ар-Рашид пен әл-Мамун кезеңдерінде мұсылмандар білімде ешкімге ат оздырмаған. Әр салада әлем мойындаған озық ғұламалар жетілген. Айталық, медицинада Әбу Бәкір ар-Рази, Ибн Сина; математикада әл-Хорезми, Ибн Жамшид әл-Бируни, Омар Хаям; химияда Жабир ибн Хайян, әл-Мақсиди; пәлсапада Әбу Насыр әл-Фараби, әл-Кинди; астрономияда әл-Баттани, Али Кушжи; тарихта ал-Масуди, әт-Табари, Ибн Халдун; географияда Ибн Баттута, Ибн Хаукал т.б.

    Тарихқа үңілсек, батыстықтардан бұрын көптеген ғылыми жаңалықтарды мұсылман ғалымдардың ашқанына куә боламыз. Айталық, алғаш күн сағатын ойлап тапқан Жабир ибн Әфлаһ (орта ғасырда), атом бомбасы жайлы алғаш түсінік берген Жабир ибн Хайян (721-805), автоматтық жүйені алғаш ойлап тапқан Жазари (1136-1206), зоологиялық энциклопедия кітабын жазған Мұхаммед ибн Мұса (1349-1405), тригонометрияға тангенс, котангенс, синус және косинус заңдылықтарын қосқан Әбул Уафа (940-998), алгебра кітабын жазған әл-Хорезми (780-850), агрономия саласында тұңғыш еңбек жазған Ибн Аууам (ХІІ ғ.), алғашқы қағаз фабрикасын құрған Ибн Фазыл (739-805), ішек, құрт микробын тапқан Камбур Уасим (?-1761), Жер шарының диаметрін алғаш өлшеген Мұхаммед ибн Мұса, алгебрадағы «Бином» формуласын тапқан Омар Хайям (?-1123), қазіргі дүниежүзі картасына өте жақын кейіпте дүниежүзі картасын сызған Пири Рейс (1465-1554), алғаш ұшақ жасаған Ибн Фирнас (?-888), тұңғыш рет компасты ойлап тапқан (Кабажаки ХІІІ ғ.), тарих ғылымын алғаш жүйелеген Ибн Халдун (1332-1406), химия саласында Кантитаф тәсілін ашқан Әбул Қасым әл-Каши (?-1436), 1000 жыл бұрын майда тамырларды тауып, алғаш рет рак ауруына операция жасаған Әли ибн Аббас (?-994) секілді жүздеген ғалымдар мұсылмандар еді (Жолдыбайұлы Қ. «Күдікпен күрес»).

    Қазақ халқы исламды тек қабылдаушы ғана болып қалған жоқ, сонымен қатар біз Ислам өркениетін байытуға үлес қосқан халықпыз. Ислам дінінің тарауы арқылы қазақ жерінде де ғылым дами түсті. Тіліміздегі «қалам, дәптер, кітап, мектеп, ұстаз, мұғалім, медресе» сынды ғылымға қатысты сөздердің араб тілінен енгендігі исламның жерімізде ғылымның дамуына қаншалық оң әсер еткендігін аңғартса керек. Ислам діні келгеннен кейін еліміз аумағында көптеген әлемге атақты ғалымдар шықты.

    Мысалға  айтқанда, Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан даналар ішінде Әбу Нәсір әл-Фараби (870-950) – ғылымның барлық саласы, Әбу Райхан әл-Бируни (973-1048) – әсіресе география, Әбу Әли Ибн Сина (980-1037) – медицина, Ұлықбек (1394-1449) – астрономия, Әбу Ибраһим Исхақ әл-Фараби (951-?) мен Исмайл әл-Жауһари әл-Фараби (?-1002) араб тіл білімі Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-155) тарих филология ғылымдарына өзіндік үлес қосса, бұлармен қатар Исфиджаб-Сайрам, Йасы-Түркістан, Тараз бен Сығанақтан шыққан асыл перзенттеріміз де мұсылман заңы мен хадистану, тәпсір секілді ислами ілімдер саласына қалам тербеп, Ислам мәдениеті мен ғылымынан өзіндік орын алды. Бұл біздің даламызға тән Ислам жолының басым бағыттарының бірі ғылыми-ағартушылық бағыт болатынын көрсетуде.

    Йасы ғұламалары

    Түркі даласына Исламның жетуі мен тарауында Йасыдан шыққан ғұламалардың еңбегі зор. Әрине солардың ішінде түркі әлеміне танымал Қожа Ахмет Йасауидың (993-1167) орны бөлек.

