Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шарифтың «Қазақстандағы діни сенім бостандығы» атты конференцияда сөйлейген сөзі (19 наурыз 2013 жыл, Астана қаласы)
Құрметті конференцияға қатысушылар, шақырылған қонақтар, ханымдар мен мырзалар!
Діни сенім бостандығы – бұл демократияшыл қоғамның іс-әрекет етуінің қажетті өмірлік шарты, адамның құқықтары мен бостандықтары жүйесінің негізгі элементтерінің бірі болып табылады. Діни сенім бостандығы мәселесі көпконфессиялық мемлекет саналатын Қазақстан үшін әрдайым маңызды болып қала бермек.
Міне, соңғы 20 жылдың ішінде Қазақстан дін саласында демократиялық негіздерді бекіту жолындағы өзінің жеткен жетістіктерімен мақтанады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабында «Әркiмнiң ар-ождан бостандығына құқығы бар» деп анық көрсетілген. Ар-ождан бостандығы – бұл жеке адамның ажырамас абсолюттік құқығы болып табылады және ешбір жағдайларда шектеулерге жатпайды.
Діни сенім бостандығы феноменінің маңыздылығы халықаралық тәжірибеде де танылған. 1948 жылы БҰҰ қабылдаған Жалпыға бірдей адам құқығы жөніндегі декларацияның 18-бабында «Әркімнің ойлау, ар-ождан және дін бостандығына құқығы бар» деп көрсетілген.
Жалпыға бірдей адам құқығы жөніндегі декларацияның 29-бабында заңда тек қана басқалардың құқықтары мен бостандықтарын тиісінше тануды және құрметтеуді қамтамасыз ету және демократияшыл қоғамдағы адамгершілік, қоғамдық тәртіп пен жалпы әл-ауқат талаптарын қанағаттандыру мақсатында белгіленген адам құқықтары мен бостандықтарын шектеулерге ғана жол беріледі.
Қазіргі кезде Қазақстанда дін саласындағы сараланған мемлекеттік саясат және діни конфессиялардың бір-бірімен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы жүргізілуде. Қазақстан Республикасы – зайырлы, демократиялық мемлекет және мұнда әрбір адамға ар-ождан бостандығына кепілдік беріледі, сондай-ақ барлық конфессиялардың ұстанушылары заң алдында тең.
Жас Қазақстан мемлекетінің алғашқы заңнамалық актілерінің бірі – Қазақстан Республикасының 1991 жылғы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңы болып табылады. Бұл заңда тәуелсіз Қазақстанның конфессиялық саясатының жоғарыда көрсетілген басты қағидаттары белгіленген еді. Конфессияаралық тұрғыдағы келіспеушіліктердің мүлде болмауы – өткен 20 жыл ішіндегі басты жетістігіміз десек артық болмас. Ал бұл көрсеткіш полиэтникалық, поликонфессиялық мемлекет үшін өте маңызды. Одан басқа, Қазақстан өзін халықаралық майданда ғаламдық біріктіруші, өңірлік, континентті және әлемдік деңгейдегі сұхбат алаңдарының бастамашысы ретінде таныта білді. Қалай болғанда да Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу дәстүрі Қазақстанның жаһандық брендіне айналды.
Алайда, уақыт көрсеткендей, аса демократиялық діни заңнамада іске асырылған діни сенім бостандығы қағидатын дәріптеу – белгілі бір деңгейде еліміздің Қазақстанға дін атын жамылған экстремизм мен терроризмнің еніп кетуі, халықтың дәстүрлі құндылықтарының бұзылуы сияқты бірқатар сынақтар мен жаңа қауіп-қатерлер алдында әлсіз болуының себебіне айналды.