    Тарихқа қарасақ, орта ғасыр Ислам өркениеті мен мәдениетінің ықпалы күшейген кезең екенін көреміз. Хорасан аймағынан бастау алған сопылық бағыт қазақ жерінде де қанат жая бастады. Осы тұста өмір сүрген Қожа Ахмет Йасауи бүкіл күш-қайратын ізгілік жолына  арнап, тек қана ақиқатты жырлады. Бүкіл түркі жұртын татулыққа, тазалыққа үндеді. Ислам дінінің өлмес-өшпес құндылықтарын дәріптеді.

    Ахмет Йасауи өз трактаттарында мұсылмандарды көркем мінезді болуға шақырды. Өмірдің жалғанды-ғы, ақыреттің негізгі өмір екендігін түсіндіретін, бұл дүниеде жасалған әрбір іске ақыреттік сауал болатыны секілді Құранмен үндесетін ақиқаттарды тілге тиек етті. Сол арқылы түркі халықтарының ақиқатқа көзін ашып, Аллаға деген құрметін арттыра түсті, исламға деген танымын кеңейтті. Сондай-ақ, сопылық жолдың да негіздерін дұрыс түсіндірді. Шариғат, тариқат, ақиқат, мағрифат ұғымдарының маңыздылығына тоқталды.

     Йасауи өз хикметтерінде тасаууф ілімі туралы кең мәлімет беріп, оны шын мәніндегі ілім ретінде жоғары бағалады. Түркі тілдес халықтар арасына Ислам діні сопылық жол арқылы кең тарады. Сопылық жол да өз арасында бірнеше тариқаттардан тұрды. Әрине шынайы сопылық жолды ғалымдарымыз қолдаған. Қожа Ахмет Йасауиді ешбір түркі халықтарының жекешелендіруіне және Йасауи жолын жеке пайданы діттейтін, жікке бөлу секілді теріс мақсатқа пайдалануға жол бермеу керек.

    Йасы шаһарынан Қожа Ахмет Йасауидан басқа да көптеген дана-ғұламалар шықты. Абд ал-Хаий әл-Хасани әл-Һинди өз еңбегінде осы Йасы – Түркістаннан шыққан бірқатар ойшылдардың аттарын атайды. Олар Әбул Аббас Ахмед бин Мұхаммед әл-Йасауи, әш-Шейх Шамс ад-Дин Ахмед бин Абд әл-Мумин әт-Түркімани әл-Банипати, Шейх Мырза Камил бин әш-Шейх Ахмед бин Мәлик әл-Йасауи Ташқанди, Шейх Ахмед бин Мұстафа ибн әл-Муин әр-Рафиқи әл-Кашмири, әш-Шейх Мұхаммед бин Мұстафа бин әл-Муин әр-Рафиқи әл-Кашмири, Шейх Таййб бин Ахмед ар-Рафиқи, әш-Шейх Маулана Абд Алла әл-Кашмири, Маулана Нұр әл-һуда бин Абд Алла бин Мұхаммед Фадл әл-Йасауи, Абд әл-Уәли әт-Тархани әл-Кашмири, Мүфти Абд әл-Мумин әл-Кашмири, Имам Замини Түркістани. Бұлардың түп-негізі Йасылық болғанымен, өмірлері мен қызметтері Үндістан және оның уалаятының бірі Кашмирде өткен.

    Мұнда да кездейсоқтық жоқ. 1998-1999 жылдары мен орта ғасырларда Кашмирдің әміршісі болған, дулаттан шыққан Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің (1499-1551) қалай қаза тапқаны, жерленген жерін анықтау үшін Кашмирге бірнеше рет барғанымда осы ел ғалымдары Ислам дінінің Үндістанға, әсіресе Кашмирге біржола орнығуына, Орта Азиядан шыққан түркілердің (біздің ата-бабаларымыздың) үлкен рөл атқарғанын, сол кезеңде 700-ге жуық Мауараннаһр сопыларының Үндістанға келгенін айтып еді. Мен ол сөздерге әуелде онша мән бере қойған жоқпын. Кейінгі зерттеулерім нәтижесінде оның ақиқаттығына көзім анық жетті.