Мұндай жағдай 2011 жылдың қазан айында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа Заңын қабылдауға себепші болды. Заңда мемлекеттің діни алаңда болып жатқан үдерістерге белсенді қатысуына қоғам тарапынан қойылатын талаптар қамтылған. Ең алдымен, кейбір тарихи-мәдени нақты болмыстарды ұғынудың және көпшіліктің мойындауының қажеттілігі белгілі болды. Міне, сондықтан да заңның преамбуласында Қазақстан тарихында ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың тарихи рөлі айрықша көрсетілген. Бұл зайырлы мемлекет бола тұрса да, стратегиялық маңызды бұл саланың өзекті проблемаларын шешуден бойын аулақ ұстай алмайтын елдің діни саясатында белгілі бір басымдықтарды белгілеу мақсатында жасалып отыр. Жетекші дінтанушылардың пікірінше, дәстүрлі болып саналатын ислам мен православ діндерін догматизмдегі барлық айырмашылықтарға қарамастан, әлеуметтік-саяси аспектіде, олардың мемлекет институтына деген қарым-қатынаста ұқсастығы байланыстыратынын айта кеткен жөн.
Біздің ойымызша, мемлекеттің дінге қатысты саясаты ар-ождан бостандығы конституциялық қағидаттарын және заң алдындағы барлық діни сенімдердің теңдігін іске асыруды қоғамдық қауіпсіздік мүдделерін қамтамасыз етумен, Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасын, оның дәстүрлі рухани құндылықтарын сақтау мен дамытуға баса назар аударумен тығыз байланыстыру қажет.
Мемлекет өз алдына бостандықты теріс пайдалануға жол бермеуге және жеке тұлғаға, қоғам мен мемлекетке төнетін қауіп-қатерлердің алдын алуға жағдай туғызатын тиімді құқықтық тетіктерді құру мақсатын қойды. Бұл жерде әңгіме кейбір радикалдық, экстремистік сипаттағы ұйымдардың құқыққа қайшы қызметі жайында, өшпенділік пен алауыздықты өршітуге, дінге көзқарасына байланысты немесе қандайда бір әлеуметтік топта болғаны үшін адамның не оның топтарының ар-намысын қорлауға бағытталған қызмет жөнінде болып отыр.
Одан басқа, Қазақстан заңнамасында ел аумағында отбасын бұзушылықпен, денсаулық пен имандылыққа нұқсан келтірумен ұштасатын діни бірлестіктер қызметіне жол берілмейтіні туралы ережелер бар.
Бұл қағидаттар 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының тұжырымдамалық негіздері болды.
Заң қабылданған уақыттан бері елімізде діни қатынастарды реттейтін жаңа құқықтық база қалыптасты. 2012 жылы діни қызметтің және діни бірлестіктердің жұмыс істеуінің құқықтық аспектілерін реттейтін заңға қосымша нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Атап айтар болсақ, Үкімет тарапынан мынадай қаулылар қабылданды:
– миссионерлік қызметті жүзеге асыру;
– дінтану сараптамасын жүргізу;
– ғибадат үйлерін салуды және ғибадат үйлерін, ғимараттарын діни бірлестіктерге беруді келісу;
– республика аумағындағы шетелдік діни бірлестіктердің қызметін, шетелдік діни орталықтардың Қазақстан Республикасындағы діни бірлестіктер басшыларын тағайындауын келісу.
Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында діни бірлестіктерді құрудың, мемлекеттік тіркеудің, қайта ұйымдастыру мен таратудың тәртібі бір жүйеге келтірілген.
Аталмыш Заңға сәйкес Қазақстан аумағында әрекет еткен барлық діни ұйымдар 2012 жылдың 25 қазанына дейін міндетті тіркеу немесе қайта тіркеу үдерісінен өтуге тиіс еді және де бәрі ойдағыдай өтті.
Діни бірлестіктерді тіркеу мемлекет үшін де, қоғам үшін де діни бірлестіктер қызметінің айқындылығын, ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет болды. Жаңа заң қабылданғанға дейін бұл шарт толық орындалмаған және осының салдарынан бірқатар күрделі проблемалар туындаған болатын.
Діни ұйым тіркеуден өткен соң және заңды тұлға мәртебесін иемденгеннен кейін құқықтық негізде қызмет етіп, мемлекет пен қоғам алдында өзіндік құқықтар мен міндеттерге ие болады.