    Діни келісім – тыныштығымыздың кепілі

    Жер шары – ортақ мекен. Оны сақтау адамзат алдында тұрған аса күрделі мәселе. Осы мақсатты алға қойған қаншама ресми институттар оның шешімін таба алмай бас қатыруда. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Астанада 2003 жылғы қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары құрылтайының ашылуында сөйлеген сөзінде: «Халықтардың, діндердің, мемлекеттер мен үкіметтердің бейбіт қатар өмір сүруі мен сындарлы өзара іс-қимылы туралы мәселе қазіргі кезде ерекше өзекті маңызға ие. Ол таза теориялық аядан аса маңызды практикалық міндеттер қатарына шықты. Сондықтан да көптеген аса көрнекті саяси және діни қайраткерлердің күш-жігерімен, шынтуайтында, байырғы заманнан қазіргі күнге дейін тоқталмаған діндердің, мәдениеттердің, өркениеттердің үнқатысуын жалғастыру ерекше қажет», – деген еді.

    Бүгінгі алмағайып та қым-қуыт дүниеде бейбітшілік пен ынтымақ күшейіп, дамуы үшін дәстүрлі діндераралық үнқатысу мен төзімділіктің мән-маңызы жоғары. Әлемдік тарихта бұрын-соңды бір үстелдің басында көптеген дін басшыларының бас қосып, үн қатысуы, өздерін толғандырған ойларын ортаға салуы, бір-бірін сабырлықпен тыңдап, түсінісуіне біздегідей мүмкіндік тумапты. Еліміздегі дәстүрлі дін өкілдері арасындағы ортақ келісімдер мен басқосулар осындай ерекшелігімен құнды. Өркениетаралық үндесулердің дамуы мен конфессияаралық диалог мәдениетін қалыптастырудағы бұл оң бастама алдағы уақытта да еліміздің діни жолындағы басымды бағыт болып қала берері сөзсіз.

    ТҮЙІН

    Ислам діні сан ғасырлардан бері мемлекеттің тірегі ретінде ақыл мен парасаттың, озық ғылым мен ұлы өркениеттің, мәдениет пен татулықтың діні қызметін атқарып келеді. Ата-бабаларымыз таңдаған ұлы жол қай кезде де елді бірлік пен ынтымаққа шақырып, тәрбие мен өнегеге бастады. Салтымызға сіңіп, дәстүрімізге айналды. Қыз ұзату, шілдехана, тұсаукесер, сүндет той, келін түсіру, баланы қырқынан шығару секілді салттарымыздың қай-қайсысы да мұсылмандық таныммен әдемі үйлесуде.

    «Үлкенге құрмет, кішіге ізет», «Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без», «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» сынды тәрбиелік мақалдардың көпшілігі мұсылмандық этикамен тығыз астасып жатыр. Сондықтан ұлт тәрбиесінің мәйегі болған дініміз алдағы уақытта да осы жүрісінен жаңылмақ емес.

     Баршамыз мақтаныш тұтатын кешегі өткен Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани (1286-1357), Һибатулла әт-Тарази, Хусам ад-дин әс-Сығнақи және басқа да Сығнақ пен Кердер ғалымдары, Тараз бен Отырар ғұламалары, берісі Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп т.б. – бәрі де  фиқһта Ханафи мәзһабын, ақидада (сенімде) Матуриди мектебін ұстанған. Сондықтан о бастан сунниттік екеніміз, іс-амалда Ханафи мәзһабы мен сенімде Матуриди жолын таңдауымыз ұлт ретін-де ұйысып, мемлекет ретінде дамуымызға тың серпін берген.  Ендеше, бүгінгі күні ұсақ-түйекті таласқа айналдырмай, дінде де ата-бабамыз салып кеткен сара жолды ұстануымыз аса маңызды.

    Күні кеше ғана Елбасымыз Ислам ынтымақтастығы конференциясында жасаған баяндамасында мұсылмандар арасынан ғылымда ат оздырып, Нобель сыйлығын алғандардың жоқтығына қынжылыс білдіріп, қоғамды рухани әрі ғылыми жаңаруға үндегені белгілі. Сондықтан алда-ғы уақытта ғылыми-ағартушылық бағыттан таймау, ел тыныштығын күзетіп, діни төзімділік негізінде өзге дәстүрлі дін өкілдерімен де жарастықта өмір сүру, тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіте түсуге жұмыс жасау – біз ұстанатын діни жолдың негізгі бағыты һәм асыл мақсаты болмақ.

    ШЕЙХ ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ДЕРБІСӘЛІ

    Пікір жазу