Көпшілікке мәлім, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заңға сәйкес әрбір діни ұйым өз ұстанушыларының саны жеткілікті екенін, яғни құрамына кем дегенде 50 адам жинай алатын мүмкіндігін дәлелдеуі тиіс. Мәселен, Чехияда жаңа шіркеуді тіркеу үшін кемінде 10 мың адамды жинай отырып, кворум құру талап етіледі, ал Австрияда – кемінде 16 мың адам, Румынияда – кемінде 20 мың адам болу шарт.
Діни бірлестіктерді қайта тіркеу туралы әңгімемді қорытындылай келе айтарым, бұл іс-шара «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының ережелерін іске асыру жолындағы маңызды қадам болды және де Қазақстанның конфессиялық кеңістігін құрылымдап, бір жүйеге келтірді.
Діни бірлестіктердің саны мен ұстанатын діні туралы жаңа деректер алынды. 2011 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде тіркеуде 4551 діни бірлестік болғаны белгілі. 2012 жылдың 25 қазанында аяқталған қайта тіркеуден кейін олардың саны 3088-ге дейін қысқарды. Ресми тіркеуден өтпеген бірлестіктердің көпшілігі мүшелері тым аз болғандықтан немесе басқа да себептермен іс жүзінде жұмыс жасамаған. Осылайша, тіркеу тек ахуалдың заңды жағын объективтік шындыққа сәйкес келтірді. Одан басқа, кейбір діни бірлестіктердің құрамы үлкейді, соның арқасында олардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы жеңілдетіліп, ретке келтірілді.
Сондай-ақ, Қазақстанда 46 конфессияның 17-сі ғана заңды деп танылды. Айта кету керек, бұл көрсеткішке қол жеткізуге бірлестіктер санының қысқаруы емес, діни бірлестіктерді қайта тіркеу кезіндегі ғылыми, дінтану көзқарас тұрғысынан олардың жіктелуі ықпал етті.
Өз ұлттық бірдейлігін белсенді қалыптастырып жатқан жас мемлекеттегі діни сенім бостандығы туралы сөз қозғай отырып, адамдардың тарихи-мәдени тұрғыда қалыптасқан дінді тастап, басқа, тіпті көбіне еліміз үшін дәстүрлі емес саналатын діндерге кетуі прозелитизм деп аталса, осы сияқты шетін мәселені қозғамау мүмкін емес. Жалпы қоғамымызда адамдардың дәстүрлі емес, тіпті ресми түрде тіркелген конфессияларды тұтынуына теріс көзқарас қалыптасқаны жасырын емес. Осыдан дилемма туындайды: ұлттың рухани бірлігі маңызды ма әлде жеке адамның таңдауға құқығы маңызды ма?
Бір отандық сарапшының жақында айтқан теңеуі өзіме ұнады. Мысалы, Қазақстанның болашағы бағдарлы, келешегі кемел, білімді жас азаматы Қазақстаннан көшіп, тұрғылықты мекен жайын шетелге ауыстыру үшін құжаттар дайындап жатыр делік. Бұл еліміз үшін шығын ба? – Әрине, шығын. Бірақ оның бұған құқығы бар ма? – Әрине, бар. Бір жерден екінші жерге орын ауысу құқығына шектеу қойылмаған.
Ал егер сан мыңдаған жастарымыз осылай жасаса қайтеміз? Әлбетте, олардың әрқайсысының кез келген жағдайда жеке таңдауына құқығы бар, бірақ мемлекет бұған селқос қарамауы керек. Ол үшін мемлекет не істеу керек, елден шығуға тыйым салу қажет пе? – Жоқ, олай етуге болмайды! Сол себепті де бізге келешегінен үлкен үміт күттіретін, дарынды жастарымыздың өз тарихи отанынан кетпеуі үшін жағдай жасауымыз қажет. Адамның құқықтарын сақтай отырып, мемлекеттің ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету қажет. Бұл жерде әңгіме мемлекеттің аса ірі дәстүрлі діндердің айрықша рөлін тануы жөнінде болып отыр. Байқасаңыздар, мен дарынды жастарымыз туралы бекер сөз қозғап отырған жоқпын. Салыстырмалы түрде дәстүрлі емес діни бірлестіктердің құрамында абсолюттік көрсеткіш аз болғанымен, олардың қатарына әлеуметтік аутсайдерлермен бірге, ең белсенді және рухани дарынды адамдар, әсіресе жастар жиі кіріп кетіп жатады.
Бұл дегеніміз, бір ұрпақтан кейін еліміздің рухани жағдайы түбегейлі өзгеруі мүмкін. Бұл өзгерістердің біздің табиғи байлықтарымызды иемденуді көздейтін басқа елдердің емес, Қазақстан халқының мүддесіне қызмет ететініне күмән бар.
Кейде егер адамның мемлекетке көзқарасы түзу болса және ол заңдарды сақтаса, оның діни ұстанымы ешнәрсеге онша әсер ете қоймайды деген пікірлер жиі айтылып айтылады. Бұл үлкен адасушылық дер едім.
Қазірдің өзінде Қазақстанда да, кейбір көрші мемлекеттерде де прозелитизммен белсенді айналысатын діни ағымдардың ұстанушылары титулдық халық үшін қандайда бір конфессияның «дәстүрлігін» дәлелдеуге талаптанған елдердің тарихының балама нұсқаларын жасанды құрастырып, таратып жатқандығын көріп жүрміз.
Осындай айла-шарғының салдарынан ұлттық ой-сананың баламасы пайда болады. Басқаша айтқанда, проблемалар жиынтығы белгілі бір деңгейге жеткенде діни үдерістер дін шеңберінен шығып кетеді.
Сондықтан, кез келген тіпті ең дамыған зайырлы мемлекеттің бұған селқос қарауына құқығы жоқ.
Бұл ретте, тағы қайталап айтамын, тыйымдар мен шектеулер қоймай, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, ұлттық, соның ішінде тарихи сана-сезімді нығайту, халықтың өз рухани дәстүрлері мен құндылықтарына деген көзқарасын қайта қалыптастыру керек.
Құрметті конференцияға қатысушылар!
Жалпы, Қазақстанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңды және оған қосымша нормативтік құқықтық актілерді қабылдау және іске асыру – елдегі діни ахуалды жақсартуға, діни бірлестіктердің қызметін уақыт талаптарына сай келтіруге мүмкіндік бергенін мойындауымыз керек.
Діни негіздегі экстремизмнің алдын алу бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Мемлекеттік органдар тарапынан жасалып жатқан шаралар қоғам мүддесіне сай келіп, оларға халық пен сарапшылар қолдау көрсетуде.
Айта кету керек, Дін істері агенттігі өз тәжірибесінде сарапшылардың, соның ішінде шетелдік мамандардың және халықаралық ұйымдардың бағалауына сүйеніп жұмыс істейді. Жалпы алғанда, біз Заңның мазмұны мен оны қолдану тәжірибесіне қатысты оң пікірлер алудамыз.
Сонымен, «Астана Консалтинг Орталығы» қоғамдық қоры Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшілігінің тапсырысы бойынша жүзеге асқан «Қазақстандағы діни сенім бостандығын нығайту» атты жоба шеңберінде Заңның халықаралық стандарттарға сәйкестігін тексеру үшін талдау жасады. Сарапшылардың қорытындысы бойынша біздің Заң ЕҚЫҰ қабылдаған халықаралық стандарттардың негізгі қағидаттарына, сондай-ақ дамыған демократиялық мемлекеттердің тәжірибесіне сәйкес келеді.
Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңды іске асыру мәселелерін талқылауда ашықтық танытады. Бүгінгі конференцияға қатысушылардың басым көпшілігі Алматы қаласында 2012 жылдың 12 қазанында біздің Агенттік пен Астана қаласындағы ЕҚЫҰ-ның орталығы мен БҰҰ-ның Орталық Азия үшін Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасының өңірлік бөлімімен бірлесе өткізген дөңгелек үстел жұмысына да қатысты.
Бүгін біз Қазақстан Республикасындағы діни сенім бостандығы қағидаттарын іске асыру мәселелері бойынша сындарлы сұхбатты жалғастырамыз деген ойдамыз.
Назарларыңызға рахмет!